Жамбы атудың алғашқы жеңімпаздары

Жамбы ату – қазақ халқының ұлттық жауынгерлік ойыны. Ертеде кең тараған мергендер сайысы соңғы уақытта мүлде ұмытыла бастаған еді. Бүгінде оны қайта жандандыру мақсатында Краснояр селосына қоныстанған облыстық балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебінде жамбы атудан алғаш рет жарыс ұйымдастырылғанын естігенде, көңіліміз бір марқайып қалды.

Ертеде жамбы ату ойындарында жігіттер атпен шауып келе жатып, екпінін бәсеңдетпестен құрулы тұрған нысананы найзамен көздеген болатын. Соңғы жылдары ережеге өзгерістер енгізіліп, найзаның орнына садақ қолданыла бастады.
Жақында Краснояр селосында ұлттық спорт түрі – жамбы ату сайысы облыс тарихында тұңғыш рет ұйымдастырылды. Оның салтанатты ашылуына Краснояр селолық округінің әкімі Базарбай Әбуов пен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Әлімжан Молдағали қатысып, сәттілік тіледі. Сондай-ақ, спорт мектебінің жаттықтырушысы Айболат Естай жарысқа қатысушылар үшін жамбы атудан арнайы шеберлік сыныбын өткізді.
Жамбы атуға 28 талапкер қатысты. Жасөспірімдер түрегеліп тұрып 10 метр қашықтықты 5 мәртеден көздеді. Мұнда 32 ұпай жинаған красноярлық Рахман Дәулетхан мергендік танытты. Зеренді ауданының Ортақ ауылынан келген Нұрсұлтан Орал одан бір ұпай кем жинап, екінші орыннан көрінді. Ал, үшінші орын красноярлық Санжар Балтабаевтың еншісіне бұйырды. Ересектер арасындағы сайыста Көкшетау қаласының тұрғыны Серік Нұрпейісов 31 ұпаймен үздік деп танылса, оның жерлесі Ербол Тұқаев 25 ұпай жинап, екінші орынды місе тұтты. Сондай-ақ, красноярлық Есберген Сыздықов үшінші орынды қанағат етті.
Осындай ұлттық ойынның ұйымдастырылуына қол ұшын беріп, демеушілік жасаған Қайрат Құрсарин, Дәурен Қанапин және Ербол Тұқаев есімді ұлттық спорт жанашырларының ізгі ниетіне сүйсініс таныттық.
Бұрыннан келе жатқан ұлттық спорт түрлерінің қатарына енді жамбы ату қосылды. Сайыстағы алғашқы нәтиже жаман емес. Ең бастысы, жастардың бойынан спорттың осы түріне деген ынта-ықылас байқалады. Белгілі бапкер Естайдың жамбы атудан мергендері көп болады деген сенімдеміз.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар