Ауыл шаруашылығы кооперативіне біріккен тиімді

Ақмола облысы үшін аса маңызды сала – агроөнеркәсіп. Облыс тұрғындарының басым бөлігі ауылда тұрады. Әрине, ауыл шаруашылығын дамытуды жаңа деңгейге көтеру, оның тиімділігін арттыру жөнінде атқарылған іс те, тындырылған тірлік те аз емес.

Осы күні ауыл шаруашылығында ұсақ тауарлы өндірісті дамыту басты мәселе болып отыр. Өйткені, шаруа қожалықтары үлесіне жалпы өнімнің 30 пайыздан астамы тиесілі және олардың 40 пайызында 10 гектардан аспайтын ауыл шаруашылығы жерлері бар.
Ұсақ ауыл шаруашылығы құрылымдарының өндірілетін өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселесін өз бетімен шешу, инновациялар енгізу, халықтың денсаулығы үшін қауіпсіз тамақ өнімдерін жеткізу және жоғары білікті мамандардың қызметтерін пайдалану мүмкіндіктері жоқ. Еліміз бойынша инвестициялардың жалпы көлеміндегі ауыл шаруашылығының үлесі 2,3 пайыздан аспайды. Шаруа қожалықтарының басым бөлігі тиімсіз жұмыс істейді.
Қалыптасқан тәжірибені негізге ала отырып, ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамыту «ұсақ тауарлылық» мәселесін шешудің негізгі бір жолы болып есептеледі. Ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру ұсынысы төменнен ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінен ерікті түрде шығу керек.
Алдағы уақытта 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілген Қазақстан Республикасының «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» Заңына сәйкес, еліміздің ішкі нарығында ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемін арттыруға жағдай жасайтын ауыл шаруашылығы кооперативтер жүйесін құру, ірі тауарлы өндірісті ұйымдастыру, ауылда қосымша жұмыс орнын құру және табыс деңгейін көтеру жолымен әлеуметтік мәселелерді шешу мақсатында ауылдық тауар өндірушілердің экономикалық әлеуетін, бәсекелестік қабілетін арттыратын болады.
Ауыл шаруашылығы кооперативі – бұл
2017 және 2021 жылдарға арналған агроөнеркәсіп кешендерін дамытудағы мемлекеттік бағдарламаның басым бағыттарының бірі.  Ақмола облысы аумағында асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуда ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру дұрыс жолға қойылған. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 16 мың ұсақ шаруашылықтар біріктіріліп, 185 кооператив құрылды.
Ауыл шаруашылығы кооперативтерінің жұмысын жандандыру мақсатында мемлекет тарапынан бірқатар жеңілдіктер қарастырылуда. Мәселен, мал бордақылау және егін шаруашылығымен айналысатын кооперативтерге субсидиялар төленеді. Сондай-ақ, салықтық жеңілдіктер қолдану, жеңілдікті несиелер мен ұзақмерзімді несиелерді пайдалану, мемлекеттік көмек қаржыларды алу, шығындарды өтеу, лизингіге техника алу, мүлікті кепілге салу үдерісін қарапайымдату тәрізді процедураларды іске асыруға қол жеткізіледі. Осылайша ұсақ шаруашылықтар бірігіп, мемлекеттен қолдау алуға зор мүмкіндік беріліп отыр. Мысал ретінде осыдан үш-төрт жыл бұрын Есіл ауданындағы Красивое селосында құрылған екі кооперативті алуға болады. Онда елуден астам отбасы біріккен. Осы мақсатта аталған елді мекенге алғашында Сандықтау ауданындағы Балкашин асыл тұқымды зауытынан қазақтың ақбас сиырының 5 бас бұқасы әкелінді. Кейін тағы бірнешеуі жеткізілді. Елбасы Жолдауы аясында қолға алынған мұндағы жобаның мақсаты – ауылдық жерлердегі мал тұқымын асылдандыру және ұсақ шаруашылықтардың басын біріктіре отырып, мемлекет тарапынан бөлінетін жеңілдіктерге қол жеткізу болып табылады. Бүгінгі таңда аталған елді мекендегі кооператив мемлекет тарапынан қолдауға қол жеткізіп, пайдасын көріп отыр.
Жалпы, 2016 жылдың қорытындысы бойынша облысымызда  құрылған ауыл шаруашылығы кооперативтері 800 миллион теңге көлемінде мемлекеттік қолдауға ие болды. Биыл облысымызда 38 сүт қабылдау бекеттері іске қосылады. Онда ауыл тұрғындары сүттерін өткізіп қана қоймай, мал шаруашылығын дамытуға алты пайызбен жеңілдетілген несие де ала алады. Осы мақсатта бюджеттен 2,7 миллиард теңгеден астам қаржы бөлініп отыр. Сонымен қатар, қазіргі қалыптасып отырған саяси-экономикалық жағдайға байланысты Елбасының талабы – халықты жұмыспен қамту мәселесі. Ірі өндірістік кооперативтерге біріктіріп арнаулы кәсіптерін тұрақты табыс көзіне айналдыру арқылы жұмыссыздық мәселесі шешіледі. Соның арқасында ауыл шаруашылығында өнім көлемін ұлғайтып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ете аламыз.
Бұл бастама сапалы отандық өнім экспорты бойынша бәсекеге қабілетті болмақ. Сондықтан, барша аудан тұрғындарына күш-жігерді біріктіруді ұсынамыз. Қазіргі кез жұмыла еңбек ететіндердің заманына айналуда. «Жалғыздың үні шықпас» дегендей, кәсіпкерлер үшін де мәселемен жалғыз айналысқаннан да, бірлесе шешкен тиімді. Шаруа қожалықтарының кооперативтерге бірігуі маңызды шара.
Сарапшылардың дерегі бойынша 5 жылдың ішінде республика бойынша 500 мың ұсақ шаруашылықтар кооперативтерге бірігетін болады. Бұл бағытта Ақмола облысында 2017 жылы тағы қосымша 18 ауыл шаруашылығы, 180 мал бордақылау алаңы және 18 сүт қабылдау орнын құру жоспарланған.
Өз кооперативтеріңізді құрыңыздар. Заң оған мүмкіндік береді. Кооперативке кіру арқылы қысқа мерзімде қаржыландыруға қол жеткізуге болады.

Қасым ИТҚҰСОВ,
облыстық ауыл шаруашылығы
басқармасы басшысының
орынбасары.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар