Сайыстардағы жеңістеріміз ел абыройын асқақтатады

Спортпен, оның ішінде шығыс жекпе-жек түрі каратэмен шұғылданудың арқасында бірқатар халықаралық жарыстарға қатыса алдым. Жырақта жүргенде туған елдің қадірін айқын сезінеді екенсің. Қазақстан құрама командасының сапынан жеңімпаз атанған спортшылар құрметіне Әнұранымыз орындалып, Көк байрағымыз желбіреген сәтте кеудеңді қуаныш кернейтіні сөзсіз.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасында қызмет істейтіндіктен сала  бойынша қол жеткізген жетістіктерден хабарым мол. Бұрындар маңдайалды спорт саңлақтарымыз КСРО құрамасының сапында сынға түссе, тәуелсіз ел атанғаннан бері дербес мемлекет ретінде қатынасып келеміз. Осы мерзім аралығында спорт және дене шынықтырумен айналысушылар санының 3 есеге ұлғайғанын айтқым келеді. Мәселен, 1991 жылы 56345 адамды қамти алсақ, биылғы жылы олардың саны 168814 адамға жетіп отыр. Бұл облыс халқының 23 пайызын құрайды.
Тәуелсіздікке қол жеткізген уақыттан бері Олимпиада ойындары мен әлем чемпионаттарына жеке қатысып келеміз. Атақты шаңғышымыз Владимир Смирнов 50 шақырымдық жарыста Олимпиада жеңімпазы атанып алтын медаль олжалады. Биыл бұл тарихи жеңіске 20 жыл толып отыр. Оның басқа да жүлделері өз алдына бір төбе боларлықтай.
Ел абыройын ауыр атлетшілер Анатолий Храпатый, Ирина Некрасова мен  Мария Грабовецкая да асқақтата алды. Триатлоншы Дмитрий   Гааг 1999, 2000 және 2004 жылдары әлем кубогы бәсекелерінде мерейімізді өсірді. Сайыстарда ел намысын абыроймен қорғағандар қатарына бокс, күрес, кикбоксинг, самбо, пауэрлифтинг өкілдерін де қосуға болады.
Түрлі жарыстарда олжа салу оңай шаруа емес. Ол үшін білікті бапкерлер мен тәжірибелі жаттықтырушылар керек. Материалдық-техникалық спорт  базаларын нығайту бағытында да аз жұмыстар атқарылған жоқ. «Юбилейный» стадионы мен Көкшетау құрылыс тресінің  мәдениет үйі қайта жаңғыртудан өткен соң триатлон мектебі мен «Қажымұқан» спорт кешеніне айналды. Қазіргі кезде бұл ғимараттарда триатлоншылар, былғары қолғап шеберлері мен ауыр атлетшілер жаттығу жасайды. Жақсы кентінде жекеменшік спорт кешені, Сандықтау ауданындағы Балкашин селосында шаңғы базасы, роликті шаңғы тебу жолы мен биатлон ату алаңы жабдықталды. Краснояр селосында 2001 жылы атшабар пайдалануға берілді. Көкшетау қаласындағы «Бурабай» спорт сарайы шыныққандар мен шымырлар орталығына айналды.
Осы аралықта Көкшетау, Степногорск, Щучинск, Атбасар қалалары мен Зеренді, Ақкөл, Бұланды, Жақсы, Еңбекшілдер аудандарында бірқатар спорттық нысандар іске қосылып бұрыннан қолда барлары жөнделіп, жаңғыртылды. Олар бұл күнде қалыпты жұмыс істеп тұр.
Білікті жаттықтырушылар мен жақсы спорттық базамыз болғандықтан азды-көпті жетістіктерге қол жеткізе алдық. 2001-2014 жылдар аралығында 88 халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері және 426 спорт шебері даярланды. Бұл күнде 300-ден астам спортшымыз республика құрама командасының белді мүшесіне айналды. Тәуелсіздік алғаннан соң төрт мәрте өткізілген жазғы және қысқы Олимпиада ойындарына біздің облыстан 11 және 25 саңлақ спортшымыз қатыса алды. Азия ойындары мен Әлем чемпионаттарында биылғы жылдың өзінде 137 ұл-қызымыз қатысып, жүлдегер атанды, шеберліктерін ұштай түсті.
Жарыстарға жүйелі қатысу мәселесінің қаржыға келіп тірелетінін жақсы түсінеміз. Бұл орайда, ешқандай өкпе-реніш айта алмаймыз. Өйткені, соңғы 13 жылдың өзінде саланы қаржыландыру 12 рет өскенін де айтқым келеді. Мәселен, 2001 жылы спортты дамытуға 249,5 мың теңге бөлінсе, 2010 жылы 1856,5 миллион теңге құрады. Өткен жылға бөлінген 3041,0 миллион теңге қаржы мақсатты түрде жұмсалды. Барлық спорт мектептері  облыстық бюджет есебінен қаржыландырылып отыр.
Спорттың бұқаралық сипатын арттыру да маңызды мәселелердің қатарына жатары сөзсіз. Осы орайда, облыс бойынша 2000-ға жуық әр түрлі спорттық шаралар өткізіледі. 2014 жылдың өзінде өткен 2026 сайысқа 341318 адам қатысты.
Жылдағы дәстүр бойынша 2014 жылғы Ақмола облысының спорт тарландары байқауының қорытындысы шығарылды. Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өткен ХVІІ жазғы Азия ойындарында ауыр атлетикадан күміс медаль олжалаған Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген спорт шебері Мария Грабовецкая жылдың үздік спортшысы атанды. Шаңғы және бокстан Николай Чеботько мен Дина Жоламан үздіктер санатынан көрінді. Ауыр атлетикадан Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген жаттықтырушы, зілтемір көтеруші қызымыз Мария Грабовецкаяның жеке бапкері Батырбек Оздоев жылдың үздік жаттықтырушысы атағына ие болды. Сондай-ақ, шаңғы және бокстан жаттықтырушы болып абыройлы қызмет істеп жүрген Виктор Васильев пен Александр Высоцкийге де лайықты құрмет көрсетілді. Спорттың басқа түрлерінен облыстық, республикалық және халықаралық жарыстарда көзге түскен өр мінезді ұл-қыздарымызға да сый-сияпат жасадық.
«Үздік спорт мектебі» аталымы бойынша Көкшетау мен Степногорск қалаларындағы мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектептерінің мерейлері үстем  болды. Бурабай аудандық спорт бөлімінің басшысы Яков Стерлигов үздік өңірлік спорт басшысы атанды.
Биылғы қой жылына да зор үміт артып отырмыз. Осы айдың соңы мен  ақпан айының басында студент жастар мен ересектер арасында шаңғы спортынан әлем чемпионаты өткізілмекші. Бұл сайыстарға біздің облысымыздың атынан да бірнеше ұл-қыздарымыз қатысып, ел намысын абыроймен қорғайтын болады. Жазғы маусымда да бірнеше ірі халықаралық жарыстарға қатысу ойымызда бар. Сондай-ақ, республика және облыс біріншіліктері де өтетін болады. Біздер бетке ұстар спортшыларымызды осынау сайыстарға  қатыстырып, шеберліктерін шыңдайтын боламыз. 
Бұған дейін қол жеткізген жеңістерімізге көңіл марқаяды. Өңірде болашағынан зор үміт күттіретін ұл-қыздарымыз саңлақ спортшыларға қарап бой түзеуде. Олар спорттық жеңістердің ел абыройын асқақтататынын жақсы сезінеді.

Әлімжан МОЛДАҒАЛИЕВ,
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар