Диқан болған Диханбай атам

Менің атам Диханбай ертеде азын-аулақ малын ағасы Алшынбайға қалдырып, жаз бойы Қорғалжын өңіріндегі Қараегін, Ащыкөл-Тұщыкөлдегі переселен орыс казактарына жалданып, егін егіп, күзге қарай азын-аулақ табысына бидай, картобын алып, ел отырған қыстаққа қайта оралады екен.

1929 жылы Ақмола қаласының іргесіндегі Майбалық деген жерге жоғарыдан уәкіл келіп, елде ұжымдастыру науқаны жүріп жатыр деп Тайтөбеде қосшы (артель) ұйымдастырады. Енді қосшыны кім басқарады десе, ешкім үндемейді. Содан уәкіл:
– Кім егін егу біледі? – деп сұрайды.
Тағы да үнсіздік. Содан менің атам Диханбай шыдай алмай:
– Мен білемін егін егуді, – десе керек.
– Ендеше, сіз қосшының төрағасы боласыз, – деп сол арада уәкіл әкемді басқарма төрағалығына сайлап кетеді.
Содан ауыл ұйымдасып, бірі өгізін, бірі сиыры мен атын соқаға жегіп, егін салады. Алланың әмірі, азғантай ғана еккен егіндері сол жылы мол өнім береді. Содан келесі жылдың егісіне дайындық кезінде жергілікті халық атамды:
– Бұл біз білсек, Қорғалжын жақтан кәмпескеде қашып келген бай, – деп көрсетіп жіберген көрінеді. Өйтпесек, қазақ боламыз ба?!.
Ертеңінде атамды Ақмоланың түрмесіне қамап тастайды. Содан он-он бес күн өткенде тар қапастан қашып шығып, Тайтөбеге келіп, қосағы, әжем Зылихаға: «Сен балаларды алып, Омбының шетіне жетсең, өзім тауып аламын» деп атына мініп бір-ақ тартады.
Содан әжем екі сиырын кезек жегіп, он бес-он алтылардағы менің әкем мен одан кіші Әнесін алып, бір ай дегенде Омбының іргесіне жетеді. Кейін ел аяғы тынышталған 1934-1935 жылдары ер жетіп қалған әкем жаңадан ашылған Степняк алтын кенішіне келіп жұмысқа орналасады. Сонда руы Қарауыл, Шарбан анама үйленеді. Әкем соғыс басталған күннің ертеңінде әскерге алынып, 310 атқыштар дивизиясының құрамында жаумен шайқаста жараланып, елге қайтады. Сөйтіп, қайрадан жер астына шахтаға түседі. Содан 1943 жылы мен туыппын. Інісі Әнесті шахтадан броньмен соғысқа алмай жүргенде, бірге істейтін алты жігіт қатарынан бес-алты рет өтініш жазғанда барып, 1944 жылы соғысқа алып, 7-8 айдан кейін қара қағаз келіпті.
1948 жылы атам «сүйегім елде қалсын» деп Қорғалжынға қайта көшіп келеді. Осында бала-шағасымен аудан орталығынан 6-7 шақырым қашықтықтағы «Абай» колхозына тұрақтайды. 2-3 айдан кейін колхоз отгонға (бертінгі Теңіз ауданы «Аршалы» кеңшары) бар дейді. Содан 1950 жылы сол отгонда әжем бір жерде, араға 4-5 шақырым салып, атам екінші жерде мәңгілік топырақ бұйырады. Бұның бәрін жазып отырған себебім – сол кездегі елдегі жағдайдың қиындығы, сталиндік зұлматтың зардаптары. Кейін әкем колхоздың ауыртпалығынан құтылсам деп шахтаға қайта барғысы келеді. Колхоз болса жібермейді. Содан не керек, үш күн ауырдым деп жұмысқа шықпағаны үшін ауданның прокуроры мен соты жауапқа тартып, соттамақшы болады. Алланың жәрдемі шығар, әкемді тура келген қатерден шаруашылықтың атақты шопаны, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты Зағи Абақова алып қалады. «Сіздің шаруаңыз болмасын, бұл біздің жұмысымыз» деген сот пен прокурорға депутаттығын арқаланған Зағи шешеміз: «Шаруаңыз болмасын деп маған қалай айтасыңдар, үш күн жұмысқа шықпағанды соттай берсеңдер, колхозда кім қалады?» деп босаттырып жіберген екен. Содан 1951 жылы әйтеуір, отгоннан колхоз орталығы Абайға қайта оралған әкем шөп бригадасында күндіз шөп маяласа, кешке шалғы қайрайды. Ал, анам бригадада аспазшы болады. Әкем әңгімешіл еді. Қолы босағанда жастар жиналып әңгіме айтқызады. Ол кезде ауылдағы жер аударылып келген неміс, шешен жігіттері қазақшаға судай. Барлығы әкемнің арасында тұздықтап қоятын әзіл-оспағына қарқылдап күліп жатқаны. Сондағы есімде қалған бір әңгімесі былай өрбитін:
– Бірде өгіз шанамен ауылдан 8-9 шақырым жерден шөп әкелуге бара жатқанмын. Ауылдан бір шақырымдай шыққан соң артыма қарасам, бір түлкі соңымнан еріп келеді. Әдемі түлкі екен. Қойнымда жарты таба нан бар. Өйткені, шөп артып болған соң тамақтанамыз. Қолма-қол нанды алдым да, түлкіге кішкентай бір бөлігін лақтырып көріп едім, ол жеп алды. Содан айырымды дайындап алдым да, нанның жартысын кішкентайдан бірнеше бөлікке бөліп, түлкіге ақырындап лақтыра бердім. Бірте-бірте нанды шанаға жақындау тастадым. Түлкі де нанға қызығып шанаға жақындай берді. Сол кезде ыңғайлаған айырыммен түлкіні бастан періп кеп жібердім. Түлкі сылқ етіп жата қалды. Тоқтадым да шанаға салып алдым. Содан тіккізген тымағым талай жыл өтті, үйде ілулі тұр. Анда-санда ғана киемін ғой, – дейтін.
Кейін бұл әңгімені өмір бойы аудандық газетте тілші, кейін редактордың орынбасары болып қызмет атқарған ағам Аманжол Алшынбаев республикалық «Балдырған» журналына қаз-қалпында жариялатқаны бар.
«Қартайдық, жас ұлғайды, қайғы ойладық» деп ұлылар айтқандай, осының бәрі, ата-әжем көрген қиямет-қайым, сұм соғыстың ауыртпалығы, қара халықты билеп-төстеген шолақ белсенділердің әрекеті жасым келген осы күні еріксіз есіме жиі-жиі түсіп кетеді. Қазір жетпіс бірдемін. Әлі күнге өзім сүйіп оқитын «Арқа ажары», «Айқын» газеттерін үйге жаздырып аламын. Сол бір қысылтаяң кезеңде үлкендер қиыншылықтан басқа тақа не көрді?!. Осы ой маза бермей, аяулы есімдері ұмытылмасын, аруақтары риза болсын деп қолыма қалам алдым.

Амангелді ДИХАНБАЕВ.

Қорғалжын ауданы.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар