Ауылдың өнегелі мұғалімі

 

Ұлағатты ұстаздың өнегелі ісі кейінгі жас толқын үшін темірқазық нысана, болашағына бағдар. Сәуле орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Жамал  Жексенбайқызы  Смағұл нағыз ұстаз. Ол  еңбек  жолын  Целиноград педучилищесін бітірген соң Еңбекшілдер ауданына  қарасты  Жаңалық  бастауыш  мектебінде  бастап, екі  жылдан  соң, яғни, 1980 жылдан  зейнеткерлікке  шыққанша  Сәуле  орта  мектебінде  бастауыш  сынып мұғалімі болып істеді.

 Жұмыс істей жүріп, 1983-1988 жылдар аралығында сырттай Целиноград пединститутының бастауыш мектеп педагогикасы мен методикасы бойынша жоғары білім алды. Осы 40 жылғы ұстаздық еңбегін туып-өскен елінің өскелең ұрпағына арнап келді. Мектептің, ауылдың қоғамдық жұмыстарына атсалысып, үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсетіп, еліне елеулі құрметті отанасы атанды. Өмірлік жұбайы Темірбек Арыстанбекұлы екеуі ұл, қыз тәрбиелеп, екеуіне де жоғары білім әперді. Жамалдың алдынан оқып шыққан бірнеше жүздеген шәкірттері еліміздің әр қиырында табысты еңбек етуде. Алды ғылым докторы, ғылым кандидаттары, еңбек озаттары.
Сан қырлы маман иесі сонау жылдардан бері мектепте «Қызғалдақ қыздар клубын» басқарды. Онда оқушыларға қолөнер, тоқу, тігу, бисер, квиллинг, құрастыру сияқты істердің қыр-сырын үйретуші. Өзі мұғалімдер спартакиадасында шахмат ойнайды, газет басылымдарында өз тәжірибелерімен бөлісіп тұрады.
Тәжірибелі ұстаз әрбір сабағында жаңа педагогикалық технологияларды шебер қолдана біледі. Сабақ барысында оқушылардың қабілетіне, білім деңгейіне, ынтасына қарай топтарға бөліп шәкірттерін өз бетімен еңбектенуге, ізденуге, шығармашылыққа баулып, қорытынды жасауға машықтандырады. Бала балдырған шағынан бастап айналасындағы барлық құбылыстарды санасына сіңіріп толығымен сақтап қалатыны ғылымға белгілі. Демек, дәл осы тұста шәкіртке барлық ақпаратты дұрыс және қажетті ұлтжандылық деңгейде жеткізуге ұлы ұстаз қажет. Табиғатында ұлы ұстаз болу санаулы ғана адамның маңдайына жазылған болса, өз еңбегінің арқасында ынта-жігерін тек өскелең ұрпақты тәрбиелеуге жұмсаған талантты мұғалім – ол Жамал. Ұлт болашағы бастауыш сынып мұғалімдерінің деңгейіне тікелей байланысты болғандықтан, бұл категориядағы ұстаздарды ерекше қамқорлыққа алып, аса таланттыларын ғана бастауыш білім беру саласында қалдырған жөн деп ойлаймын.
Сөзім дәлелді болу үшін, 30 жыл мектеп басқарған кезімде қос дипломды, жоғары санатты Бақыт Айтмурзина, Үмітжан Қазкенова, мақаламның кейіпкері Жамал Жексенбайқызы бастауыштың іргетасын бекем еткен ұстаздар екенін білемін. Олар оқытқан балалар жоғары сыныптарда емін-еркін оқып, жоғары сынып мұғалімдерінен алғыс алатын-ды.
Соңғы он жыл көлемінде Жамал «Сыни тұрғыдан ойлау» жобасымен жұмыс істеп келеді. Бұл тұрғыда облыстық, республикалық педоқу мен семинарларға қатысып, іс-тәжірибелерімен бөліскен ұстаз бір сұхбатында: – Семинарлардан сабақтарды өзгеше өткізуге үйрендім, бұрын білмеген ақпараттар мен мәліметтерге қанықтым, мектептегі қарапайым сабақтан ұзап шығып, облыста, республикада бүкіләлемдік педагогика саласында болып жатқан өзгерістерге қанықтым және олардың пайдасын көрдім, күнделікті көңіл аудармай жүрген қарапайым мәселелердің маңыздылығын ашуға өзімді бағыттай білдім, әріптестеріммен үйренгенімді бөлісіп, сұхбаттасу арқылы өрем кеңейіп, өстім, спикерлердің ғылыми көзқарастарымен бізді қызықтыра білген білімімен, бағытымен сусындадым, – дейді.
Облыстық конференцияларда оқыған баяндамалары еліміздің түкпір-түкпірінде өткен республикалық, халықаралық ғылыми тәжірибелік конференцияларға ұсынылған. Баяндамалары облыстық ғылыми практикалық конференция материалдар жинағына, 2016 жылы Алматы қаласында өткізілген ұлттық конференция материалдарының негізінде Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті басып шығарған кітапқа енген. Тәжірибелі ұстаз көптеген мадақтамалар мен республикалық конференцияларға грант және мүшелік жарналар иегері, облыстық конференцияларда топ президенті, вице-президенті, секция жүргізушісі, дискуссант сияқты қызметтер атқарған.
Таяуда Астанада Білім және ғылым министрлігінің ұйымдастыруымен өткен «Жалпы білім беретін мектептер оқулықтарының сараптамасы» комиссиясында болып, республиканың әр өңірінен шақырылған үздік ұстаздар, жоғары оқу орындарының мамандары, оқу бөлімдерінің әдіскерлері, ғылым докторлары, кафедра меңгерушілерімен тең дәрежеде өз пікірімен, ойларымен бөлісіп, болашақ оқулықтарды сараптамадан өткізген.
Бағыты айқын, айтары мол, қарастырған мәселелері анық бұл комиссиядан соң жаңа оқу жылында жаңа оқулық мектеп оқушыларының қолына тиеді деген үлкен үмітте оралдық, – дейді ғалым ұстаз.
 Міне, көріп отырғанымыздай, шағын ғана ауылдан шыққан ұстаздың еңбегі ұшан-теңіз. Осы еңбектері мемлекет тарапынан, Білім министрлігі, оқу бөлімдері тарапынан лайықты бағаларын алып жүрді. 2008 жылы Ыбырай Алтынсарин атындағы медальмен марапатталды. Облыс, аудан әкімдерінің Алғыс хаттары, Білім және ғылым министрлігінің, облыстық, аудандық білім басқармалары мен бөлім басшыларының бірнеше мәрте мадақтамалары, мектеп әкімшілігінің, кәсіподақтарының Алғыс хаттарының иегері. 2008 жылы Білім және ғылым министрлігінің тегін жолдамасымен Түркияның Анталия шипажайында дем алып қайтты.
Ұлағатты ұстаз, білгір маман биылғы оқу жылының соңында зейнеткерлікке шығып отыр. Әйтсе де өнегесі көпке ортақ.

Қабиден ОМАРОВ, Еңбекшілдер ауданының құрметті азаматы.

Еңбекшілдер ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар