Ардагерлердің үйлерінде болды

«Нұр Отан» партиясының «Ардагерлерді ардақтайық»  партиялық жобасы аясында облыста Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагерлеріне қамқорлық танытылып, қолдау білдірілуде.

«Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы жанындағы «Жас Отан» жастар қанаты «Ардагерлерді ардақтайық» акциясы аясында «Денсаулық» бастауыш партия ұйымдары мүшелерінің қатысуымен Көкшетау қаласының медицина саласына еңбек сіңірген бір топ ардагерлердің үйлеріне барып, олардың хал-жағдайларын білді. Құрамында А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің студенттері, облыстық «Жас Отан» жастар қанатының мүшелері Милана Әлмұқанова, Әділхан Қалымтай, Аслан Тамтықов және «Денсаулық» бастауыш партия ұйымының мүшесі, Көкшетау қалалық емханасының медбикесі Салия Жанбекова бар ерікті топ ардагерлердің үйлерін аралап, олардың қан қысымдарын өлшеп, дәрі-дәрмектерін берді, мейірімділік пен кішіпейілділік танытып, жылы лебіздерін білдірді, қолдарынан келгенше көмек көрсетті.  
Акцияның мақсаты – ардагерлердің хал-жағдайын біліп, оларға қолдау құрмет көрсету. Ерікті топ барған алғашқы ардагер Галина Кузнецова отыз жылдан астам уақыт Көкшетау қаласының ауруханалары мен емханаларында медбике, жедел медбике қызметтерін атқарыпты. Есепке алынған диагнозы бойынша күн сайын қан қысымын өлшетіп, дәрі-дәрмектер алып тұрады. Мемлекет тарапынан денсаулығы нашар адамдарға қолдау көрсетіліп, тиісті көңіл бөлініп жатқандығына ризашылығын білдіріп, жастарға өзінің алғысын айтып жатты. Ерікті топ барған Үміт Ыбыраева 42 жыл медицина саласында еңбек еткен. Алғашқы еңбек жолын Бурабай ауданының Молодежное ауылында бастапты. 1995 жылы облыс орталығына отбасымен қоныс аударып,  қалалық емханаға жұмысқа орналасады. Зейнетке шыққанға дейін осы мекемеде абыроймен жұмыс істеп, өзінен кейінгі іні-сіңілілеріне тәлімгер болған. Қазір денсаулығы сыр бере бастағандықтан, арнайы медициналық тексерістерден кейін күнделікті тиісті дәрі-дәрмек қабылдап отырады екен. Қан қысымы жоғары болғандығына үйреніп кеткендігін де жасырмады. Ақжарқын Үміт Салыққызының өмірге деген көзқарасы оң. Болашақ жас ұрпақтан күтер үміті мол. Көңілі жай бұл апайымыз күні кешелері екінші шөбересін қырқынан шығарып, бауырына басқанын мақтана айтып, қуанышымен бөлісті. Жаны нәзік апайымыз өлең де жазады екен. Өзінің хал-жағдайын сұрауға келген балаларға шынайы көңілден
шыққан бір өлеңін оқып берді. Осыдан кейін жасотандықтар қалада тұратын медицина саласының бірнеше ардагерлеріне барды.
–Біздің мақсатымыз бұл эстафетаны барлық аудандарға және қалаларға жіберу. Ардагерлеріміз – алтын қазынамыз. Бұл науқан міндетті түрде өз жалғасын табады деген ойдамыз, – дейді жасотандықтар.

Ырысалды Шамшиева.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар