Бюджеттен бөлінген барлық қаржы толық игерілуі керек

Облыс әкімі Мәлік Мырзалиннің төрағалығымен өткізілген кезекті әкімдік мәжілісінде Ақмола облысының 2017 жылдың бірінші жартыжылдығындағы әлеуметтік-экономикалық даму және осы аралықтағы бюджеттің орындалу қорытындылары туралы мәселелер қаралды.

Мәжіліске аудандар мен қалалардың әкімдері, облыстық департаменттер мен басқармалардың, ведомстволар мен мекемелердің, ұлттық компаниялар мен кәсіпорындардың басшылары, облыс әкімі аппаратының жауапты қызметкерлері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Әкімдік мәжілісінде облыс әкімі алдымен жиналғандарға «Есіл» ӘӨК ҰҚ» АҚ директорлар кеңесінің үстіміздегі жылдың 17 шілдесіндегі шешімімен «Есіл» ӘӨК ҰҚ» АҚ Басқармасының төрағасы болып тағайындалған Қазбек Сапарбекұлы Ескендіровты және Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Көлік комитеті төрағасының үстіміздегі жылдың 19 шілдесіндегі бұйрығымен Ақмола облысы бойынша көлікті бақылау инспекциясының басшысы болып тағайындалған Жанболат Камериданұлы Хамитовты таныстырды.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша сөз облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қанат Дүзелбаевқа берілді. Ол осы орайдағы жағдайды толық баяндап шықты. Облыстық әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары жылдың бірінші жартыжылдығы негізінен оң көрсеткіштермен аяқталғандығын айғақтайды. Ауыл шаруашылығында жалпы өнім көлемі 61,5 миллиард теңге немесе 102,5 пайызды құрады. Мал мен құстың өсімі байқалды. Өнеркәсіп кәсіпорындары да жаман жұмыс істеген жоқ. Олар 250,6 миллиард теңгенің өнімін өндірді. Жыл аяғына дейін құны 95 миллиард теңгенің 6 жобасын іске қосу көзделуде. Мұның өзі 969 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Салынған инвестиция көлемінің де өткен жылдың тиісті деңгейімен салыстырғанда 10,8 пайызға өсе түскендігін атап өту керек. Жергілікті бюджеттің бірінші жартыжылдықтағы кірісі 29 миллиард теңгеден асты. Сөйтіп, барлық өңірлер жоспарды орындап шықты.
Нақ осы бюджеттің орындалуы облыстық қаржы басқармасының басшысы Талғат Бөлтеновтың баяндамасында кеңінен қамтылды.
Жалпы, облыс бюджеті биыл 225,9 миллиард теңгені құрайды. Облыс дотациялық аймақ болып табылады. Бюджет қаржысының 70 пайыздан астамын субвенциялар, трансферттер мен несие түрінде берілетін республикалық бюджет қаржысы құрайды. Мұндайда бюджеттің әр теңгесін тиімді жұмсаудың маңызы өте зор. 2016 жылмен салыстырғанда бюджеттің шығыс бөлігі 25 пайызға артқан. Оның ішінде әлеуметтік қажеттіліктерге 50,5 миллиард теңге қаржы бөлінген.
Облыстық бюджет бойынша 21 басқарма өздеріне бөлінген қаржыны толық игеріп, жақсы нәтижеге қол жеткізді. Алайда,  1 миллиард 355,9 миллион теңге қаржы игерілмей қалды. Соның ішінде құрылыс басқармасы 622,2 миллион теңгені, ауыл шаруашылығы басқармасы 652,0 миллион теңгені игере алмаған. Осындай өңірлердің қатарында Бурабай, Шортанды, Целиноград және Аршалы аудандары бар. Баяндамалардан кейін Қорғалжын ауданының әкімі Қайыр Рыскелдинов, Еңбекшілдер ауданының әкімі Асқар Қиықов, Бурабай және Жақсы аудандарының әкімдері Қанат Қарауылов пен Қанат Сүйіндіков, облыстық құрылыс басқармасының басшысы Марат Әубәкіровтің есептері тыңдалды. Олар қаржының толық игерілмеуінің себептеріне тоқталып, алдағы уақытта жағдайды түзейтіндіктеріне сендірді.
Мәжіліс қорытындысы бойынша облыс әкімі нақты міндеттер қойды. Дамудың оң жетістіктері бары атап өтіліп, соған қарамастан, жұмыс қарқынын арттыру, қолда бар мүмкіндіктерді кеңінен пайдалану жағы әлі де жетіспейтіндігі екшеленді. Жұмыс істеп тұрған өңдеуші кәсіпорындардың қуатын арттырудың әр аудан бойынша жоспары жасалып, оның орындалуы қатаң бақылауда ұсталуы керек. Ауыл шаруашылығы кооперативтері жөнінде де халық арасында түсінік жұмыстарын жүргізу шарт. Кейбір аудандар инвестиция тартуда уақыт талабына ілесе алмауда. Мемлекеттік жекеменшік-әріптестік жұмыстарымен де жете айналыспай болмайды. Мәжілісте тап осындай іргелі міндеттер елді мекендерде жеке кәсіпті дамытып, жұмыс орындарын ашу, қысқы жылу беру маусымына дайындықты бір сәт те естен шығармау, күні бұрын арзандау бағамен отын қорын жасау, жаңа оқу жылына дайындық, бюджеттің кіріс және шығыс бөліктерін дұрыс орындау тұрғысынан да қойылды. Әсіресе, кіріс бойынша олқылықтар бары айтылып, әр әкімге нақты тапсырмалар жүктелетіні атап көрсетілді.   

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *