Үш жағдай

Осы күні қазақтың тілі мен өнерін кері тартып отырған  екі-үш жағдайлар бар.

Соның бірі – көшедегі қазақшасы қате жазылған жарнамалар. Тіл деп шырылдағалы жиырма бес жылдан асты, бір түзелмей келеді. Қазіргі түрімізбен қашан түзелері де белгісіз.

Ал, осыны жөнге келтіру біздің ойымызша, түк те қиын емес. Маңдайшадағы жазулар мен көшедегі жарнамаларды тиісті орнына ілмес бұрын қазақ тіліндегі мәтінін тексертіп алатын бір орын аш та, заңмен заңдастырып қой.
Бюджеттен тақа қаржы қимасақ,  қолында мөрі бар бір білікті маман мен бір бөлме де жетеді. Сол маман мәтінді қарап, дұрыстап беріп отырсын. Бұған мойын ұсынбағандарды тиісті шара қолданып, жауапкершілікке тартса жеткілікті. Сонда қаптаған қате жазулар да сап тыйылар еді. Осыған қол жеткізе алмай отырған соң, амал нешік?!.
Екінші жағдай, басына сондай ой келген екінің бірінің қазір кітап шығарумен әуестеніп кеткені. Бір бөлігі сурет, бір бөлігі өзі туралы жазбалармен толтырылатын мұндай кітаптың әрине, көпшілікке берері шамалы. Сондықтан, бұдан осы тақылеттес «жазушылық» келешекте одан әрі жалғаса түсе ме, жоқ, әлде, өз-өзінен саябырсып барып тоқтай ма деген сауал 
туындайды.
Ал, енді үшінші пікіріміз, күнде Қазақ радиосынан, соның ішінде кейде «Шалқар» бағдарламасынан да беріліп жататын қойыртпақ әндер туралы. Бүгін де біреуі орыстың частушкасына ұқсас таныс әуенмен барын салып әндетіп жатыр. Қайырмасы былай:
Ішпесем, шекпесем,
Саған күнде гүл берсем.
Сені күнде естісем,
Басқа қызға кетпесем…
Осы да енді бір елдің эфирінен шырқалатын ән бе?!  Күнде радио тыңдай қоюға  уақыт та тапшы. Алайда, сол анда-санда тыңдағанның өзінде сөзінде  ешбір мағына жоқ,  жеңіл-желпі әуенге құрыла салған осындай  әнсымақтар қарадай қарныңды аштырады. Бұрын теледидардан да, радиодан да  берілетін әндерді іріктейтін көркемдік кеңес деген болушы еді. Олар мұндай шала-шарпы әндердің эфирге таралуына жол бермейтін. Ал, қазір… Ән  де, әнші де көп бүгінгі заманда талайлар жоғарыдағыдай оңай жолмен аңыратып жүр. Жуырда сол көркемдік кеңестер қайта құрылады дегенді құлағымыз шалып еді. Иә, мынадай «әндер» қасиетті өнеріміздің қадірін әбден түсірмей тұрғанда осындай бір шара ауадай қажет болып тұр. Осыны ұзын арқау, кең тұсауға сала берсек, эфирді рухани жан дүниемізге үйлеспейтін неше түрлі жеңіл әуеннің жайлай түсері, сөйтіп, бүгінгі күніміздің одан да мүшкіл болатыны айдан анық. 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар