Өнермен өрнектелген күн

Облыс орталығындағы Тәуелсіздік алаңында өткен мерекелік іс-шаралар «Жүректен шыққан Астана!» концерттік бағдарламасымен жалғасып, орталыққа жиналған қалың жұртшылыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Көкшетаулық талант иелерінің өнерін тамашалауға жиналған халықтың қарасы көп болып, сахнаға көтерілген әр өнерпазға қошемет-қолдау көрсетіп, шабытын шалқытып, арқаландырғандай. Талантты жас Айдана Қуандық бағдарламалық кешті «Елбасы» әнімен ашып, Ләззат Ыдырысова «Жайна, Астана» әнімен қалың жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленді. Сонымен бірге, «Көкше» квартетінің, Әлихан Қайырбек, Анастасия Пономаренко, Ақнұр Әшім, Әуелбек Шахман секілді таланттардың әндері мен «Арай» халықтық би ансамблі, «Асыл мұра», балалар шығармашылығы  орталығының хип-хоп би топтарының өнеріне орталыққа жиналған қауым зор қошемет көрсетті.
Астана мен елімізді, махаббат пен сұлулықты жырына қосқан өнерпаздардың мерекелік кеші жастардың шоу бағдарламасымен жалғасын тауып, онда Елорда хақында танымдық тарихи мағлұматтар кеңінен айтылды. Жастар қауымына арналған бұл іс-шараның алғашқы бөлігінде көкшетаулық жас таланттардың өнеріне куә болдық. Олардың қатарында республикалық, халықаралық байқауларға қатысқан дарынды өрендер бар.
Бағдарламаның екінші бөлігінде Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің «Агрофак» КВН командасының әзілге толы шағын қойылымдары орталыққа ағылған жұртшылықтың назарын аударып, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Қазіргі уақыттың өзекті мәселелерін әзілмен, күлкімен әдемі жеткізе білген жастардың таланттары өркендей берсін деген қазақтың игі тілектері де естіліп жатты.
Мерекелік тосын сый ретінде іс-шараға арнайы шақырылған астаналық өнерпаз, эстрада әншісі Серік Гамзазаде мен Рензо тобының шырқаған әндерін көкшеліктер жылы қабылдады. Әсіресе, жастар қауымы өнерлі жігіттердің әндерін қосыла шырқап, мерекелік кештің көрігін қыздыра түсті. Алматылық акапеллашылардың ән қоржынындағы заманауи шетелдік әндер өзіндік ерекше орындаушылықтың арқасында халықтың көңілінен шығып, зор қошеметке ие болды.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар