Бір жазда сан жұмыс – жақсы нышан

Облыстық ішкі саясат басқармасы ұйымдастырған  баспасөз туры барысында республикалық және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері Зеренді ауданында әлеуметтік сала бойынша  біраз жұмыстар атқарылып жатқанына  анық көз жеткізді.

 

 Бұл жолы журналистер алдымен Зеренді селосында ұзақ жылдар бойы қараусыз қалған «Искорка» балалардың сауықтыру орталығында болды. Аудандық білім бөлімінің басшысы Жангелді Уəйісовтің айтуына қарағанда, 15 жылдай жұмыс істемей тұрған балалардың сауықтыру орталығы қайта жаңғыртуды қажет етеді. Осы мақсатта білім бөлімі тарапынан күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленген.
– Сауықтыру орталығын қайта жаңғыртуды ойластырып отырмыз. Күрделі жөндеу жұмыстарына қанша қаржы қажет екенін дəл қазір дөп басып айта алмаймыз. Дегенмен, өз тарапымыздан тиісті жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеп қойдық. Егер бюджеттен қаржы бөлініп жатса, жөндеу жұмыстарын бастап кетуге дайынбыз. Бұл аудандағы əкімдіктің балансында тұрған балалардың демалып, сауығатын жалғыз  орталығы. Мұнда бір ауысымда 70 бала демалуына болады,– деді Жангелді Уəйісов.
Қазіргі кезде Зеренді ауданында «Сұңқар», Мəлік Ғабдуллин атындағы жəне «Барыс» тәрізді үш демалыс лагерьлері жұмыс істейді.
Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллин атындағы жалпы білім беретін орта мектептің ғимаратына да күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл білім ордасының іргесі 1973 жылы қаланған. Жарты ғасырға жуық тарихы бар ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстары қажет болатын. Тіпті, соңғы жылдары мектептің төбесінен су сорғалап ағып, оқушылардың білім алуына қиыншылық туғызды. Осыған орай, облыс басшылығы мектепке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін облыстық бюджеттен 300 миллион теңгеден астам қаржы бөлгізді. Оның 150 миллион теңгесі биылғы жылға қарастырылған. Мектептің шатыры, есік, терезелері және едені ауыстырылуда.  Қалған қаржыға келер жылы жаңа спортзалдың құрылысы мен білім ордасының маңын абаттандыру шаралары қолға алынбақ. Құрылыс жұмыстарын мердігер «Еңбек-Көкшетау» серіктестігі жүргізуде.
Аталмыш мектепте 300-ден астам бала білім алуда. Оның 66-сы Қарсақ, Қызыл Кардон, Бәйтерек, Үлгілі және Троицк сияқты жақын маңдағы ауылдардан тасымалданып оқиды.
Сонымен қатар, өткен жылдың күзінде өртенген Дөңгілағаш негізгі мектебі де қалпына келтірілуде. Тілсіз жау 150 шаршы метр аумақты шарпып, білім ордасының шатыры жанып кетті. Сол кезде оқушыларды амалсыздан бос тұрған тұрғын үйдің бірінде оқытуға тура келді. Осы күні аталған білім ордасына облыстық бюджеттен 34,3 миллион теңге қаржы бөлініп, күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынған.
– Жөндеу жұмыстарын тамыз айының соңында дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Бүгінгі күнге ғимараттың шатыры мен терезелері ауыстырылып, ішкі əрлеу жұмыстары жүргізілуде. Жаңа оқу жылында ауылдағы 50 бала осы мектепте оқитын болады, – деді Қонысбай ауылдық округінің әкімі Серік Сабыров.
Осы ауылдағы мәдениет үйіне де күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оған 12 миллион теңгеден астам қаржы бөлінген. Жөндеу жұмыстары бірер аптада аяқталады. Ал, Қазақстан ауылының оңтүстік-шығыс жақ тұсындағы Уəли хан мазарына келетін болсақ, тарихи ескерткіш кəсіпкердің демеушілік көмегімен абаттандырылуда. Аталмыш мазар 2008 жылы Уəли ханның 270 жылдығына орай тұрғызылған. Ескерткіш қызыл кірпіштен төрт бұрышты етіп қаланған. Төбесіне күмбез орнатылған. Ескерткіштің жалпы аумағы 1920 шаршы метр, қабырғаларының биіктігі 8 метрді құрайды. Мұндағы бір ерекшелік ол Уəли ханның өзге қазақ хандары сияқты Түркістанда емес, туған жерінде жерленуі болып отыр.  Бұл «Туған жер» бағдарламасы арқылы облыста абаттандырылып жатқан алғашқы ескерткіш.
–Елбасы мақаласында көтерілген Қазақстанның киелі жерлерінің тізімін жасау жобасы қазіргі күні еліміздің барлық өңірлерінде қолға алынып, осы бағытта нақты жұмыстар атқарылуда. Оның ішінде халық үшін киелі болып саналатын және ел тарихында елеулі орын алатын жәдігерлерді анықтап, солар жайында жан-жақты мәліметтер жинау, жұртшылыққа оны кеңінен таныстыру бар. Уəли ханның мазарын абаттандыру да сол ауқымды шаралардың басы ғана. Алдағы уақытта өзге де тарихи тұлғалардың зиратын қалпына келтіретін боламыз,– деп атап өтті облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығы директорының міндетін атқарушы Қуаныш  Шақшақов.
Ескерткіштің жаңғырту жұмыстарына Борис Козлов басқаратын «Азия-Агрохим» серіктестігі демеушілік көмек ретінде 6,5 миллион теңге қаржы бөлгенін айта кеткен ләзім. Бұл қаржыға ескерткіштің аумағы қоршалып, бедер тастар төселуде. Сонымен қатар, орындықтар орнатылып, ағаш көшеттерін отырғызу жоспарда бар.

Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар