72 жылдан кейін туған жердің топырағы бұйырды

«Қаза тапқан ең соңғы жауынгердің денесі жерленгенше, соғыс аяқталмайды» – деген орыстың даңқты қолбасшысы Александр Суворовтың сөзімен айтқанда, осыдан жетпіс жылдан астам уақыт бұрын аяқталды деп айтылып жүрген Ұлы Отан соғысы зардабының әлі де біте қоймағанын бағамдайсыз.

Өйткені, жерленбей қалған жауынгерлердің мүрделері ұрыс даласынан ара-тұра табылып, есімдері анықталып, қайта жер қойнына беріліп жатқан оқиғалар ұшырасады. Күні кеше бұрынғы Кенигсберг – бүгінгі Ресейдің Калининград облысы аумағынан табылған жерлес жауынгердің мүрдесі де туған жер топырағына тапсырылды.Енді осы оқиғаға кеңірек тоқтала кетейік. Өткен жылдың қазан айында «Калининград облысының іздеу тобы» ұйымынан хат келген еді. Онда Багратион қалалық округі аумағынан құрылыс жұмысын жүргізу кезінде бульдозермен жер қазып жатқанда белгісіз жауынгердің мүрдесі табылғандығы жазылған екен. Осы маңнан тот басқан жауынгерлік медаль табылады.
Содан кейін «Қызыл жұлдыз» ордені шығады. Кейінірек мұрағат құжаттарынан табылған орден нөміріне қарап, оның қызыл әскер Қамаш (шын аты Қамидолла)  Бекмұхамбетовке берілгендігі анықталады. Соғыста көрсеткен ерліктері үшін ол «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен және «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталған екен. Шығыс Пруссия жерін азат ету үшін болған шайқастардың бірінде хабарсыз кеткен деген мұрағат құжаты сақталыпты.
Қамаш Бекмұхамбетов «Қызыл жұлдыз» орденін бүгінде Кубановка аталатын Горокупенен елді мекенін жау әскерінен азат ету шайқасында көрсеткен жанқияр ерлігі үшін алыпты. Жерлес жауынгердің есімін анықтауда жоғарыда аталған іздеу тобының төрағасы Николай Кисель мен «Красная звезда» іздеу тобының командирі Алексей Солтовскийдің, Балтық әскери-теңіз флотының әскери-мемориалдық қызметінің бастығы Олег Бобровскийдің еңбектерінің зор болғандығын атап өткен артық болмас.
Туыстары еркелетіп Қамаш атап кеткен жауынгер 1917 жылы Еңбекшілдер ауданында ауыл молдасының отбасында дүниеге келеді. Әкесі дін өкілі ретінде қуғынға ұшырап, кейін атылады. 1942 жылы әскер қатарына алынып, қысқа мерзімді дайындықтан өткен соң бірден майданға аттанады. Туыстары кейінірек Ерейментау ауданының Өлеңті ауылына қоныс аударады. Көптеген ұрыстарға қатысып, 1945 жылы жоғарыда айтып кеткеніміздей, Пруссия жерін жаудан азат ету кезінде қазаға ұшыраған. Белгісіз себептермен оның мүрдесі жерленбей қалған екен.  
Ұзақ жылдардан кейін, жауынгердің мәйіті туған жер топырағына әкелінді. 25 маусым күні Өлеңті ауылдық әкімдігінің алдында мүрдесін туған жерге қайта жерлеуге әкелінген жерлес жауынгердің  құрметіне арналған митинг өтті.

Оған аудан әкімі Ермек Нұғыманов, облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығы, полковник Жанат Ережепов және ардагерлер мен майдангердің туыстары қатысты. Ұлын күтумен сарғайған анасы 1975 жылы дүниеден өткен екен. Митингіде сөйлегендер енді мұндай зұлмат соғыстың ешқашан қайталанбауын тілеп, Отан үшін жан қиған жауынгерлердің есімі ешқашан ұмытылмайтынын атап өтті. Жауынгерлер майдангердің құрметіне автоматтан оқ атып, отшашу берді. Сол күні марқұмның аруағына арнап ас берілді.
Сұлтан ДӘУІТОВ.
Ерейментау ауданы.

 

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар