«Қуыршақ» – қуаныш сыйлайды

Театр әр балаға қуаныш, қызықты да ұмытылмас әсер сыйлайды. Ал, балалардың оқу іс-әрекетін ұйымдастыруда қуыршақ театрында қойылымдар ұсыну жолдары өте тиімді. Қазіргі таңда, мектеп жасына дейінгі балалардың ертегілер тамашалап, әдеби шығармалар кейіпкерлерімен танысуға деген ықыластары арта түскен.

Жалпы, театр балалардың эстетикалық талғамын, қиялын дамытады. Бүлдіршіндердің тілін ұштауда, олардың өмірге деген көзқарастарын қалыптастыруда театрландырылған қойылымдарда пайдасы зор. Балалар кейіпкерлерді ойнай отырып, олардың іс-әрекеттері мен мінез-құлықтарын түйсінеді. Адамгершілік жақсы қасиеттерді бойларына сіңіреді. Сондықтан да, театр қойылымдары балабақша тәрбиеленушілері үшін маңызын еш уақытта жоймақ емес.
Балаларға арналған көркем шығарманы оқыту неғұрлым дұрыс ұйымдастырылса, мектеп жасына дейінгі балалардың эстетикалық талғамын дамыту соғұрлым табысты болады. Олар барлық ертеңгілік қойылымдарды тамашалағанды жақсы көреді, тез қабылдайды. Сондықтан, бала тәрбиесінде театрдың алатын орны ерекше.
Балалар театрының бірнеше түрі бар. Ең көп тараған түрі – қуыршақ театры. Саусақ театры театр қуыршақтарының ішіндегі ең жеңілі, қол жетімдісі. Саусақ театрын сабақтан тыс кезде де қолдануға болады. 
Қуыршақ театры – қуыршақтар арқылы ойын көрсететін театрдың бір түрі. Ол бірнеше топқа жіктеледі. Киілмелі (қолға киіп ойнайтын), сылдырмақты (жіп немесе сым арқылы қозғалтатын), суретке түсірілген қуыршақтармен (қағаздағы қуыршақ кескінін экранға түсіретін) ойын көрсететін театрлар болып бөлінеді.
Осыған орай Жанайдар Мусин атындағы қазақ педагогикалық колледжінің мектепке дейінгі бөлімінде «Қуыршақ» үйірмесі жұмыс істейді. Оған қатысушылар колледжде өткізілетін барлық іс-шараларға сахналық қойылымдар дайындап, белсене атсалысады. Колледжде ертегі кейіпкерлеріне арнайы киімдер тігілген. «Қуыршақ» үйірмесі оқушыларға әртістік қабілетті арттырып, сахнада өзін-өзі ұстауына игі ықпал етеді. Жаңа жыл қарсаңында балаларға арналған «Жаңа жыл, құтты болсын!» атты ертеңгілігі ұйымдастырылады. Биыл да «Үйшік», «Африкадан келген қонақ», «Бауырсақ», «Қызыл телпек» және тағы басқа қойылымдарды жоғары деңгейде көрсете алдық. Осы үйірмедегі Мөлдір Жаңбырбаева, Индира Серікбай, Алтынгүл Жансол, Кәмила Ғазиз сынды өнерпаздардың қадамдары құтты. 
«Әр нәрсеге асық болғанша, бір нәрсеге машық бол» дегендей, осындай үйірме жұмыстарының нәтижесінде оқушылар өздеріне қажетті мағлұматтарды алып, білім мен тәжірибелерін шыңдауда. Ал, шығармашылық белсенділіктің жоғары деңгейде  болуы – сапалы  білім алудың қайнар көзі,  ажырамас  бөлігі дегіміз келеді.

Нұргүл МҰҚЫШЕВА,
Жанайдар Мусин атындағы педагогикалық колледжінің оқытушысы, «Қуыршақ» үйірмесінің жетекшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар