Бәріміз ауылдан шықтық

«Елдің елдігін танытар тілі  мен мәдениеті», – депті шығыс  ғұламасы Сарайи. Тумысынан ойшыл, дана халқымыз өзі өмір сүріп отырған орта, саялы табиғат, тұрмыс-тіршілік болмысын, ел-жұрт арасындағы қарым-қатынас, ел басынан өткен қилы-қилы кезеңдер, жақсы-жаман жағдаяттарды ой-сана елегінен өткізіп, оған деген көзқарасын білдіріп отырған.

Халықтың өмірі, тарихы, елдің тұрмыс-тіршілігі  қазақтың көкірегінен жыр-дастан, өлең-ән, ертегі-аңыз, күмбірлеген күй болып төгілді. Табиғатынан көзі ашық, көкірегі ояу, өзінің кең жазира даласындай дархан мінезді ойын-сауықшыл халқымыз осы баға жетпес қазынаны киелі дүниедей қастерлеп, ұрпақ санасына сіңіріп, болашаққа мәңгі өлмейтін мұра  етіп қалдырды.
Өзім өнерге жақын болған соң ба, әйтеуір, қазақ әнінен  асқан мәнерлі ән жоқ тәрізді болып тұрады. Әуезі биік, ырғағы жоғары, тынысы терең әндерді тек қазақ баласы ғана орындай алатын тәрізді. Ұлт мәдениеті болашақ ұрпақтың еншісінде деп қана қоймай, шамамыз келгенше білгенімізді кейінгілерге жеткізуді парызымыз деп білемін. Қазақ  өнері құдайға шүкір бүгін әлемге әйгілі болып отыр. «Ел іші – өнер кеніші» – дейді дана халқымыз. Біздің жас-
тау кезіміздегі өнер қуған ауыл жастары білім іздеп, ірі шаһарларға барып оқуға түсіп, көз майларын тауыса оқып, елге келіп еңбек етіп, өнерлі шәкірттер тәрбиелеп, соның арқасында ондай  жастар саны көп болушы еді. Ауыл жастары кеш болса мәдениет үйінің  есігін босатпай, әр түрлі үйірмелерге барып, бос уақыттарын тиімді пайдаланып, өнер сайыстарына қатысып, соңдарынан ерген іні-қарындастарына үлгі болатын. Әрине, 20 ғасырмен 21 ғасырды салыстыруға келе қоймас, дегенмен, сол ауыл сол қалпында тұрған жоқ па? Нарық кезінде көптеген мәдени ошақтар, бала бақшалар жабылып қалғанымен, бүгінде «орнында бар оңалар» дегендей, қайтадан ашылып жатыр ғой. Сондықтан, әр үйде  компьютер  бар деп сылтауратпай, әдеби кітаптар оқуды қайта дағдыға айналдырсақ, спорттың әр түрімен айналыссақ, шынайы өнерге бет бұрып, салауатты өмір салтын ұстанған ауылдың тасы өрге домалары анық.
Елбасымыз жарғақ құлағы жастыққа тимей, жастарға қай жұмысқа болсын жол ашу мүмкіндігін тудырып отыр. Жергілікті жерлерде өзінің жас қанаттарына тура жол сілтеп отыруды «Нұр Отан» партиясы міндетіне алған. Партияның көтерген жүгі, бүгінгі атқарып отырған жұмысы аса қомақты. Бүгінгі таңда білім саласының ақылы болуына байланыс-
ты көптеген жастардың өз ойлаған ойларына қол жеткізе алмаулары да шындық. Өз басым оқудың қай түріне барса да мектепте алған білімі дұрыс болса, болашағын ойлаған бала  ақысыз-ақ  оқуға түсе алады  деп білемін. Сондықтан, мектепте алған білімі сапалы да терең болса, оқушы болашағы жарқын болары рас. Ауылсыз қаланың жағдайы дұрыс болмасына көзіміз күннен- күнге жетіп отыр. Осыған орай, ауылдың жағдайын түзеу үшін жас-тар елде қалуы керек. Ол үшін сол жастар мен әлі жаспын демей, елге қызмет етіп, көмек қолын созулары тиіс деп ойлаймын. Бала бақша, мектеп, мәдениет үйлерінің толық жұмыс жасап тұруы сол жастарға байланысты. Әрине, жұмыс  жасар жас болса, жол көрсетер ағалар табылар-ау. Қалталы азаматтары бар ауыл іші жүдеушілік көрмеуі керек шығар. Нарыққа кіргеннен кейін кәсіпкерлер, егіншілік, мал шаруашылығымен айналысқан азаматтар бар жерде ауылдың келбеті дұрыс болғаны жөн. Ел болар ақылды абыз қариялары, сөз ұғар ер азаматы, ибалы қыз-келіншектері бар ауылдың түтіні дұрыс шығары сөзсіз. Тыныс-тіршілігімен қатар ән-күйі де шалқып жатса, ауылдың  мәдениеті  жоғары дәрежеде болса, қазақтың Мәңгілік Ел болары сөзсіз. Еліміздің дәулетті 30 елдің қатарына кіруі, ата-баба арманы толығымен орындалуы үшін білім-ғылымы жетілген, мәдениеті асқақтаған, дәулеті  тасыған, қаһарынан жат ыққан, экономикасы  дамыған, жері мен суы халқына қызмет еткен, шығар биігі тұғырлы мемлекет болып дами түссек, көк туы желбіреген Мәңгілік қазақ елі болмай қоймайтынымыз айдан анық.   

Күләш РАҚЫМЖАНОВА,
мәдениет саласының ардагері, ақын. 
  
  Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар