Жангелдімен мақтанамыз

Біздің мектептің оқушылары салауатты өмір салтын ұстанып әр түрлі спорт түрлерімен айналысуда.

Осы орайда, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Талғат Алпысбаевқа айтар алғысымыз шексіз. Ол сабақтарда оқушылармен бірге кешенді жаттығулар жасайды. Мектеп ауласында жүгіріп жүрген ұл-қыздарды жиі көремін. Оқушылар футбол, баскетбол ойнауға да машықтануда. Тоғызқұмалақтан қалалық және облыстық сайыстарда жүлдегер атанып жүрген оқушыларымыз да баршылық. Қазіргі кезде шаңғы тебетіндер қатары көбейіп отыр.
Жас балуандарымыз Көкшетау қаласындағы «Қайрат» қазақ күрес залына аптасына 4 мәрте қатынап, шеберліктерін шыңдауда. Мәселен, 9 сынып оқушысы Жангелді Мәди жақында Көкшетау қаласы әкімінің жүлдесі үшін өткен турнирге қатысып, 46 келі салмақ дәрежесінде чемпион атанды. 5-ші сынып оқушысы Рахат Таныспаев бір жыл жаттығу жасағанына қарамастан жеңіске деген жігерлілік танытты. Екеуі де білікті бапкер Найль Ковалевтің қарамағында қазақ күресінің тәсілдерін жалықпай үйренуде.
– Бізде арнайы күрес залы болмағандықтан, таэквондо мен күрес түрлерін қалаған оқушыларымыз облыс орталығындағы тәжірибелі жаттықтырушылардың қарамағында оқу-жаттығу жиынына қатысады. Өз басым Жангелдіден зор үміт күтемін. Ол 5-ші сыныптан бастап балуандық өнерді қалады. Жарыстардағы жетістіктері де аз емес.
Әрине, аптасына төрт мәрте қала іргесіндегі Чайкино селосынан қатынау оңай емес. Осыған түсіністікпен қараған жас балуанның әкесі мен анасы Қайрат пен Зәмзәгүлге шынайы ризашылығымды білдіремін. Ол екеуі спорттық киімдер сатып әперіп, жарыстар мен жаттығуларға жүйелі қатысуына қамқорлық жасап отыр. Жангелді біздің мектептің үкілі үміті. Келесі жылы республикалық «Жас барыс» сайысына қатысуға даярлап жатырмыз, – дейді дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Талғат Алпысбаев.

Назерке ӘШІМҒАЗИНОВА,
№15 жалпы білім беретін мектептің
 әлеуметтік педагогы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар