ҮШ ЖЫЛДА ҮШ ҮЙДІ ЗОРҒА ТАПСЫРЫП, ЖЕТІ ЖЫЛДА ЖЫЛУ ОРТАЛЫҒЫН САЛА АЛМАСА

Целиноград ауданы қарқынды дамып келе жатыр деуге негіз бар ма?

Осыдан бірнеше жыл бұрын, нақтырақ айтсақ,  2007 жылы Целиноград ауданының орталығы Көктал ауылы-нан сол кездегі Малиновка, бүгінгі Ақмол ауылына көшірілгенде облыс орталығының бір шетінде өгей баланың күйін кешуден құтылып, жеке отау тіккен аудан орталығының болашағынан тұрғындар да, аудан мен облыс басшылары да үлкен үміт күткен еді. Оған біраз қаржы бөлініп, алғашқыда жұмыс қарқын ала бастағаны баршаға аян.

Енді осыған Үкіметтің  Елорда айналасында орналасқан елдімекендерді абаттандырудың кешенді жоспары қабылданып, Целиноград ауданына басқа аудандардың түсіне де кірмейтін қыруар қаржы бөлінгендігін қоссақ, Ақмол ауылы ендігі қалаға айналмаса да, қала кейпіне лайық күйге келуі керек-ақ еді. Бірақ, талай әкім ауысты, талай басшы іске білек сыбана кіріскен болды. Өкінішке орай, аудан әкімдігінің өзі «Ақмол-Феникс» акционерлік қоғамының бұрынғы кеңсесін паналап, басқаны айтпағанның өзінде, кезінде оңды-солды таратылған жер телімдерін қалай заңдастыруды ойлаумен «ерте күнді кеш қылып» отырғандығы қынжылтады.

Кеше облыс әкімі Сергей Кулагиннің төрағалығымен осы аудан орталығында «Астанаға жақын орналасқан елді- мекендерді  және Елорданың азық-түлік белдеуін дамыту» мәселесі бойынша кеңейтілген мәжіліс болып өтті. Аталмыш бағдарламаны жүзеге асыруға тікелей қатысы бар аудандар әкімдері, облыстық басқармалар мен департаменттер басшылары, басқа да мүдделі тұлғалар қатысқан кеңесте осы мәселеге байланысты жайлар жан-жақты талқыланды.
– Өздеріңізге белгілі, Астана маңындағы елдімекендерді дамытудың кешенді бағдарламасы қабылданған, – деп бастады кеңесті ашқан облыс әкімі Сергей Кулагин. – Онда атқарылуға тиісті істер белгіленіп, оған қыруар қаржы бөлінгендігі белгілі. Содан бері біршама уақыт өтті. Яғни, бүгінге дейін не тындырылды, нендей мәселе кешеуілдеп тұр, олардың себеп-салдарлары қандай деген сұрақтарға жауап қажет. Өкінішке орай, аталмыш бағдарлама негізінен тек қағаз жүзінде қалып отыр. Шындығында, ешқандай бақылау болмағандықтан көп жұмыс «жүрдім-бардым» істеліп, жұмыс сапасы сын көтермейтін жағдайға жеткен. Тіпті, салынғанына екі жыл болмаған кейбір мектептерге қазірдің өзінде жөндеу жұмыстары қажет.
Мен облысқа әкім болып тағайындалғаннан бергі алты ай ішінде осы жайларды мейлінше зерттеп, мәселенің мәнісін терең түсінгім келді. Соның қорытындысы бойынша бүгін баршаңызды осы кеңеске жинап отырмын. Бір қызығы, бағдарламаны жүзеге асыру барысында түрлі деңгейдегі жауапты шенеуніктер өздерінің негізгі жұмысы тендер жариялап, оны өткізу ғана деп түсінген бе деген ойға қалдым. Осылайша «тендер өтті, мердігер бар, енді менің не шаруам бар» деген қағида қыруар қаржының желге ұшып, құрылыс сапасының құлдырап кетуіне жол берген. Бұдан былай мұндай жүгенсіздікке жол берілмейді. Енді атқарылған жұмыс нәтижесі туралы  облыс әкімінің бірінші орынбасары Қадырхан Отаровқа айына екі рет есеп беретін боласыздар. Ал, айына бір рет өзім жан-жақты тексеріп, қорытынды шығарып отыратын боламын. Осы уақытқа дейін межеленген жұмыстардың  жартысына жуығы орындалмаған.
Алда әлі талай келелі міндеттер тұр, – деді одан әрі Сергей Кулагин.
– Мәселен, 2020 жылға дейін  барлығы 194 ауқымды шараны жүзеге асыруымыз керек. Бұл барлығы 105 миллиард теңге қаржы игеру керек деген сөз. Ал, біз осы уақытқа дейін белгіленген 88 шараның жартысын орындай алмасақ, мұндай қарқынмен қалай жұмыс істейміз?
Абырой болғанда, біз бүгінге дейін бюджет қаржысын алып, қолға алған істерін дұрыс орындамаған шаруашылық нысандарымен арақатынасымызды сот арқылы шештік. Енді ондай мердігерлермен ешқандай келісімшартқа жол жоқ. Осы уақытқа дейін ауданда бір де бір нысан уақытында аяқталмаған. Көп жағдайда құрылысты аяқтауға қосымша қаржы бөлу әдетке айналған. «Сметалық құжатта белгіленген қаржы неге жетпейді, қосымша қаржы не үшін қажет» деген сұрақтар ешкімді мазаламаған сияқты.
Жоғарыда айтып өткенімдей, бұдан былай біздің облыста тек өз міндетіне үлкен жауапкершілікпен қарайтын құрылыс компаниялары ғана жұмыс істейтін болады. Сондай-ақ, жұмыс барысын қадағалауға тиіс аудан, облыс деңгейіндегі жауапты адамдарға да қатаң талап қойылады. Енді «құдай бір жөнін береді» деген қағиданың уақыты бітті. Мұны есте сақтаңыздар.
Естеріңізге тағы да сала кетейін, Ақмол ауылында салынуға тиіс жылу орталығының «жыры» облыстан тыс жерлерге де мәлім. Құжаттары дайындалды, тендер өтті, құрылыс басталды. Ал, ақыры не болды? Біресе анасы жетпейді, біресе мынасы жетпеді. Ақырында қосымша қаржы керек болды. Ол да бөлінді. Сонымен іс бітті ме? Жоқ. Бұл сонда не жұмыс? Аудан әкімі, облыстық басшылар қайда қараған? Бұл арада жалғыз құрылыс компаниясы ғана кінәлі ме? Ең өкініштісі, ол әлі де толық пайдаланылуға берілген жоқ.
 Шынында да, облыс әкімі Сергей Кулагин атап өткендей, жұмыста дұрыс жүйе болмағандығы көзге ұрып тұр. Мәселен, осы уақытқа дейін «Астана маңындағы елді -мекендерді абаттандырудың кешенді жоспарына» сәйкес оны қалай жүзеге асыру керектігі туралы облыстық деңгейде нақты жоспар белгіленбеген. Бағдарламаны жүзеге асыру негізінен бөлінген қаржыны қалай игереміз деген мәселе төңірегінде ғана болған. Қарапайым тілмен айтсақ, республикалық бюджеттен бөлінген қаржыны шетінен «кеміріп отырумен» шектелген бе деген ой келеді. Енді міне, аталмыш бағдарламаны жүзеге асырудың облыстық деңгейдегі жоспары қабылданды. Облыс әкімі бекіткен бұл құжатта қандай іс қашан, қалай жүзеге асырылады деген мәселе жан-жақты талқыланып, мерзімдері айқындалған. Яғни, Үкіметтен келіп түскен стратегияны іске асырудың тактикасы нақтыланды. Енді барлық жұмыс осының негізінде рет-ретімен жүргізілетін болады.
Мәжілісте мұнан соң облыс әкімінің бірінші орынбасары Қадырхан
Отаров, Целиноград ауданының әкімі  Мәлғаждар Тәткеев, облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Алмагүл Қадыралина, облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Владимир  Фелбелт өз ойларын ортаға салды.
Әрине, ауданда осы уақытқа дейін ешқандай жұмыс жүрмеді деуге болмайды. Зер салып қарасақ, біраз ауқымды істер қолға алынған. Талай нысандар бой көтерді. Дегенмен, Елордаға жақын орналасқан елдімекендерге деген талап ерекше екендігін ескеру қажет. Бұл тұрғыдан алып қарағанда кемшіліктер бастан асады. Рас, бұған дейін де талай жиын өтіп, талай меже белгіленген. Талай уәде де естідік, талай әкім де ауысты. Өкінішке орай, одан проблема көбеймесе, азайған жоқ. Дегенмен, осы жолғы жиынның бір ерекшелігі көзге ұрып тұрды. Ол бұрынғыдай кезекті деректер мен дәйектерді жайып салу ғана емес, істі қалай алға бастырудың нақты жолдары белгіленіп, әркімнің жауапкершілігінің айқындалғандығы. Сондай-ақ, айына екі рет атқарылған жұмыстар туралы нақты жауап беру де «ұзын арқан, кең тұсау» мен «жең ұшынан жалғасудың» жолын қияды деген үміт бар. Әрине, бәріне уақыт төреші. Алайда, уақыт та найқалуды көтермейді.
 Суреттерді түсірген
Айбек ДАНИЯРОВ.
 
 Целиноград ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар