Талабы зор Салтанат

Бала жүрегі – кішкентай күйсандық. Ол сандықтың кілтін тапсаң ғана ашылады. Мұғалімнің қолында әр кез сол кілт жүруі керек.
Осы даналықтан түйетін бір ой, шәкірттердің дарынын ашатын да, әрі қарай маздататын да – ұстаз.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер – бүгінгі мектеп оқушылары, мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады» деп елімізге білімді де білікті жастар керек екенін баса атап көрсеткен болатын. «Дарын деген дара тұлға» демекші, әр білім ошағында өз дарындары, таланттары кездеседі. Осындай кішкентай дарындарымыз біздің №21 орта мектебімізде де баршылық.
Солардың бірі – мектебіміздің мақтанышы Салтанат Нұрлы-бекқызы Өмірзақ. Салтанат қазір 6 сыныпта оқиды. 1 сыныптан бас-тап ол алғырлығымен, зеректігі-мен, білімге құштарлығымен ерекшеленді. Ол 2 сыныптан бастап пәндік олимпиадаларға, ғылыми жоба сайыстарына қатысып, жүлделі орындарды иелене бастады. 
Үш жыл қатарынан облыстық «Зерде» ғылыми жобалар сайысына қатысып, бірінші орынды және бас жүлдені иеленді. Биылғы оқу жылында Салтанат әкесімен бірге жеті қазынаның бірі – құмай тазыны зерттеп, ғылыми жұмыс жазды. Бұл жоба облыстық сайыста екінші жүлдеге ие болды.  Салтанат облыстық «Зерде» ғылыми сайысында өзіне көптеген достар тапты, білімін шыңдап, көп жаңалықтарды естіп,  білді.
Балаға жастайынан зерттеу жұмысымен айналысу оңай емес. Оған мұндайда ең алдымен, бағыт-бағдар беретін мұғалімі. Сондықтан, бастауыш сынып мұғалімдеріне де артылатын жүк өте ауыр. Бастауышта білім қалай қаланса, орта буын, жоғары сыныпқа дейін бала сол бағытпен кетеді. Әр ұстаз, әр ана шәкірті, бауыр еті – баласы өзінен асса екен, оқ бойы алға ұмтылса, тұлпардай топ жарған, сұңқардай биікте самғаған азамат болса екен дейді.
«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» демекші, әр мұғалім алдында  отырған оқушының білімді, тәрбиелі, ертеңгі елдің тізгінін ұстайтын, ұлт болашағын ойлайтын, қазақтың көк байрағын биік желбірететін саналы азамат болып өсуін қалайды. Олай болса, әрбір білім ұясында біздің Салтанаттай білімді де білікті шәкірттер көп болса екен деймін.

Меңдігүл  ЖАМАНОВА,
Көкшетау қаласындағы №21 орта мектептің
бастауыш сынып мұғалімі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар