Тәуелсіздік пен Астана – егіз ұғым

Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы мен облыстық әкімдіктің жанындағы «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен Достық үйінде Астана күніне арналған Арт-бульвар ашылды.
   Арт-бульварға келген жұрт назарына Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының жанындағы халықтық декоративтік қолданбалы шығармашылық қауымдастығы шеберлері жасаған бұйымдар, балалардың шығармашылық мектебі оқушыларының суреттері, «Астана менің жүрегімде» атты фото көрме, Елбасының өмірі мен қызметі, Астана қаласы жайында сыр шертетін кітаптар көрмесі ұсынылды. Әсіресе, балалардың балғын қаламынан туған Астана қаласына арналған суреттері сәтті шыққан. Мәдени шараның ашылу салтанатында Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы төрағасының орынбасары Марал Жақыпова құттықтау сөз сөйлеп, Астана тәуелсіз елдің жасампаз жетістігі екенін атап өтті.
   –Тәуелсіздік пен Астана мәңгілік ел ұлттық идеясындағы жеті тұғырдың ең біріншісі. Тәуелсіз елдің халқы Астананы мақтаныш тұтады. Өйткені, ол ел тәуелсіздігінің символы. Жылдан жылға еліміздің экономикасы дамып, халықтың әлеуметтік жағдайы жақсарып келеді. Астанада «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің өткізілуі әлем елдерінің Қазақстанды танығанын дәлелдей түседі. Мемлекет басшысының сындарлы саясатының арқасында елімізде тұратын ұлт пен ұлыстар тату-тәтті өмір сүруде. Бейбіт елдің болашағы зор,–деді өз сөзінде Марал Жақыпова.
Бұдан кейін Достық үйінің би ұжымы би биледі. Ұлттық киімдер конкурсында сонау он үшінші ғасырдағы ұлт пен ұлыстардың киімдері көрсетілді. Жұрт «Астана менің жүрегімде» викторинасына қатысты. Конкурстардың жеңімпаздары Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының және «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесінің естелік сыйлықтарымен марапатталды. Мәдени шара аясында «Қазақстан инновациясы» қоғамдық қорының төрайымы Мәриям Әбішева «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне арналған әлеуметтік жарнама, «Greenword» эко пастерлер және «Бастама» әлеуметтік жобаларының облыстық байқауының жеңімпаздарын бағалы сыйлықтармен марапаттады.  
Рамазан БАЯҚҰЛЫ

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар