Көркейттің Сарыарқа даласын

Асқар Тұрапбайұлы Исақов 1972 жылдың 8 қаңтарында Оңтүстік Қазақстан облысы Төле би ауданы (қазір Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданы) Қазығұрт тауы етегінде орналасқан Текесу ауылында өмірге келген. 1990-1992 жылдары әскери борышын өтеп келген соң Алматы байланыс техникумында сырттай оқып, «Қазақстан» ТРК-ысында телеоператор болып еңбек жолын бастайды.

Сондай-ақ, 1993 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ  Ұлттық университетінің журналистика факультетіне сырттай оқуға түсіп, оны 1998 жылы ойдағыдай аяқтап шығады. Сол жылы 31 телеарнасының «Информбюро» жаңалықтар қызметіне жұмысқа орналасады. 2000 жылы еңбек жолын халықаралық «Түркістан» саяси апталығында жалғастырып,  кейін елордада осы газеттің Астанадағы меншікті тілшісі ретінде тілшілер қосынын ұйымдастырды. Ал, 2003 жылдан бастап «Егемен Қазақстан» республикалық газетінің қызметкері ретінде он екі жыл қатарынан осы басылымның Парламенттегі тілшісі қызметін атқарды. Қазіргі уақытта осы аға басылымның Ақмола облысы бойынша меншікті тілшісі болып істейтін әріптестеріміздің бір топ өлеңдеріне газет бетінен орын беріп отырмыз.

 

Республикам жасасын!

Жаңа дәуір бастап кеткен кезеңін,
Еркін қоғам  егемен ел өзегі.
Қуан халқым, бостандықтың еншісі,
Тұр астанаң, жерің де бар – өз елің.
Марқаясың, шалқып көңіл тасасың,
Мәңгілікке Республикам жасасын!

Батырса да сөгілмеді еш іргең,
Мерейіңді тәуелсіздік өсірген.
Мұқалмадың құрыштайын қазағым,
Қиянат пен озбырлықты кешірген.
Елім менің алға қадам басасың,
Мәңгілікке Республикам жасасын!

Рухы күшті жол бермейді өшуге,
Өттік талай тар жол, тайғақ кешуден.
Енді елім сенің барлық құқың бар,
Мәселеңді өз бетіңше шешуге.
Паналамас ешкімнің де тасасын,
Мәңгілікке Республикам жасасын!

Ертелі кеш еңбек еткен қарманып,
Өр елдерге жетелеген бар маңын,
Әзиз жұртым татулығы жарасқан,
Еңсе тіктеп, еселеген арманын.
Жарқын өмір алдан есік ашасың,
Мәңгілікке Республикам жасасын!

 Ғажайып сен, Астанам

Армысың  бас қалам  – Астанам,
Дәуренін қайтадан бастаған.
Сәулеттің сән құрған ордасы,
Жайнап, өркен жай, жас қалам!

Айқара ашылды құшағың,
Әлемге самғады ұшағың.
Қазақтың кең дархан ордасы,
Достықтың мызғымас нышаны.

Көркейді, гүлденді бар маңын,
Ну болып жайқалды орманың.
Желекті құлпырған бұл ордам,
Бабамның ежелгі арманы.
Болашақ атандың қаласы,
Көркейттің Сарыарқа даласын.
Кең пейіл парасат ордасы,
Қабылдап баршаның данасын.

Есілдің жарасар аққаны,
Арайлап ататын ақ таңы.
Ғажайып салтанат ордасы,
Елімнің тірегі, мақтаны!

    Ана тілі – мәңгілік

Шаршатты ғой қарап тұрсам ой мына,
Бірақ, достым, қаймықпағын, мойыма!
Қазақ тілі мәңгілікке ананың,
Сүтіменен сіңген білгін, бойыңа.

Бай тіліміз еліміздің ырысы,
Тәуелділік тырбан өмір құрысын.
Арамызда жағымпаздар жетеді,
Жағу үшін өзгелерге тырысып.

Алайықшы ар-намысты жанытып,
Көрсетейік өзімізді танытып.
Жүреміз бе, бас салбырап осылай,
Амалсыздан құлдық киіп қамытын.

Ата-бабам дана сөзге тоқтаған,
Не күн туды ана тілді жоқтаған?
Тілім өлсе мен қалайша тірімін,
Тіршілікте онсыз өмір жоқ маған.

Істің жөнін сұрайықшы данадан,
Барын бізге бастау ләзім жаңадан.
Содан кейін өзгерейік бәріміз,
Бір сілкініс жасап ізгі санада.

              Абайға

Даналықтың даңғылын дара салып,
Жатырмысың қазақтың қара шалы.
Сен барында, даналық кәусәрінен,
Ұлылықты ұлықтар мына халық.
Құшағына алса да көрдің сызы,
Танып жатыр бүгінде жердің жүзі.
Адамзатқа адаспас жол салдырған,
Өшпес мәңгі  жаңғырар ердің ізі.

Ұшқан ұя әркімнің бар ауылы,
Қазағына ортақ сол Қарауылың.
Құлан дала бос жатыр елес кезген,
Күтіп алдан жұртының оралуын.

   Ескерткіш алдында

Елім деген жігіттерді жинадың,
Жер-ел үшін әз жаныңды қинадың.
Хан ұрпағы өзің едің Кенекем,
Қазағымның маңдайына сыймадың.

Тұлпарыңды асау мінген ойнатып,
Шылбыр тартып ауыздығын шайнатып.
Түнересің  биік тұғыр үстінде,
Бойдағы бар ыза-кекті қайнатып.

Ер намысын жанар тұлғаң Хан Кенем,
Сол рухыңмен қызынады жан денем.
Ел басына жазатайым күн туса,
Тайсалатын қалың жаудан мен емен.

Ерлігіңе кітап жаздық томдатып,
Қола құйдық нар тұлғаңа сомдатып.
Парызымыз осымен де ақталмас,
Жанымызға барады ғой сол батып.

Заманыңның айыптасам кесімін,
Өлең жазсам айбарыңа несі мін?!
Батыр баба тәуелсіздік жаршысы,
Мәңгілікке сақталады есімің!..

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар