Жеңістің жемісті жолдары

Белгілі өлкетанушы Жеңіс Темірханның туған жері зерлі Зеренді өңірі. Зеренді үзіліп түскен моншақтай көгілдір көлдерімен, мәңгі жасыл қарағай, қолдың саласындай ақ қайыңдарымен, тамаша табиғатымен Алашқа әйгілі, ардақты өңір. Төсіндегі бұлқынып аққан бұла бұлақтары қандай. Жыланды тауының оңтүстік жақ бетінде Айдаболға тартылған таспа жолдың бойында Қараөткел деген елді мекен болатын ертеде. Бағзы замандағы елді мекендерді бір-біріне қосып, ірілендіру саясатының кезінде құрбан болып кеткен көп ауылдың біреуі.

Біз айтқандай, әдемі табиғаттың тірі кейпімен тілдесіп, сырласып өсу ойын баласына асқан сезімталдық сезімін, аңғарғыштық қасиетін дарытатын болуы керек. Осы жолдардың кейіпкері де бала жасынан бастап сұлулықтың не екендігін, әдеміліктің қандай болатынын көкірегіне түйіп өсті. Әуел баста жаратқан ие сыйлаған қабілет те жетіліп артылатын. Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ үздік оқушы атанған Жеңіс шахмат ойнаудан, шаңғы тебуден алдына жан салмады. Оның үстіне қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүрді.
Осы арада асқар тау әке мен аяулы ананың тәрбиесін де айта кеткен жөн. Жеңістің әкесі Темірхан Ұлы Отан соғысына қатысып, Ленинград қаласының түбіндегі Волхов маңындағы қиян-кескі шайқаста жараланып, елге оралған екен. Жаралы жауынгерді алда тағы бір орасан зор қайғы тосып тұр еді. Жан жарының өмірден озғанын туған жердің төсіне оралғанда бір-ақ білді. Кейін Жеңістің анасы Күлимен Томанқызымен шаңырақ көтерді. Ілгері барып іргелі оқу орнында оқымаса да, данышпандықты даладан ұққан дараның бірі еді. Әке де кеңестік кезеңдегі кесапат саясаттың тауқыметін бір адамдай тартқан. Бірақ, тағдырдың салған ісіне мойымай, шарболатта шыңдалған ақ алмастай жарқырап, өткірлене түскен. Колхоз басқармасы болып қызмет істеген. Ұзақ жыл Айдабол, Зеренді, Сандықтау тұтынушылар қоғамдарында әрқилы қызметтер атқарды. Өмірге құштар еді. Елдің өткен-кеткені мен тұңғиық тарихын, шерлі шежіресін зейінді зердесіне тоқыған жан. Жаңалыққа да, жақсылыққа да іңкәр. Жеңіс Мәскеуде жоғары оқу орнында оқып жүргенінде зейнеткер әке жиі барып тұратын. Барған сайын Мәскеу мен Ленинградтың тарихи орындарын аралап, көңіл көкжиегін кеңейтуді ұнататын. Бір жылы әкелі-балалы екеуі Эрмитаждан Кенесары ханның бас сүйегін де көріпті. Осы бір сәт әкеге де, балаға да айрықша әсер еткен.
Жоғары оқу орнынан кейінгі алғашқы еңбек жолы Мәскеу қаласында басталған. Алдымен слесарь, бас механик болып жұмыс істепті. Сөйтіп жүріп, коммунистік еңбектің екпіндісі атанған. Талапты жастың қызмет сатысымен өрлеу жолы басталғанда, әкенің шақыруымен елге оралуына тура келген. Целиноград қаласындағы құрылыс ұйымдарының бірінде прораб болып, осы қаладағы керамика комбинатын, шойын құю зауытын салуға қатысты. Бір жылдан кейін, яки, 1974 жылы Көкшетауға оралды. Әуелі Көкшетау құрылыс тресінде прораб, аға инженер болып қызмет етті, шаңырақ көтерді. Жарық дүниеге Лаура, Әлия есімді қыздары келді. Білімді де білікті құрылысшының еңбегі еленбей қалған жоқ. Көкшетау үй құрылысы комбинатын салу барысында кешен басшысы болды. Құрыш қолды құрылысшы облыс орталығындағы тұрғын үйлерді салуға да өз үлесін қосты. Осы тресте жұмыс істеп жүргенде екінші мәрте коммунистік еңбектің екпіндісі атанды.
Бүгінгі күні өткен өмір жолдарын сана таразысына салып, салмақтап ойлар болса, жергілікті ұлт өкілдерін шеттету көрінісінің куәгері болған екен. Етек-жеңі кең пішілген, ауқымы үлкен трест. Бірақ, осы тресте басшылық буындарда екі немесе үш-ақ қазақ жұмыс істейді. Бірде осында жұмыс істеп жүрген кезінде Көкшетау облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Еркін Әуелбеков келіп, жиналыс өткізгендігі жадында жатталып қалыпты. Трестің бастығы Ю.Гремяченскийді тұрғызып қойып, құрылыстың жайын сұрастырып, содан соң осы салада еңбек ететін жергілікті ұлт кадрларының жағдайын сұраған. Сөйтсе, жүздеген адам жұмыс істейтін үлкен трестің жиынына Амангелді Оралов екеуі ғана қатысып отыр екен. Сол арада жергілікті ұлт кадрларын өсіру мәселесіне салқын қарайтын құрылыс басшыларының сыбағасын береді бірінші хатшы. Дәл осы сәтте Жеңіс Темірханұлы қылышынан қан тамып тұрған қаһарлы кеңес дәуірінде ашықтан-ашық ұлтына жанашыр болған Еркін Нұржанұлының мәрттігіне тәнті болып еді. Облыстық партия комитетінің көзқарасын ұққаннан кейін құрылыс басшылары амалдың жоқтығынан жергілікті ұлт кадрларына жол ашты. 1978 жылы ауылдық құрылыс басқармасының бас инженері болып тағайындалды. Ал, 1979 жылы Көкшетау қалалық атқару комитетінің құрылыс бөлімінің бастығы қызметін атқарды. Арада бір жыл өткеннен кейін қалалық партия комитетінің құрылыс және коммуналдық бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындалды.
Бұл бір өте қиын кезең болатын. Тіл тұтқырланған, ұлттық мүдде ұтылған заман. Соны көзімен көре тұра, бұғау бұзар шама жоқ. Бәрі бірдей болмағанымен, шындықты айтқан, пікірін жасырмағандар да болды. Бірақ, оларды партия қатарынан аластатып, қызметін төмендетіп, енді қайтып басын көтерместей бастырып тастайтын. Көкшетауда қазақшылықтың көрінісі қанатын жаймағанымен, алғаш желпіп қаққаны Еркін Нұржанұлының тұсында еді.
Өзі де осындай ұлтын сүйетін ұлағатты жандардан өнеге ұқты. Өнегесін ұққанымен, өрнек жайдырар күш жоқ. Әйтеуір, көкіректегі жара бітеу бітіп, іштен тынған уақыт. Сондықтан да, тек шаруашылыққа ғана берілді. Күндіз-түні жұмыс істеді. Тындырымды жанның болмысына көңілі толған халық та қуаттап, қолдап, екі мәрте қалалық кеңестің депутаты болып сайланды. Сол бір тұста облыс орталығында құрылыс жұмыстары қайнап жататын. Теміржол вокзалы, әуежай, «Достық», «Көкшетау» қонақ үйлері, «Көкшетау» мәдениет сарайы, фарфор зауыты ғимараттары салынды. Осы құрылыстардың бел ортасында Жеңіс Темірханұлы да жүрді.
Еліне жаны ашитын, халқының қамын ойлайтын азамат ретінде тындырған ең басты шаруалары ауыз толтырып айтарлықтай. 1988 жылы Көкшетау қалалық партия комитеті бірінші хатшысының ұсынысымен облыс орталығында экология комитетін құруға шақырылды. Табиғатқа әуелден жаны ашитын Жеңіс Темірхан бірден келісті. Қаладағы өзекті мәселеге айналып тұрған Қопа көлі мен Шағалалы өзені еді. Кейін бұл мәселені түбегейлі зерттеп, арнайы баяндама жасалды. Тұңғыш қазақ лицейінің директоры Жанат Қасымның ұсынысы бойынша Қопа көлін, Шағалалы су қоймасын жан-жақты зерттеп, қала жұртшылығына үндеу тасталды. Әкімшілікке нақты ұсыныстар жолданды. Экология зертханасын ұйымдастырып, арнайы қондырғылармен жабдықтап, өңірдің экологиялық ахуалын сипаттауға кірісті. Жағдай мәлім болғаннан кейін арнайы бағдарлама жасалды. Сол кездегі қала әкімі ұлтжанды азаматтың бірі, марқұм Серікжан Қасымов бұларды барынша қолдап, Мәскеудегі жобалау институтынан білікті мамандарды шақырып, жобалау жұмысына кірісіп кетті. Ондағы ең өзекті мәселе Қопа көлінің астын тазалап, бітеліп қалған бұлақ көздерін ашу болатын. Осы бір игілікті істі жүзеге асыру үшін қаржысын Жанат Қасым беріп, Жеңіс Темірханұлы Горький қаласына барып, көл астын қоқыстан тазалайтын арнайы қондырғы әкелді. Енді бітейін деп тұрған іс заманның аумалы-төкпелі кезеңіне тап келіп, қаржы бітіп,  жұмыс қожырауға айналды. 1991-1993 жылдары әуелі астанада, кейін Көкшетауда өткен халықаралық экологиялық конференцияларда баяндама жасап, өз ұсыныстарын айтты. Барлық материалдар жинақтарға енді. Әуелі тәп-тәуір басталған, облыс орталығы үшін соншалықты қажетті шаруа қаржының жетімсіздігінен аяқталмай қалды. Әйткенмен, ол қазақ лицейінде экологиялық білім негіздерін жинақтауға кіріскен болатын. Іскер азамат Жанат Қасымның ашқан университетінде экология факультетін ұйымдастыруға Жеңіс Темірханның жинақтаған дүниелері негіз болды. 1995 жылы Киев қаласында өткен халықаралық экологиялық конференцияда мәнді де маңызды баяндама жасап, әрқилы кездесулер ұйымдастырып, халықаралық деңгейдегі мәртебелі басылымдарға шығып, осы саладағы проблемаларды қаузады.
Қай уақытта болмасын құдайдың берген қуатымен тынымсыз шаруаларға мұрындық болып, ел үшін игілікті іс атқарып, жетпіс жасқа толса да қажымай-талмай келе жатқан Жеңіс Темірханның жемісті еңбегінің, жеңісті жолдарының бір тармағын ғана түйіндедік біз бүгін.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар