Мүгедектер жайы сөз болды

«Нұр Отан» партиясының  облыстық филиал ғимаратында  мүмкіндігі шектеулі жандарға  кедергісіз ортаны қалыптастыру мониторингі бойынша қоғамдық кеңестің отырысы болып өтті.

Осынау алқалы жиынды «Нұр Отан» партиясы Ақмола облыстық филиалы төрағасының  бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов ашып, жүргізіп отырды. Шара еркін және ашық әңгіме түрінде өтті. Күн тәртібінде облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының  мүмкіндігі шектеулі жандарға кедергісіз ортаны қалыптастыру жоспарын орындау барысы және 2015 жылға арналған басты міндеттерді саралау жайы қаралды.
Осы тақырып бойынша облыстық жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының  мүгедектермен және ардагерлермен жұмыс жөніндегі бөлім басшысы Әсем Ержанова хабарлама жасады. Оның айтуынша, жарымжан жандарға тиісті деңгейде жағдай жасау қоғамдық ұйымдармен бірлесе жұмыс істеудің арқасында жүзеге асып отыр. 2012 жылдан бастап ғимараттардың мүгедектерге қолжетімділігін бағалау жұмысы қолға алынды. Облыстағы 3376 әлеуметтік маңызы бар нысандарда түгендеу және оларды төлқұжаттау рәсімі өткізілді. Мұның нәтижесінде, ғимараттардың 3217-сі ғаріп жандарға икемделмеген болып шықты. Өткен жылы 200 нысан барлық талаптарға сай етіліп жасалса, ағымдағы жылы тағы да 200 әлеуметтік инфрақұрылымның нысандарын бейімдеу қажет. Сондай-ақ, республикалық бюджеттен бөлінген 12 миллион теңге қаржыға жол бойында  мүгедектерге арналған 101 жол белгілері орнатылып, жаяу жүргіншілер жолы қайта жабдықталды. Оған қоса, «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында бейімделген нысандардың мониторингі жүргізілген көрінеді.
Ал, Ақмола облысы бойынша мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау департаментінің басшысы Айдос Хамиев мүгедек арбасы өтетін пандуссыз және кеңейтілген өткелсіз салынған құрылыс нысаны пайдалануға берілмейтінін баса айтты. 2013 жылы талапқа сай келмеген сегіз нысан қабылданбаса,  ал өткен жылы Көкшетау, Щучинск, Атбасар қалаларындағы cегіз әлеуметтік маңызы бар нысанды жалпы қолданысқа беруге тыйым салынды. Мәселен, Көкшетау қаласындағы Абылайхан көшесінің №5 үйінде  орналасқан кеңсені стоматология мекемесіне өзгертіп жабдықтау мәселесі қарастырылды. Мұндағы  құрылыстың келісілген үлгісінде пандус жоқ болып шықты. Кейін бұл жоба қалалық сәулет және қала құрылысы бөліміне беріліп, заңнамаға сәйкес тәртіпке келтіру тапсырылды. Сондай-ақ, прокуратураның хаты негізінде М.Горький 11/3 көшесінің бойында орналасқан нысанға барып, пандустың биіктігі талапқа сай еместігі анықталды.
Жиынға қатысқандар тұщымды ойларын ортаға салып, өздерінің ұсыныстарымен бөлісті. Осы ретте, «Левзея» дәріханалар жүйесінің басшысы Владимир Федоренко  құрылыстағы жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлейтін мекемелермен тығыз қарым-қатынас орнатып, пандустардың талапқа сай болуын қадағалау қажеттігін алға тартты. Ал, «Шанс» мүгедектерді оңалту орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Василий  Шиманский пандустар туралы  әдістемелік құралдар жасап, кәсіпкерлердің ресми сайтында  оған қойылатын талаптар жа-йында ақпарат беріліп отырса деген пікірін білдірді. Тиісінше, «Қазақстан–Көкшетау» телеарнасы осы тақырып аясында сюжеттер ұйымдастырып, көрермендер назарына ұсынса, бұл күрмеулі мәселенің  шешілуіне өз септігін тигізетінін сөз етті.
«Нұр Отан» партиясы Ақмола облыстық филиалы төрағасының  бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов осы ұсыныстарды қолдап,  мүмкіндігі шектеулі жандарды назардан тыс қалдырмау қажеттігін шегелеп айтты. Айыптылар тиісінше жазаланып, оларға жүктелген міндеттердің абыроймен атқарылуы басты міндеттердің бірі. Әлбетте, облыстағы пандустарға мемлекеттік бюджеттен және жеке кәсіпкерлер тарапынан қомақты қаржы жұмсалғаны белгілі. Сондықтан, жауапты тұлғалар жұмсалған әрбір тиынға есеп беру қажет деп ойын түйіндеді.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар