Жемқорлықпен күрес жанданады

Бүгінгі таңда сыбайлас жемқорлық қоғамымызды қатты алаңдатып отырған келеңсіз көріністердің бірі екені еш жасырын емес. Бұл қылмыс түрімен қоғам болып күресу мақсатында көп іс-шаралар қолға алынуда. Құқық қорғау органдары мен сот жүйесі де осы бағыттағы заңнамаларды жетілдіріп қана қоймай, жемқорлықтың алдын алуға баса назар аударады.

Қазіргі уақытта «Қазақстан-2050» стратегиясының негізгі бағыты сыбайлас жемқорлықпен күреске негізделген. Елбасы атап өткендей: «Мемлекет пен қоғам біртұтас майдан құрып, жемқорлыққа қарсы шығуы тиіс. Жемқорлық – жай құқық бұзушылық емес. Ол мемлекеттің тиімділігіне  деген сенімді сетінетеді және ұлттық қауіпсіздікке төнген тікелей қатер болып саналады». Сыбайлас жемқорлық еліміздің егемендігіне нұқсан келтіріп, біздің рухани және материалдық құндылықтарымызға тікелей әсер етеді. Сондай-ақ, қоғамдық қарым-қатынас, әлеуметтік салаға ықпал етіп,  мемлекет пен қоғамның даму үрдісін тежейді.
Жемқорлық қылмыстармен күрес облыстық ішкі істер департаменті ұжымының басты міндеті болып табылады. Бұл бағыттағы жұмыстарымызға тоқталар болсақ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі 2014-2015 жылдарға арналған бағдарлама аясында аппарат кеңесі мен кеңейтілген отырыс-тарда  осы мәселенің жай-жапсары жүйелі түрде талқыланады. Онда құқық қорғау органдарындағы сыбайлас жемқорлық сипатында жіберілген қателіктер мен қылмыстар әшкереленіп, аталмыш олқылықтарды жою үшін  көптеген шаралар жүзеге асырылады.
«Нұр Отан» партиясының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі жаңа бағдарламасы да  бұл әлеуметтік кеселмен күресуге негізделеді. Онда жалпы алғанда, бағдарламаның мақсаты  «нөлдік» төзімділік  қағидатын қалыптастыру арқылы қоғамның барлық топтарын қарсы әрекет жасауға  тарту болып табылады.
Осы орайда, кадрлық саясатқа ерекше назар аударылады. Өйткені, қызметкерлердің кәсіби біліктілігі мен құқық қорғау ісіне дайындығы қылмыспен күресте өзінің тиімділігін береді. Мысалы, қазіргі уақытта криминалдық полиция құрылымы 93,5 пайызға жоғары білімді мамандармен толықтырылды. Бұл ретте қызметкерлерді психологиялық тұрғыдан тексеруге ерекше көңіл бөлінеді. Осы іс-шараларды жүзеге асыру  үшін арнайы полиграф сатып алынды.
Әскери және қызмет жүйесінде қызметкерлердің сауатты болуы мақсатында сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы оқып үйрету ісі дұрыс жолға қойылған. Құқық қорғау жүйесін заманауи технологиялармен жабдықтау, ең алдымен, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауға, заңды сақтауға, сыбайлас жемқорлықтың себебін жоятын шараларға бағытталған.
Облыс бойынша электронды тіркеу жүйесі енгізіліп, азаматтардың қылмыс туралы арыздары нөмірленіп, талондар беріледі. Сондай-ақ, олар өздері ғаламтор арқылы арыздарының қаралғаны немесе қаралмағаны жайлы толық ақпарат ала алады.
Ағымдағы жылы жабылған қылмыстық істер саны екі жарым пайызға азайды.Тиісінше, полиция қызметкерлері жұмысының жеделдігі жоғарылады. Ал, азаматтардың арызы үш күн ішінде қаралады. Қоғаммен байланыс саласын дамыту, сондай-ақ, полиция қызметкерлерінің жұмысын бағалау үшін қоғамдық кеңес құрылып, бұқаралық ақпарат құралдарында «сенім телефоны» жарияланып отырылады. Облыстық ішкі істер департаменті мен бөлімшелердің басшылары апта сайын азаматтарды қабылдайды. Полиция қызметкерлерінің беделін арттырып, қоғамдық пікір қалыптастыру үшін бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз қарым-қатынас орнатылған. Осы орайда, мемлекеттік сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағдарламаны жүзеге асыру және насихаттау мақсатында олармен бірлесе әрекет етеміз.
Ағымдағы жылы республикалық, облыстық бұқаралық ақпарат құралдарында бес мыңға жуық мақала жарияланған еді. Айта кетерлік жайт, облыстық ішкі істер департаменті қолға алған барлық шаралар тұрғындар тарапынан қолдау тауып келеді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралардың ең басты шешуші факторы – азаматтардың мемлекетке деген сенімін нығайтып, саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісімді алдыңғы қатарға шығару қажет. Бұл ел дамуының кепілі мен қылмыстың алдын алуын қамтамасыз етпек.

Әсем ӘБДІРАХМАНОВА,
Ақмола облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар