Берекелі шаңырақ

Туған елдің қасиетін білмейтін адам бұл өмірде кемде-кем шығар. Сабыр Малғаздарұлы үшін ерке Есілдің бойында ежелден орын тепкен Талапкер ауылының өткені мен бүгіні етене таныс.

Ұлы Отан соғысы аяқталғанда дүниеге келген азаматқа туған жердің көркем табиғаты ерекше көңіл-күй сыйлайтын. Қарт ата-анаға ерте қолғанат бола білген сол кездің түлектері сайдың тасындай іріктеліп, соғыстан кейінгі тұрмыстың түзелуіне, тұралап қалған өндіріс пен шаруашылықтың ілгерілеуіне ерекше дем бергенін көпшілік жақсы біледі.
Сабыр ағамыздың беттері сарғыш тартқан еңбек кітапшасында бір ғана Талапкер бөлімшесіне жұмысқа қабылданғаны, кәсібі бойынша ауыс-түйіс жасағаны турасындағы жазбалар мен мөр таңбалары тұр. «Киров» кеңшарына қараған №3 бөлімше атанған Талапкерде ол әуеліде механизатор, соңынан жүргізуші сияқты елге бейтаныс мамандықтарды меңгере бастайды. Жұмыстың қызу ортасында жүріп көңіл қалауы бойынша Новоишимка зооветтехникумының, кейіндері ауыл шаруашылығы институтының дипломдарын алуға да уақыт табады.
Міндетті әскери борышын өтеп келген соң біраз жылдар бойы зоотехник боп жұмыс істеген жас жігітті «Киров» кеңшарының басшылары 1975 жылы Талапкер бөлімшесінің басшысы етіп тағайындайды. Бұл арада Сабыр Малғаздарұлы ауыл мектебіне мұғалімдік қызметке келген Райлә есімді қызбен көңілі жарасып, өз алдына шаңырақ көтереді.
Сегіз қырлы, бір сырлы өнерпаз жігіттің домбыра тартысы, әншілік өнері адам жанын жадыратып, көңіліне қанат бітіретінін замандастары жақсы білетін. Ауыл тойының сән-салтанатын келтіретін өнерпаз жанның жолы қашан да ашық қой.
– Мен сонау Қиыр Шығыста әскерде жүргенімде үйден арнайы домбыра алдыртқаным бар, – деп еске алды жас күндерін еңбек ардагері Сабыр аға.         – Қазақтың күмбірлеген домбырасына сол кездегі елге танымал болған орыс әндерін де салушы едім.
Сымбатты, ақсары әдемі жігіттің қолын ұстаған Райлә Шәріпқызы Талапкер ауылында сол келін боп түскен күнінен зейнеткерлік құрметті демалысқа шыққанша бір мектепте ұстаз, оқу ісінің меңгерушісі, соңынан ұзақ жылдар бойы директор қызметін атқарыпты. «Тас түскен жеріне ауыр» деген осы болар. Бір орында тапжылмастан жемісті еңбек еткен жандардың шаңырағынан өсіп-өніп шыққан балалары қазір өз алдарына жеке-жеке отау болып, әке-шешесі сүйікті ата-әжеге айналған. Үш ұл мен екі қыздан көрген немере-жиендерінің алды студент. Біреуі Ерхан Беларусь мемлекетінде жолдамамен төтенше жағдайлар академиясында оқып жүр.
Ал, өз балаларының үлкені Қарлығаш медицина ғылымдарының кандидаты болса, екінші қызы Айнаш тіл маманы, Астана қаласында қазақ тілі пәнінен ұстаздық етеді. Үлкен ұлы Қадыр Елорданың Алматы ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары, подполковник. Қайыр есімді ұлы әке жолын жалғастырып, Талапкерде шағын шаруа қожалығын өркендетіп отыр. Кенже балалары Қайрат болса қалалық «Астана-Су» кәсіпорнында заңгерлік қызмет атқарады.
– Жастықтың жалынымен жүріп балалардың өскенін білмей қалыппыз, – деп күлімдейді қара шаңырақ иелері Сабыр аға мен Райлә жеңгей. – Немере балаңнан да асып кетеді екен. Олардың басы қосылған күн  біздің әулет үшін үлкен той-думан.
Ауыл балаларының қалада, көп қабатты үйлер ауласында өскен жеткіншектерден айырмашылығы сол, олар жастайынан еңбекпен тәрбиеленеді. Малғаздаровтардың отбасы төрт түлік мал мен үй құстарын өсіруден қол үзбеген көрінеді. Жылқы, сиыр, қой мен ешкі жайылымның қандай көркі болса, Сабыр аға жас күнінен жақсы көрген ата кәсібіне балаларын да үйрете біліпті.
– «Қолы қимылдағанның – аузы қимылдайды» деген сөздің дәлелін балалар өздері өсірген құс-жануарлардың пайдасын көрген кезден-ақ сезінді десем де болады», – деді жан серігінің сөзін қостаған Райлә апай.Бала тәрбиесінде еңбектің алатын орны ерекше ғой. Олар сиыр түгілі, бие саууға да машықтанған адамдар.
Талапкер бүгінгі жас Астанамыздың күнбатысында, тоғыз жолдың торабында жатқан ауқымды елдімекен. Биылғы көктемде лықсып келген топан судың жолын табуға кеңес берген ел үлкендерінің ішінде Сабыр Малғаздарұлының орны бәрінен де салмақты болды десек, қателеспеспіз. «Ақылды қария – ағып жатқан дария» деген бұрыңғылардан қалған сөздің мән-мағынасы жойылмағанға ұқсайды. Сол кеңесті тыңдаған Целиноград ауданында құрылған төтенше жағдайлар штабының қызметкерлері осы ірі елдімекенді аяқастынан туған табиғи қауіптен аман алып алды.
Целиноград ауданының құрметті азаматы Сабыр Малғаздарұлының көрген өмір мектебінде ағалық әрі ұстаздық үлгі-өнеге көрсеткен қамқор ел ағалары аз болған жоқ. Солардың ішінде, кісілік қасиеттерімен есте қалғаны – Молдахмет Досаев. Ақмола облысының жоғары партия – кеңес қызметтерінің жетегін ұстаған ел ағасы соңынан ергендерді  замандастарының алды болуын жіті қадағалады. Сол үміт артқан жігерлі қазақ жігіттерінің ішінде Сабыр да жүрді.
Атына заты сай адамның ұлағатты сөзі, жанашыр мінезі көпшілікті өзіне тәнті етпей қоймайды. Адамның шын қазынасы мейірімділікпен, тәрбиелі балалармен есептелетін болса, бұл санатқа алдымен Малғаздар әулетін енгізген жөн болар. Өйткені, бұл айтылғандардың бәрі осы отбасының үлкені мен кішісінің бойында кездесетін тамаша адами қасиеттер. Ізгілік қашанда атадан балаға мирас болатын ерекшелік қой. Дүние мансабын елемейтін отбасының тіршіліктегі тірегі түсіністік, сыйластық пен бауырмалдық дер едім. Бұл адам қоғамын ыдыратпайтын өмірдің ең басты заңды талаптары. Алтын шаңырақтың ұрпақтары бұл қарапайым қағиданы әрқашан қадір тұтады.

Жанат ТҮГЕЛБАЙ.

Целиноград ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар