Степногорскінің Атымтай жомарты

Сынаптай сырғып, тау бұлағындай құлдилап аққан пенде ғұмыр көз ілеспес жылдамдықпен сырғитын тәрізді. Биіктен еңіске мың бұралып, бұлқынып аққан бұлақ суынан із қалмас. Ал, әр күнін еңбекпен мағыналы етсе, бел буып бейнетпен белдессе, адамнан кейінгіге – өнеге, жастарға – жақсы мысал іспетті, ізетті із қалмақ. Бәрінен болмағанымен, ел мерейін үстем етуге, өз мерейін биіктетуге талпынғандардан. Талап- ты азамат, ынталы перзенттен.

Біздің кейіпкеріміз Болат Сағадиев тынымсыз еңбегімен, тындырымды шаруасымен ең бастысы, елге қайырымдылығымен өз өмір соқпағында елеулі із қалдырып келе жатқан азаматтың бірі. Атам қазақ бір сөзінде «өткен күнде белгі жоқ» депті. Неге болмасын, бар. Бар болғанда қандай. Бүгінгі күні ғұмыр белесінің бір биік асуына, баяғы балғын шағында ұмсынса қолы жетпестей көрінетін асқарына шығып отырған Болат Мәкежанұлы өткен өмірін көңіл таразысына салып безбендеп, көкірегінің сәулесімен көз жүгіртсе, ең алғаш еңбектің дәмін татқаны жадына айқын, анық оралар еді. Бұрынғы Целиноград облысы Алексеевка қаласының тумасы Болат Мәкежанұлы еңбек әліппесін 1972 жылы Степногорск қаласындағы жөндеу механикалық зауытында қарапайым слесарь болып бастады. Кейін арада бірер жыл өткен соң, сол тұстағы Целиноград құрылыс-инженерлік институтын тәмамдап, инженер-механик мамандығын меңгеріп, Степногорск қаласындағы жолаушылар тасымалдау ұжымына арнайы жолдамамен келді. Жаңа ұжымға тастай батып, судай сіңіп кету әр адамның алдымен өз бойындағы мінез-құлқына, содан соң іскерлігіне байланысты болмақ. Жаңа орта жас маманды жатырқаған жоқ. Қайта бауырына тартып, саланың ерекшеліктерін ұқтырып, жылдар бойы жинақтаған тәжірибелерімен бөлісті. Институт қабырғасында алған теориялық білім ендігі арада тікелей істің өзімен байытыла түсті. Жалынды жас, жігерлі маманның еңбегі, талпынысы басшылар тарапынан бағаланбай қалған жоқ. Бір жылдан соң автокөлік пайдалану бөлімінің инженері болып тағайындалды. Ал, 1984 жылы автоколоннаның бастығы лауазымына көтерілді. 
1987 жылдан 1992 жылға дейін кәсіпорын директорының орынбасары болып қызмет істеді де, кейін ұжымның екі тізгін, бір шылбыры өзіне сеніп тапсырылды. 2001 жылдан бастап «Степногорскавтотранс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы. Әр күн сайын жолаушыларды тасымалдау үшін қаншама қажыр-қайрат жұмсау керек. Бағасы бірде өсіп, бірде кеміп жататын жанар-жағармай, қасқалдақтың қанындай қат қосымша бөлшек, жолаушылар тасымалдау үшін қажетті автокөліктерді жаңасымен, жайлысымен жаңарту тәрізді қарбалас істің көзін тауып, кәсіпорын жұмысын жолға қоюы өз алдына, 76 адамға жұмыс тауып беріп отырғандығы жылы лебізге әбден лайық. Кәсіпорын жолаушыларға қызмет көрсетумен қатар жүк тасумен де айналысады. Жылдан-жылға халыққа көрсететін қызмет түрлерін көбейту, автобус паркін жаңалау басты мақсаттың бірі. Жолаушыларды тасымалдау сапасын жақсарту үшін «Volvo», «Hyundai», «Iveco» автобустарын сатып алды. Қазір алты қалааралық бағытта және қала ішінде жолаушыларға қызмет көрсетеді. Сыртқы кейпі көз тартарлық соңғы архитектуралық үлгіде салынған жолаушылар бекеті қаладағы ажар-сымбаты тәуір ғимараттардың бірі. Онда жолаушыларға асхана, шаштараз, әр қилы бұйымдар сататын дүкендер қызмет істейді. Жолаушылар бекетінен әр күн сайын бірнеше бағытқа осы кәсіпорынның көліктері қатынайды. Кәсіпорында жылы бокстар, жылжымалы техникалық қызмет көрсететін шеберханалар мүлтіксіз жұмыс істеп тұр.
Ең бастысы, Болат Мәкежанұлы жүрегі жұмсақ, пейілі кең, қолы ашық, қайырымды азамат. Қабағына мұз қатқан, қатыгез қоғамның тоңын жібітетін де осындай жаны жомарт азаматтар. Болат Мәкежанұлының қайырымдылығы ел ішінде аңызға айналып кеткен. Қаладағы табысты кәсіпорынның басшысы алдына келген сырқаттар мен ардагерлерді, мұқтаж жандарды құр алақан жіберген емес. Қаладағы білім ошақтары мен балалар шығармашылық үйіне, мешітке ұдайы демеушілік көрсетіп тұрады. Әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген балалардың тегін тамақтануына, мектепке баратын киім-кешек алуына қол ұшын созады. Күллі дүниені есеңгіретіп тұрған дағдарыс дауылы бір қиырда жатқан Степногорскіні де айналып өтпейді ғой. Мұнда да көп болмаса да, мұқтаж жандар бар. Өмірдің өкпек желі тондырған адамдарды жан жүрегімен жылытып жүруі айтуға тұрарлық адамгершілік емес пе.
Қарапайым слесарьдан бір қаланың маңдайына біткен іргелі кәсіпорынның басшысына дейін өз еңбегімен көтерілген Болат Сағадиевтің алдына қойған мақсат-мұраты бар. Ол қашанда болмасын туған жерінің, туған елінің бір кәдесіне жарау. Қиын-қыстау уақытта талан-таражға түсірмей, ел игілігі үшін қажетті кәсіпорынды сақтап қалып, сақтап қана қоймай, әр жыл сайын шаруасын ұршықша үйіріп, дөңгелетіп отыруы өз ісінің шынайы білгірі деген сөз. Осындай еңбегі үшін Болат Мәкежанұлы осы саладағы ең ілтипатты «Құрметті автокөлікші» атағына ие болған. Омырауына таққан әр қилы мақтау-марапаттан жанына жақыны да осы. Оның үстіне еңбегін елі ескеріп, халқы қалап, «Степногорск қаласының құрметті азаматы» деген атақ берген.
Бүгінде сайын Сарыарқаның бір төсінде етек-жеңі жинақы пішілген шағын қаланың автобекетінен су жаңа, жылы, қолайлы автобустармен жолаушылар жолға шығып, барар жеріне аман-есен жетіп жатса, онда ең алдымен кәсіпорын басшысының еңбегі бар. Егемен елдің жолаушылары жол азабын тартпай, барар жеріне сау-саламат жеткені қашанда абырой емес пе. Степногорскінің атымтай жомарты сол үшін де жарғақ құлағы жастыққа тимей туған еліне қызмет етіп жүр.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар