Ісіммен дәлелдеп жүрдім

Осы жолдарды жазуға журналист Қалкөз Жүсіптің «Арқа ажары» газетінде шыққан екі мақаласы себеп болды. Оның біріншісі  2017 жылдың 21 қаңтарындағы «Көше тазалығына алаңдаған қария», ал, екіншісі  соның ізін ала  26 қаңтарда жарияланған «Жалқаулықтан қалай құтылуға болады?» атты мақала. Осы мақалаларды оқығанда маған бір ой келді. Сол ойымды оқырманға жеткізейін және автордың пікірін елеусіз қалдырмайын деген ниетпен қолыма қалам алдым.

  Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарда біраз уақыт әр елді мекенде әкім болып қызмет атқардым. Сол бір өтпелі кезеңнің ауыр жылдарында өз бюджеті жоқ ауыл әкімдеріне жүктелер міндет ауқымды болды. Әкімнің қолында үш нәрсе бар еді, ол тұрғылықты халық, жер және азды-көпті билігі. Осы үшеуін тиімді пайдалана білсе, әкім көп шаруаларды атқаруына болатын.  Мен сол тұста Көкшетау қаласының іргесіндегі Станционный кентінде әкім болып істедім. Келген бетте кентте рұқсат етілмеген жерлерде қоқыс үйінділері көп болды. Көше қоқыстан аяқ алып жүргісіз. Осы мәселеге орай ақсақалдар кеңесі, әйелдер кеңесі, жастар ұйымдары белсенділерінің басын қосып, көшелерімізді қоқыстан тазартайық деген ұсыныс айттым. Жай айтып қоймай, өзім  бас болып, қоқыс жинауға шықтым. Кабинетімде  жұмыс киімі тұрады, соны киіп алып, жақын маңдағы көшелерді тазартуға жұртты бастап шығамын. Белсенділерге «қалталарыңа целлофан қалта салып жүріңдер, көшеде кездескен қоқыстарды жинап, арнайы орынға апарып тастаңдар» дегенді үнемі айтып жүремін.
Облыс орталығы Көкшетауға көшіріліп, С.В.Кулагин аймақтың әкімі болып тұрған кез. Қаланың әкімі ол кезде Асқар Хасенов. Бір күні облыс басшысы оған «Арқалықта жүргенде арыз сирек түсуші еді, өткен бір аптаның ішінде 7 арыз түсті, оның 5-еуі басшылардың үстінен» депті. Үстерінен арыз жазылғандардың ішінде мен де бар екенмін. Содан бір күні таңертең маған қала әкімі А.Хасенов телефон шалып, «мен бүгін сіздерге барамын» деді. Барлық белсенділерімді жинап, әкімді күттік. Ол бірден кеңсеге кірмей, алдымен,  кентті аралап шығыпты. Содан кейін барып кеңсеге келді. Қала әкімі: «Мен Көкшетауда біраз жылдардан бері тұрамын, бірақ, бірде-бір рет 2-ші Көкшетауда болмаппын (халық арасында Станционный кенті солай аталатын). Бүгін келіп, көріп шықтым. Сіздердегі көше тазалығы Көкшетаудан көш ілгері екен», – деді. Содан кейін ол «бізге тыныштық бермей, көше тазартып қояды» деп арызданған зейнеткер Н.Шубинаға қарап, «сізге өзіңіз тұратын жердің тазалығы ұнай ма?» деп сұрады. Ол «әрине, ұнайды» деді. «Онда кент тазалығын сақтауға шақырып, өзі де жұртпен бірге көше тазартуға қатысып жүрген әкімнің жұмысын қалай бағалайсыз?», –  деді. Уәжді сөзге Шубина ештеңе айта алмады. Осымен арыз мәселесі шешіліп, қала әкімі жұмысыма оң бағасын беріп кеткен еді.
Сол жылдары қала іргесіндегі Бірлік шағын ауданында, Застанционный (ауыз екі тілде Шанхай) кентінде жеті жарым жылдан астам  уақыт әкім болдым. Кейін Ақкөл селолық округінің әкімі болып тағайындалдым. Сол тұста Зеренді ауданының әкімі Ербол Сағдиев бірде жол бойымен жаяу кетіп бара жатқан бір әйелді баласымен көлігіне отырғызып алады. Оның әкім екенін білмеген әйел ауылдың жағдайын сұраған басшыға «жаңадан келген ауыл әкімі жұмыс істемей қалған сутартқыштың құдығына өзі түсіп аршып, өзгелерге үлгі көрсетті, содан басқалар да құдықтарын тазартып, қазір суртартқыштар жұмыс істей бастады, көше тазартуға жұртты ұйымдастырып, көшемізді де ретке келтіруде» деп бар мән-жайды түгел жайып салады. Содан бір аппарат отырысында аудан әкімі менің ісімді өзгелерге үлгі етіп, «халықты ұйымдастыра білсеңдер, бәрі де болады» деген еді. Мұны, әрине, сөз ретіне қарай аузыма алып отырғаным болмаса, мақтаныш үшін айтып жатқан жоқпын.
«Арқа ажары» тілшісінің көтеріп отырған мәселесі қай жағынан алғанда да орынды. Әрбір адам өзі тұратын үйдің, көшенің тазалығына назар аударса, ең бастысы, қоқыс тастамаса, елді мекендеріміз, қалаларымыз таза болар еді. Қазақ «тазалық – денсаулық кепілі» деп тектен-текке айтпаған. Бұл орайда, әсіресе, жапондардан, немістерден үлгі аларлық, үйренерлік жайларымыз аз емес. Сондықтан, көшеде қаппен қоқыс жинап жүрген Қалкөздің ақсақалы бәрімізге үлгі. Осындай жандар көп болса екен.  
Қалкөз Жүсіптің екінші мақаласында көтерілген жалқаулықтан құтылу мәселесі де маңызды, әсіресе,  қазақтар үшін. Жасыратын не бар, біздер – кейбіреуіміз бейқамдау, жайбасарлау халықпыз. Шақырған жерге дейін кешігіп барамыз, бүгін тындыратын істі ертеңге қалдырып, сосын деп жүре береміз. Мен әкім болып қызмет істеген жылдарымда қойын дәптеріме күнде істейтін шаруаларымды жазып, кешкісін тындырғаныма белгі соғып, істелмеген шаруаларымды неге орындалмады деп өзімше пысықтап, ертеңнен қалдырмауға тырысатынмын.
Қазір Кеңөткел ауылында балам 8 жанмен тұрады. Мұнда үй саны жетпіске тарта.  Есік алдында бақшамыз бар. Өткен жылы жүз отыз қаптай картоп алдық. Картоп, көкөністі сатып алмай, өзіміздікін пайдаланамыз. Одан қалды, жылқы, сиыр, біраз қой ұстаймыз. Соғымымыз, сүтіміз, бәрі өзімізден. Бұл – жалқаулыққа салынбай, еңбек еткеннің арқасы.
«Көкшетау минералды сулары» акционерлік қоғамы осы Кеңөткелдің суын пайдаланып жатыр. Солар тасып әкетіп жатқанда, осындай шипалы таза суды осы жердің кейбір тұрғындарының пайдаланбайтыны қынжылтады. Отыз метр жерден скважина қаздырып, үйге су орнатып алғанбыз. Одан «Аристон» қойғызып, ыстық суға қол жеткіздік. Ал, ауылдағы осындай игілікті 70 үйдің үш-төртеуі ғана пайдаланады. Рас, оған көбіне қаржы жағы да қолбайлау болып жатады. Өйткені, ауылдарда жұмыс жоқ. Дегенмен, ен далада отырып, картоп, көкөніс сатып алатындарды көргенде, есік алдындағы бақшасына қарауға  құлықсыз болып жүргендердің ісіне күйінесің. Тұрғындардың 90 пайызының  огородында арамшөп өсіп тұр.
Бір сөзбен айтқанда, тілшінің көтерген мәселесі аяқсыз қалмай, жергілікті әкімшіліктер халыққа насихаттаса деген ұсынысым бар. Қит етсе әкімдікке барып «маған ананы жасап бер, мынаны істе» деп арызданғанша, нақты іспен айналыссақ, өз шаруамызды өзіміз күйттесек, тұрмысымыз да түзеліп, алға басатыны анық.
Аманжол АХМЕТЖАНОВ,
еңбек ардагері, «Нұр Отан» партиясының мүшесі,  бірінші  шақырылған облыстық мәслихаттың  депутаты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар