Келушілер аз болды

Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының  мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс  аясында іске асырған жобаларының нәтижелерін талқылауға арналған қоғамдық тыңдау өткізілді.

Жиынға облыстық басқармалардың, саяси партиялар филиалдарының басшылары,  Көкшетау қалалық мәслихатының депутаттары, қоғамдық бірлестіктер мен жастар ұйымдарының және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Қоғамдық тыңдауды аталған басқарманың басшысы Шахмардан Байманов ашып, жүргізіп отырды.
Жиында сөз сөйлеген «Нұр Отан» партиясы Ақмола облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов маңызды жобалардың өз деңгейінде орындалуы қажеттігін алға тартып, осы бағыттағы ұсыныстарын жеткізді.
Жалпы, басқарма  2014 жылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде құны  10 миллион  892 мың 856 теңге болатын тоғыз жобаны іске асырған.  Жиын барысында осы тұрғыда  жастар арасындағы этносаралық татулықты нығайтуға бағытталған жобаларды ұйымдастыру бойынша «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Ақмола облысы бойынша филиалы төрағасының  орынбасары Мағауия Рақымбергенов сөз алып, арнайы лот аясында ұтып алған 800 мың теңгеден астам қаражаттың осы бағыттағы шараларға қатысушыларға сый-сияпат ретінде жұмсалғанын айтты. Ал, «Жас-тар мен студенттердің еңбек жасақтары» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық штабының төрағасы Владимир Одинцов  өңір жастарын еңбекпен қамтуда қолға алынған ілкімді істерге тоқталды.  «Зерделі ұрпақ» жастар қоғамдық бірлестігінің де идеологиялық майданда  жастардың жат ағымдар жетегінде кетпеулері үшін қолға алған бастамалары құптарлықтай.  Олар сәләфидтік, басқа да теріс діни ағымдарға сенушілер саны басым Жақсы, Бурабай, Атбасар, Целиноград және басқа да аудандарда нақты жұмыстар жүргізуде. 
«Көкшетау» студенттер альянсы» корпоративтік қорының директоры Жібек Жаңабекова облыста еріктілерді  даярлау жағына тоқталды.  Оның айтуынша, бүгінде аймақта  еш міндеттеусіз игі істі атқаруға әзір еріктілер тобы қалыптасып үлгерді. Осы қор директорының орынбасары  Динара Смайылова  Елбасының жыл сайынғы Жолдауын насихаттау бағытындағы шаралар легін баяндады.  Олар бұл тұрғыда аудандарға шығып, мақсатты топтармен де кездесулер ұйымдастырып тұратын көрінеді. Өңірдегі жастар саясатының жүзеге асуына «Ақмола облысының жастар одағының» да қосып отырған үлесі зор. Одақ облыстық жастар лагерін ұйымдастырып,  оған қатысушы жастардың танымдық деңгейін жоғарылатуды көздейді. Қоғамдық тыңдауға келгендерді осы екі күндік шараға  1 миллион 339 мың 286 теңге көлеміндегі қыруар қаражаттың жұмсалғандығы толғандырды. Кеңсе тауарлары мен басқа да ұсақ-түйекке, Бурабайдағы қонақ үйді жалға алуға осыншама қаржы жұмсағаннан, оны үнемдеген дұрысырақ емес пе еді деген ой айтты қатысушылар.
КВН қозғалысын дамытуда аймақтағы «Ақмола КВН жастар лигасы» қоғамдық бірлестігі тер төгіп жүр. Бірлестік төрағасы  Андрей Буровтың сөзіне сенсек, жұмыс нәтижесіз де емес. Бірқатар байқауларда көңілді тапқырлар жүлделі орындарды еншілеп жүр. 
Жиында сөйлеген қорытынды сөзінде «Нұр Отан» партиясы Ақмола облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов  қоғамдық бірлестіктер арасында бәсекелестікті қалыптастыру қажеттігін ерекше атап өтті. Себебі, содан барып, сапа туындайды.  Өңірде тек студенттермен жұмыс жасауға бейім жастар ұйымдарының көптігі қуантқанымен, балалар мен жасөспірімдер буыны да назардан тыс қалмауға тиіс. Отбасында жүргізілген тәрбие жұмыстары  осы бірлестіктер ұйымдастырар тағылымды шаралармен ұштастырылса игі. Бұл бағытта «Жас ұлан», «Жұлдыз» сияқты ұйымдардың әлеуетін пайдаланған абзал. Ол сондай-ақ, алдағы жылда қандай лоттардың болатындығы биыл жүргізілген әлеуметтік зерттеулерді сараптаудан кейін анықталуы тиіс деген ой айтты.
Қоғамдық тыңдауға қатысушылар бюджеттегі әр теңгені тиімді игеру мақсатында осындай шаралардың ауадай қажеттігін айтып тарқасты. Ал, бізді оған келген жұрттың аздығы толғандырды.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар