Туған ел жайлы толғансам

 

– Шіркін, заман-ай, – дейтін ертеректе елдегі көнекөз қарттардың бірі, соғыс және еңбек ардагері Шайхислам ақсақал, Шайқы Уәлиев, – осы жасқа дейін біз не көрмедік. – Кешегі шал-шауқан, кәрі-жасты, шиеттей бала-шағаға дейін қынадай қырғын ашаршылық жылдарды, одан қалды кейінгі ұжымдастыру науқанын да, ел басына алапат болып тиген, аждаһадай аранын ашқан қантөгіс соғысты да, тың және тыңайған жерлерді игеру кезіндегі солақай саясатты, бертінгі тоқырау кезеңін де, бәр-бәрін ағайын жұртпен бірге көріп, мойнымызға түскен атан жүкті иық тірестіре көтере білдік. Енді міне, бүтіндей елді жайлаған коллективтендіру науқанынан бастап, ірілендірілген МТС-тар мен колхоз, совхоздардың бәрісі жекешелендіру деген желеумен талан-таражға түсіп, тарап жатқанын, сөйтіп, әркім өз күнін өзі көрмекке жанталасып, алғашқы беттен акционерлік қоғамдар, түрлі кооперативтер, жекелеген серіктестіктер құрыла бастаған шақты да тәуба делік, тағы да көзбен көріп отырмыз…

 

Бес түп қана Қарағаш,
Болатын бала кезімде.
Ауылдың сиқы жалаңаш,
Боранның дүлей көзінде.
             Жақан СЫЗДЫҚОВ.

Осы арада өткенге сәл көз жүгіртсек, жоғарыда Шайқы ағамыз айтқандай, ауылдың ауыл болып ірге теуіп қалуына, шағын ғана артельдің жаңа туған сәбидей аяғынан қаз басып кетуіне кешегі кеңес өкіметі құрылған заманның өзінде елден шыққан белсенділер, тұңғыш құрылған партия ұясының мүшелері Кәкім Жүнісов, Ерден Шәймерденов, Күнтас Рахин, Жанбай Байшағыров, Қажыбай Сыздықов, тағысын тағылар білек сыбана кірісіп, тіпті, бертінге дейін әр тарапта бой тасалап жүрген жергілікті бай-манаптардың тепкісіне ұшыраса да, еменнің иір бұтағындай тегеуріндік танытқандықтарын сол кездегі елдің көзі тірі абыз ақсақалдары, яғни, үлкендер жағы бастарын шайқап, көздеріне жас үйіріліп, жыр етіп, айтып отырушы еді.
Солай демекші, осы өңірге алғашқы «қызыл сұңқарлардың» бірі атанған, жер бөлу мәселесімен әдейілеп осы елге келген Сәкен Сейфуллиннің араласуымен іргетасы сонау өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары қаланған, биылғы шілде айының 15-ші жұлдызында мерейлі 90 жылдығын атап өтпекші – Қарағаш ауылы, бұрынырақта Көкше өңірінің солтүстік-шығыс аймағындағы ірі елді мекендердің бірі саналатын. Тіпті, көршілес қоныстанған Тапшыл, Қарғалы, Жаңатілек, Аймақ сияқты шағын ауылдар мен іргедегі Калиновка, Константиновка селолары кешегі ірілендіру кезеңінде тоз-тоз болып кетуге шақ қалғанда қарағаштықтар бұларды өз санатына қосып, ірі кеңшар орталығына айналды. Қазір сол өңірден шыққан азаматтардың көпшілігі осы елде шаңырақ көтеріп, бәрімен бірге туған ағайындай тату-тәтті өмір сүруде.
Бұған дейін «Қазақстанның 30 жылдығы», Карл Маркс атындағы ұжымдар, Абай атындағы кеңшар атанған ірі шаруашылық есебінен құрылған жауапкершілігі шектеулі серіктестік бүгінде «Астық стем» деп аталады. Оның жұмысын әуел бетте-ақ өз қолына алған ұлты поляк болса да, жүрегі – қазақ, осы өңірдің тумасы, Көкшетаудағы ауыл шаруашылығы институтының «қызыл дипломды» түлегі Сергей Адамович Звольский бірден ұршықтай үйіріп әкетті. Сөйтіп, әуелгіде кім көрінгеннің жемесінде кетіп, ту талапайға түскелі тұрған автопаркті, мұнай базасының территориясын, астық сақтайтын қоймаларды, ең аяғы екі қабатты кеңсе үйін, басқа да объектілерді сақтап қалды. Мұнда қазірде екі қабатты 200 орындық дәмхана, наубайхана, монша жұмыс істейді. Ал, осыдан бірер жыл бұрын осы ауылдың тумасы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, жазушы Жабал бауырымыздың, Жабал Ерғалиевтің тікелей демеушілігімен ауылда Жұмжұма имам атындағы мешіт үйі ашылды. Бүгінде оған жиналған қауым бастарын сәждеге тигізіп, намазға жығылып, имандылыққа бет бұруда.
«Жалғыздың үні шықпас» деген мәтелді жадында ұстаған Сергей Адамович кейіннен өз командасына жоғары білімді, білікті агроном Талғат Сұңғатұлы Хамидуллинді, іскер де еңбекқорлығымен көзге түскен Елубай Бірімжанұлы Оқасов, Мұрат Махметұлы Нұрпейісов сияқты жігіттерді бірлесіп жұмыс істеуге тарта білді. Сонымен бірге, еңбек етуге қабілетті ауыл адамдарының көпшілігі әр өндіріс учаскесіне бекітіліп, айлық еңбекақыларын да уақытылы алып тұратын болды. Қазіргі күнде бұлар 20 мыңдай гектар жерге егін себумен, ірі қара және жылқы өсірумен, картоп дейсің бе, сәбіз бен қырыққабат дейсің бе, әйтеуір көкөністің неше түрін көктемде отырғызса, күз жете оны тұрғындарға, шеттегі елді мекендерге өткізумен айналысады. Сондай-ақ, тұрғылықты халыққа өз пайлары есебінен ұн мен жем, көмір мен отын да, пішен мен тюктелген сабан да жеңілдетілген бағамен босатылады.
Осындағы әр үйге су құбырлары да тартылған. Электр шамы ол болса, күн-түні жарқырап тұр. Тіпті, талай жылдан жыр болып келе жатқан «Көкшетау-Омбы» трассасының бойындағы іргелі Аймақ
ауылынан Қарағашқа дейінгі ойдым-ойдым шұқанақ боп қалған 20 шақырымдық тас жол да қайта тегістеліп, жөнделуде.
Міне, осындай ақ адал еңбегімен жерлестерінің алғысына бөленіп, құрметіне ие болған «Астық стем» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бұрынғы басшысы, «Құрмет» орденінің иегері, аудандық мәслихаттың бірнеше мәрте депутаты болған Сергей Адамович Звольский бүгінде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің тұңғыш сайланған депутаты. Ал, оның халық игілігі жолындағы ізгілікті ісін кейін Елубай Оқасов өз үзеңгілес әріптестерімен жалғастырса, қазіргі күнде аталмыш серіктестікті осы ауылдың тумасы, білікті азамат Талғат Хамидуллин басқарып отыр. Сергей Адамовичтің ұлы өзі аттас Сергей Сергеевич те бүгінде серіктестіктің белді мүшелерінің бірі. Ол бас инженерлік міндетті абыроймен атқарып жүр.
Әңгімені тағы да әріден қозғасақ, ел басына қара бұлт болып үйірілген сонау соғыс жылдарының өзінде Қарағаш ауылынан ұзын-ырғасы жүзден астам ер азаматтар (нақтысы 125 адам) қолына қару алып, қан майданға аттанса, солардың көбісі (68-і) ұрыс даласында мерт болып, туған елден шалғайда, жат жерде топырақ бұйырған екен. Ал, қанды қырғын соғыстан аман қайтса да, бір-бір аяқтан айырылған Мұхамеджан Жомартов, Зейнеш Салықбаев, оның інісі Қабия Салықбаев, Сәңкібай Есімов, Боранбай Балапанов, Серғазы Құлтанов, Ғазез Әбішев, Шалабай Балғабеков, Молдахан Гафаров, Ахметжан Әбділманов, Нығметолла Құлтанов, Шариполла Қасымов, Балғожа Сұлтанов, менің әкейім Көшкен (Ғұмар) Зікірияұлы, туған інілері Сейфолла мен Хаймолла, ағайынды Есболат пен Тасболат Байшағыровтар, Досмұқан Есімов, тағы басқалары туған ауылдың көркейіп, өсіп-өркендеуіне өздерінің ақтық демі біткенінше хал-қадерінше үлестерін қоса білді.
Осы арада ауылдағы тек бір ғана шаңырақ басына қара бұлттай үйірілген қайғы-қасіретті тілге тиек ете кетудің артықтығы жоқ қой деп ойлаймын. Мәселенки ел ішінде абыз ақсақал атанған Жұмжұма атайдың соғысқа аттанған бес ұлының төртеуі бірдей: ағайынды Мұхаметқали, Нұрғали, Набиғали (Нәбікен), Қинаятқали зұлым жауға қарсы жан беріскен ұрыста мерт болған екен. Ал, шалғайдағы сол жат жерде туған елден топырақ бұйырмай көмусіз, еш белгісіз қалған боздақтар саны қаншама десеңізші.
Иә, айта берсек сұм соғыстың зардабы, оның әр шаңырақ басына түсірген тауқыметі әлі күнге ұмытылмақ емес. Сондай-ақ, тылда тәуліктеп жұмыс істеген Бірімжан Оқасов, Ерғали Жұмжұмаұлы, Махмет Есмұқанов, Әбділман Уәлиев, Аухат Мұқышев, Нұрғасым Әбдірахманов, Өтеген және Құлтан Қасымовтар, Құдыл Бабаназаров, Маймақ Тиесов, Әлжан Шаймерденов, Қабдырәшит Шайқыжанов, Қасымғожа Жатаев, Сұлтан Жаров, Нұғымар Жүнісов, Сұлтан Рахин, жасы жүзден асып дүниеден өткен, майдандағы жауынгерлерге жүйрік сәйгүліктер даярлаған Аяп Борсықов, Әбдікәрім, Сәдуақас, Аппас, Көшен, Қият сияқты (аты, тегі есте қалмапты – автор), бертінгі Қайырғали Қаппасов, Алпыс Қалиев, ағайынды Атығай және Алпамыс Сәдуақасовтар, Шайкен Мұхамедияров, Қойшы Әбілұлы, Махметжан Әбділманов, Қартай және Сәңкібай Рақымовтар, Аманкелді Есмұқанов, Қалыбек Шәріпов, Шәктай Қажыбаев, Башар Шаймерденов, Амантай Аппасов, Шаужан Шаймерденов, Қожақан Тиесов, Қыдырбай Балтабаев, Тарбақ Салықов, Мәктай Молдабаев, менің ағаларым Әбу, Сағит, Әмір және Қайырбек Зікіриятегі, Кеңес Хамзин, Орал Шарипуллин, Есекей Ертайлақов, Иманбай Ахметов, Теміртас Әбдікәрімов, Сартай және Жамантай Мұратовтар, Шалабай Тасболатов, Дәрмен Қалымов, Сәлім Нұртаев, Мағаз Рақымов, Амантай Тухватуллин, Қабдөш Ысқақов, Хамит Оразалин, Декат Махметов, Ойкен Ысқақов, Кәкім Беков, Есләмбек Досмағанбетов, Жылқыбай Аяпов, Мешітбай Айтжанов, Көлбай Мукачев, Қантай Қажыбаев, Далбай Оқасов, Бектемір Бодикенов сынды ер азаматтардың жанқиярлық еңбегін қалай атап өтпеске. Сол еркек кіндіктілерден қалыспай күн-түн демей егінжай мен қырман басынан табылған ақ жаулықты аналарымыз бен әжелеріміздің аруақтары риза болсын, есімдерін қалайша емірене еске алмасқа.
Ерлер есімін елі ұмытпайды, демекші, осыдан тура 10 жыл бұрын менің жерлестерім – қасиетті де киелі Қарағаш ауылының 80 жылдығын атап өткен тұста осы ауылдың тумасы, ақын Жақан Сыздықов атындағы орта мектептің жанында бұрынырақта орын тепкен аллеяға сонау сұрапыл соғыс жылдарында жаумен шайқаста мерт болған және елге аман-сау оралып, кейіндері қайтыс болған ардагер ағаларымыз бен аталарымыздың есімдері қашап жазылған ескерткіш обелискі орнатылып, солардың аруақтарына бағыштап арнайы ас берілген еді. Қазіргі уақытта атаулы әр мереке сайын, әсіресе, Ұлы Жеңіс мерекесі күндерінде, осы арада салтанатты митингтер өткізіліп, мектеп оқушылары, бұрынғы майдангерлердің туған-туысқандары обелиск түбіне гүл шоқтарын қояды.
Енді бертінгі жағдайға ауыссақ, осы ауылдан, осы құнарлы топырақтан есімдері елге белгілі қаншама ақын-жазушылар, ауыл шаруашылығы саласының небір майталмандары, қаншама ғалымдар мен қатардағы малшы, механизатордан бастап, нешеме өндіріс озаттары, тағы басқа көптеген мамандық иелері жетіліп шықты. Мәселен, осы тұрған Қарағаш елді мекенінен қазақтың белгілі ақыны, кешегі Сәбит, Ғабиттермен үзеңгілес болып қатар жүрген Жақан Сыздықов, оның туған інісі, атақты Брест қорғаны қорғаушыларының бірі, аудармашы-энциклопедші Хажымұрат Сыздықов, жазушы Елжас Бекеновтар түлеп ұшса, бүгінде сол ағалардың ізін Жақан атаның немересі, ақын, жазушы әрі драматург, Көкшетау қаласының құрметті азаматы, Қазақстан Жазушылар одағы Ақмола облыстық филиалының директоры, тәуелсіз «Бұқпа» газеті мен «Жер шоқтығы» журналының редакторы Төлеген Қажыбай, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болған, жазушы, драматург, Жамбыл атындағы халықаралық сыйлықтың иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, таяуда ғана «Тайынша ауданының құрметті азаматы» атанған Жабал Ерғалиевтар жалғастыруда.
Сондай-ақ, 70 жылдық мерейтойларын атап өткен, соның 50 жылын тікелей баспасөз саласына арнаған Ақпарат саласының үздігі, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, 30-ға жуық кітап авторы, сатирик-жазушы, осы жолдардың авторы – Сайлау Көшкенұлы, экономист, әлі күнге Ақмола облыстық ауыл шаруашылығы басқармасында баспасөз хатшысы болып қызмет істеп жүрген белгілі қаламгер Совет Хамитұлы Балтабай, ауыл шаруашылығы саласының білгірі, «Құрмет» ордені мен бірнеше медальдардың иегері, «Тайынша ауданының құрметті азаматы», бірнеше жинақтың авторы Сансызбай Алпысбайұлы Алпысбаев, Ақмола облыстық телекомпаниясы директорының орынбасары Берік Әбділманов, бірі – Астанада, екіншісі – Көкшетаудағы жоғары оқу орындарында ұстаздық қызмет атқарып жүрген, техника ғылымдарының докторлары Талғат Жүнісов (Кәкім атаның немересі), Қайролла Байшағыровтарды, ғылым кандидаттары Гүлнар Бүркітбайқызы Көшпаева мен Гүлнар Тұрлыбекқызы Жүнісоваларды, осы елден түлеп ұшқан, әрқайсысы әр жерде бірі – кеңшар директоры, енді бірі «Текстильторг» базасының басшысы, трест басқарушысы, бас мал дәрігері, жұмысшылар комитетінің төрағасы лауазымдарында қызмет істеген Бүркітбай Көшпайұлы, Алтай Нұрғасымов, Орынбасар Назаров, Орал Алдабергенов, Қауез Әлімбеков, Айтқожа Қалымов, Марден Кәкенов, Жеңіс Салықбаев, Нығмет Есімов, Қуандық Закриен, сондай-ақ, шаруашылықта бригадир, ауыл әкімі болған Сырымбет Досмұқанов, ұзақ жылдар бойы жүргізуші, механизатор болып еңбек еткен Айтмұханбет Құдылов, ағайынды Балтабай және Орал Закариндерді, тағы басқа да ұрпақтарды жерлестері орынды мақтаныш етеді.
Жерлестері, сондай-ақ, шалғайдағы ауылдан қазақ қыздарының ішінен оңтүстік астана – Алматыдағы қазақтың Қыздар педагогикалық институтына түсіп, оны тәмамдап шыққан Жібек Көшкенованы, Дариха Әбділманованы, Қадиша Әбуованы, Теміртау, Астана қалаларында тұрған Құралай Қаппасованы, Ермек Аухатқызын да сағына еске алады.
Ал, біздің, кешегі күнгі қара домалақ балалардың жастайымыздан іргелі қара шаңырақта білім алып, ел қатарлы еңбек етуімізге өзіндік елеулі үлестерін қосқан, алғашқы ұстаздарымыз, аруақтары риза болғай: Өтеген Шаймерденовтың, Кәкімжан Қайлановтың, Мәпиза Аухатованың, Жамал Бейсенбаеваның, Құсни Әутаеваның, Әлімтай Сыздықовтың, Жатай Қажыбаевтың, Бекқожа Әбдікәрімовтың, Сәткен Мәженовтің, Ғазез Әбішевтің, Хамит Омаровтың, Лидия Райнгольдовна Козловскаяның, Сұңғат Хамидуллиннің, Балташ Мағзеевтің, Серғазы Құлтановтың, тағы басқаларының есімдерін қалайша ұмытпақпыз.
Әсіресе, осы арада тап өзімнің мектеп қабырғасында жүріп қалам ұстап, қалам тартуыма, сөйтіп, өмір жолындағы журналистік мамандықты қалап алуыма мол үлесін қосқан аяулы ұстаздарымның бірі, «Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген мектеп мұғалімі», қазақ тілі мен әдебиетінен дәріс берген, марқұм Сұңғат Хамидуллиндей ел ардақтысын қайтіп сүйсіне атап өтпеске. Отыз жылдан астам осы оқу орнында әуелде қатардағы мұғалім, кейін директор болып қызмет істеген жылдары ол шәкірттерге сапалы білім, саналы тәрбие берумен қатар қоғамдық істермен айналысуды да жадынан шығармады. Тікелей Сұңғат ұстазымның бастамасымен жергілікті мектеп жанынан жерлес ақын-жазушылардың еңбектері топтастырылып, жинастырылып қойылған музей ашылды. Ондағы экспонаттар саны бүгінде тіпті көбейе түсуде.
Иә, туған елден тым шалғайда, жастайымыздан қалап алған өз мамандығымызға орай қиыр шетте жүрсек те кіндік қанымыз тамған, балалық бал дәуреніміз өткен, өзіміз туып-өскен, бүгінде өсіп-өркендеп, экономикасы жыл санап нығайып келе жатқан ордалы ауылымыз сәт сайын есімізден еш кетпейді. «Туған елдің түтіні де тәтті екен» дегендей, кей-кейде оңаша отырып, өткен кезеңді, сонау енді қайтып оралмас жастық шағымызды там-тұмдап еске түсіріп, сан алуан терең ойға шомған сәттеріңде бірауық көңіл-күйің алабұртып көтеріліп:
«Кіндігімнің жас қаны,
Тамған жерім ауылым.
Шабытымның асқары
Самғаушы еді ауылым!..»
деп әуелете ән шырқағың келеді-ау, осы!..

Сайлау КӨШКЕНҰЛЫ,
Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері,
сатирик-жазушы, Қарағаш ауылының тумасы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар