Әйелдер кәсіпке ынталы

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Майра Айсина шілденің 1-і күні Арнасай ауылында жұмыссыз отырған және кәсібін жаңа бастаған әйелдермен кездесу өткізді.

Ауылдағы аналардың отбасындағы күйбең тірлікпен ғана күн өткізбей, алдымен өздеріне, қоғамға пайдалы іспен айналысқандары екі жаққа да тиімді. Жүздесу барысында әсіресе бизнестерін бастап кетуге қаржылары болмай қаңтарылып отырған жұмыссыз әйелдер тарапынан көптеген сауалдар қойылды. Ол сауалдардың барлығы қаржыға байланысты. Бұл мәселенің шешімін табатын түрі бар. Депутат «Coca Cola белестері» бағдарламасының жай-жапсары туралы таратып айтып берді. Осы бағдарлама бойынша ауыл тұрғындарының қолынан әбден келетін жылыжай салу, бақша баптау, әртүрлі тағам өнімдерін өндіру тәрізді шаруалармен айналысуға ниет еткендерге  1 миллион  300 мың теңге көлемінде арнайы грант бөлінеді.

 Арнасай ауылында бес жылдан бері жұмыс істеп жатқан осы бағдарлама бойынша біршама нәтижелі істерге қол жеткізгендер баршылық. Бұрын қарға адым жер ұзап шыға алмай отырған, қолы қысқа ауыл тұрғындарына бағдарлама туралы ұсыныс үлкен ой салды. Тәуекелге бел буып, іске кіріскелі отырғандар да баршылық.
Мәжіліс депутаты мұнан соң осы елді мекендегі тұрғындармен кездесті. Кездесу барысында «Жасыл технология» негіздері туралы кеңінен қамтылып айтылды. Жаңа технологияның ілкімді тұстары аз емес. Біріншіден, өнім көлемі екі есе көбейеді, оның үстіне шығын барынша азайтылады. Табиғатқа келтірілетін залал да жоқтың қасы. Тамшылатып суару әдісін қолдану арқылы белгілі бір көлемдегі егіске бұрын 4-5 текше метр су жұмсалса, енді бір текше метр ғана су жұмсалады.
Аудандық мәслихат депутаттарымен кездесу өткізген кезінде халық қалаулысы ел Президентінің биылғы  «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауына тоқталды. Елбасы қойып отырған өзекті мәселелердің жүзеге асыру барысы, сондай-ақ, ел сенім артып отырған жергілікті депутаттардың белсенділігі туралы ой өрбіді. Майра Айсина аудан депутаттарының ел адамдары тарапынан көтерілген өте күрделі мәселелерді шешуге күш-қуаты жетпесе, Мәжіліс депутаттарына сауал жолдауларына әбден болатындығын айтып кеңес берді.
Ауылдағы демалыс бағы көп жылдардан бері қараусыз қалып, күтімсіздіктің салдарынан әбден тозығы жеткен болатын. «Жасыл экономика» коалициясы демалыс бағын қамқорлығына алып, қалпына келтіруге қол ұшын берген. Аға буынның осы бір адал еңбегін ауыл балалары да жұмыла құптап, жаз бойы бақтағы ағаштарды суарып, қолғабыс қылуды әдетке айналдырған. Халық қалаулысы осы бақта мектеп оқушыларымен кездесу өткізді. Жас толқынның ой-арманын, мақсат-мұратын көңілге түйген депутат лайықты ізбасарларының қаулап өсіп, жайқала жетіліп келе жатқанына қуанып аттанды.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Аршалы ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар