Кездесулер көңілден шықты

Барлық деңгейдегі әкімдердің жыл сайынғы халық алдында есеп беру кездесулерін өткізу жөніндегі Президент Жарлығына сәйкес, ауданымыздың жеті селолық округінде осындай жүздесулер ұйымдастырылды.

Ажы елді мекеніндегі клубтың салтанат залында өткен ауылдық округ әкімінің халық алдында есеп беру кездесуіне аудан әкімі Ермек Нұғыманов (суретте), аудандық мәслихат хатшысы Қайрат Махметов, өңірдегі ветеринарлық қадағалау, пошта және телекоммуникация қызметтерінің, ауыл шаруашылығы саласы мен құқық қорғау органдарының, шаруа қожалықтарының басшылары,   ұстаздар, кәсіпкерлер, мемлекеттік қызметшілер мен округ тұрғындары қатысты. Онда баяндама жасаған  Қойтас ауылдық округінің әкімі Нарым Әлдібеков шағын және орта бизнесті дамыту жайлы айта келе, негізгі басымдылықтың мал шаруашылығына бөлінетіндігіне тоқталды. Мұнда 3 жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 15 шаруа қожалығы және көтерме саудамен айналысатын кәсіпкерлер бар. Жиында шаруашылықтардағы малды қыстан аман алып шығу,  ірі қара мал мен ұсақ малды одан әрі асылдандыру,  «Құлан», «Алтын асық» сынды мемлекеттік бағдарламаларды тұрғындар арасында кеңінен насихаттау, оның шарапатын көріп отырғандарды өзгелерге үлгі ету жайы айтылды. Сонымен қатар, мал шаруашылығы өнімдерінің ветеринарлық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, экспортқа ет шығару бойынша межені орындау да назардан тыс қалған жоқ. Әкім осы орайда, «Масақпай», «Береке – 5», «Әлдібеков», «Әубәкіров, «Жайтап – Астана», «Елешов» сынды бірқатар ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшыларына  мемлекеттік бағдарламалардың ойдағыдай жүзеге асуына атсалысып отырғандықтары үшін алғысын жеткізді. Бұдан кейін  округтегі ауылдарды дамыту, халықты әлеуметтік тұрғыдан қорғау мен білім, денсаулық сақтау және мәдениет саласындағы жетістіктер сараланды.
Аудан әкімі Ермек Нұғыманов өз сөзін «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Мемлекет басшысының Жолдауынан туындайтын міндеттерді айқындаудан бастады. Ол сондай-ақ, Торғай орта мектебіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу мен Байсары елді мекеніндегі сумен жабдықтау жүйелерін жаңғыртуға қаражат бөлінетіндігін айтты.  Әрі қарай әкім аудандағы тау-кен өндірісінің жай-күйі,  Үдемелі индустриалдық инновациялық даму бағдарламасы шеңберіндегі  жел және электр станциялары сияқты инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, ауданға және облысқа белгілі «Акдым – 1», «Кеңөткел – НС», «АФ Новомарковка – 2010», «Адал нан», «Новодолинка», «Тиянак Трейд» және басқа да шаруашылықтардың көмегімен сүтті және етті, асыл тұқымды мал мен құс шаруашылығын дамыту, өңірге бөлінген бюджет қаражатын тиімді игеру туралы мәселелерді ортаға салды. Сөзінің соңында аудан әкімі ет экспорты  бойынша белгіленген жоспарды орындауға сүбелі үлес қосып жүрген ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшыларын марапаттады. 
Бұдан кейін Бозтал ауылында өткен есепті кездесуде ауыл әкімі  Қанат Мұқанов ауыл тұрмысы, малдың инфекциялық  ауруларымен күрес, мал санын еселеу бойынша алда тұрған міндеттер, ет экспортының ауылдағы әлеуеті туралы баяндады.  Әлеуметтік сала да назардан тыс қалған жоқ. Осы тұста  ауылдық клубтың, спорттық алаңдардың жоқтығы мен халықты жұмыспен қамту және жолдардың сапасы туралы толғақты мәселелер ортаға салынды. Сондай-ақ, мұнда округтегі қоғамдық шараларды өткізуге белсенді қатысатын кәсіпкерлерге жергілікті биліктің ризашылығы жеткізілді.  Әкімнің сөзінен кейін округке жаңа учаскелік полиция инспекторы таныстырылды. Енді бұл қызметті атқарып, елді мекендердегі тыныштықты күзету полиция майоры К.Есімовке жүктеліп отыр.
Өлеңті селолық округінің әкімі Балтабай Хосыбаевтың есеп беру кездесуінде жасаған баяндамасы да жан-жақты, әрі мазмұнды болды. Ол экономикалық көрсеткіштер мен ауыл тұрғындарының әр салада қол жеткізген жетістіктерін бейнематериалдар арқылы көрсетіп отырды. Ерейменнің бұл өңірі де мал шаруашылығын өркендетуге аса қолайлы аймақ болғандықтан, әкім баяндамасындағы басымдылық та аталған салаға берілді.  Жиында елді мекен тұрғындарының ауыл шаруашылығына қатысты мемлекеттік бағдарламалардың шарапатын көре бастағандығына да ерекше назар аударылды. Осы орайда, мұнда құс шаруашылығының да қанат жая бастағанын атап өтпеске болмас. Мал азығының тапшылығы, осыған байланысты алдағы жылы азық болатын дақылдарды молынан егу де әңгіме өзегіне айналды. Тозығы жеткен техниканы жаңғырту жайына  айрықша көңіл бөлінді. Білім беру саласындағы жетістіктер, медицина қызметкерлері жүктемесінің шамадан тыс екендігі, елді мекендерді абаттандырып, көркейтуде тұрғындар белсенділіктерінің артуы да кездесуде қызу талқыланған жайлар болды.
Жалпы, ауылдық округ әкімдерінің халық алдында есеп беру кездесулерінің ауданда жоғары деңгейде ұйымдастырылғандығын атап өткен жөн. Кездесулерде қойылған сауалдардың бірқатарына бірден тиісті жауап берілсе, қайбіріне арнайы мамандар жазбаша жауап қайыратын болып келісілді.

Раушан БАРЖАҚСЫ.
Ерейментау ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар