«Ақ бидай» мәреге жетті

Новобратское ауылында «EXPO-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне арналған аудандық «Ақ бидай» спартакиадасы өз мәресіне жетті.

 

Кең көлемде атап өтілген спартакиадаға аудан әкімі Қуандық Испергенов, облыстық және аудандық мәслихаттардың депутаттары, мемлекеттік мекемелердің бөлім басшылары, еңбек ардагерлері, қоғамдық және жастар ұйымдарының өкілдері қатысты. Спартакиада ашылмас бұрын аудан орталығынан келген қонақтар Новобратское ауылындағы Ұлы Отан соғысына қатысқан жауынгерлерге арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойып, жеңісті жақындатқан олардың рухына тағзым етті.
Жазғы спартакиада жаңадан салынған стадионда өтті. Оның құрылысына былтыр аудандық бюджеттен 15 миллион теңге қаражат бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылған болатын.  
Спорттық іс-шараның ашылу салтанатында аудан әкімі барша жиналған қауымды құттықтап, қатысушыларға сәттілік жолдады. Жаппай спорт пен салауатты өмір салтын жұртшылық арасында кеңінен дамыту және насихаттау – мемлекеттік деңгейдегі маңызды мәселе екенін өз сөзінде атап көрсетті. Сондай-ақ, аймақ басшысы аудан спортының дамуына үлес қосып жүрген жерлестеріне зор алғысын білдірді.
Спорт мерекесі аяқталған соң марапаттау рәсімі өз мәресіне жетті. Аудан әкімінің Алғыс хатымен және естелік сыйлықтарымен аграрлық саланың озаттары, ақпарат және байланыс, спорт және мәдениет саласының қызметкерлері марапатталды. Сонымен қатар, еңбек ардагерлері де ерекше ықыласқа бөленіп, оларға аудан әкімі атынан естелік сыйлықтар табыстады.
Аудандық жазғы спартакиада футбол, волейбол, шахмат, дойбы, отбасылық сайыстар, жазғы президенттік көпжарыс, армрестлинг, кір көтеру, үстел теннисі, дартс, ат спорты са-
йыстары (аламан бәйге – 15 шақырым, тоқ бәйге – 7 шақырым, жорға – 6 шақырым), қазақша күрес – абсолют бойынша өтті.  Стадиондағы спорттық ойындар қызған шақта, ауыл шетінде орналасқан ипподромда ат спорты сайыстары өз мәресіне жетті. Көпшіліктің күткен ат жарысына сайын даланы дүбірлеткен жүйріктердің саны көп болды. Ауданнан ғана емес, облыстың әр аймағынан және басқа өңірлерден әкелінген арғымақтардың барлығы да өз иелерінің сенім артқан сұңқары десек болады. Үздік арғымақтар жарыстарында мәре сызығын бірінші кесіп, бірінен соң бірі иелерін сый-сияпатқа кенелтті. Ірі деңгейдегі іс-шараның өтуіне қомақты қаражатты талап етеді. Сондықтан, аудандық спартакиаданың бас демеушісі – «СХП Новобратское» ЖШС-ін атап өтпеуге болмас. Серіктестікті басқарып отырған Сұлтанбек Құлжанов ат жарысқа жеке өзі ұйымдастырушылық шығындарды есептемегенде 2 миллион теңгеден астам қаражат бөлсе, басқа спорт түрлерінің жеңімпаздарына 350 мың теңгеден астам сыйлық тапсырды. Міне, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің нағыз көрінісі дегеніміз осы шығар.
Спорттық іс-шараның соңында жарыс түрлерінің жеңімпаздары дипломдармен, кубоктармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Жалпы командалық есеп бойынша Макинск қаласының командасы «Ақ бидай» жазғы аудандық спартакиадасының жеңімпазы атанды. Екінші орынды Журавлевка ауылдық округінің командасы, ал, үшінші орынды Капитоновка ауылдық округінің командасы еншіледі.
Айгүл АМАНЖОЛОВА.
Бұланды ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар