Ауылдық жерлерде де дамуы керек

 

Қазақстан Республикасы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы президиумының төрағасы Тимур Құлыбаев жұмыс сапарымен Көкшетауда болып, өңірде кәсіпкерлікті дамытудың тиімді бағыттары және түйткілді мәселелерін шешу жолдарын қарастырған кеңейтілген мәжіліс өткізді. Мәжіліске облыс әкімі Мәлік Мырзалин қатысып, сөз сөйледі.
Мәжіліске облыстық мәслихат депутаттары, өңірлік кәсіпкерлер палатасы мен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының өкілдері, облыстық департаменттер, басқармалар және ведомстволардың басшылары қатысты. Мәжіліс басталмас бұрын Қазақстан Республикасы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы президиумының төрағасы алдымен, Көкшетаудағы іргелі кәсіпорындардың бірінен саналатын «Қазақстандық агро инновациялық корпорациясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысымен танысты.
2012 жылдан бастап қолға алына бастаған жобаның басты мақсаты – Беларусь елінің коммуналдық және ауыл шаруашылығы саласының озық техникаларын өңірде құрастырып, екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланысты нығайту. Жобаның бірінші кезеңін жүзеге асыру үшін 2014 жылы Беларусь елінің «Минск трактор зауыты» ашық акционерлік қоғамы және отандық «Қазақстандық агро инновациялық корпорациясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бірлесіп, «МТЗ-ҚАИК» серіктестігін құрған болатын. Бүгінгі таңда серіктестік 5 миллионға жуық АҚШ долларын жұмсап, 7 түрлі техниканың 500 данасын құрастырып шығарған. Олар негізінен, отандастарымыз тарапынан сұранысқа ие болып отырған коммуналдық және ауыл шаруашылығы техникалары.
– Өңірлердегі ұлттық палата өкілдері кәсіпкерліктің дамуына кедергі келтіріп отырған көптеген проб-лемаларды анықтады. Өзіміз де осындай отырыстарды жиі ұйымдастырып, кәсіпкерлердің өзекті мәселелерін тыңдадық, талқыладық. Соның нәтижесінде кәсіпкерлердің бірқатар мәселелерінің оңтайлы шешілуіне себепші болдық. Мысалы, мемлекеттік сатып алу жүйесіне оңтайлы өзгерістер енгізіліп, оның ашықтығы қамтамасыз етілетін болды. Отандық өнім өндірушілерді бірігіп қолдау жөнінде мемлекеттік органдармен келісіп жатырмыз. Жеке кәсібін жаңа бастаушыларға кепілсіз шағын несиелер беруді де ұйымдастырудамыз. Шағын және орта бизнес ауылдық жерлерде де  дамуы керек. Ол үшін ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге мемлекет тарапынан қолдау қажет, – дей келе, Тимур Құлыбаев жергілікті билік өкілдерін кәсіпкерлікті дамыту бағытында ынтымақтаса жұмыс істеуге шақырды.
Осы орайда, облыс әкімі Мәлік Мырзалин өңір кәсіпкерлеріне барынша қолдау  көрсетіліп, олардың мәселелерін талқылау және шешу жолдарын іздестіру бағытында ауқымды жұмыс атқарылып жатқанын атап өтті. Бұл туралы өңірлік кәсіпкерлер палатасының басшысы Еркебұлан Баяхметов өз баяндамасында кеңінен таратып, айтып берді. Оның айтуынша, өңірлік кәсіпкерлер палатасы тарапынан жергілікті кәсіпкерлерден түскен 1 мыңнан астам шағым қаралып, 200 миллион теңгенің мүліктік құқығы қорғалған.  
Сонымен қатар, мәжіліс барысында субсидия алу, іскер топ өкілдерін қорғау және елдегі тексеру мен қадағалау органдарының санын қысқарту тәрізді мәселелер де айтылды.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар