Тиісті жағдай қарастырылған

Макеевка селолық округінің әкімі Нина Евдокимова Шуйск селосының тұрғындары алдында өткен жылғы атқарылған жұмыстар жайлы есеп беріп, көпшілікпен алда тұрған  міндеттерді белгіледі.

Алдымен, ауыл әкімі «Шуйское ХХІ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мал шаруашылығы кешенінің жұмысымен танысуға мүмкіндік туғызды. Серіктестік 2013 жылы сүтті қара ала тұқымды сиырларды сатып  алыпты. Мұнда жалпы 448 бас ірі қара мал күтімге алынған. Оның  316-сы жылқы көрінеді. Жылына сауылатын сүттің көлемі 417 мың литрді құрайды. Кәсіпорын  сүтті тасымалдау жөнінде Зеренді ауданындағы «Milk Project» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен келісім-шартқа отырған. Шаруашылық меңгерушісі Татьяна Вербовая кешеннің толықтай қажетті құрал-жабдықтармен жарақтандырылғаны жайлы айтып, сауыншылардың жұмысы бірталай жеңілдетілгенін сөз етті. Оның айтуынша, кешенде 18 адам еңбек етеді. Бірақ, жұмыс күші әлі де болса жетіспейді. Орташа жалақы көрсеткіші 50 мың теңге болғанымен, жастар бұл салада жұмыс істеуге ықылас танытпай отыр. Селолық округтің мал дәрігері Қошарбай Сыздықов мал өнімділігін арттыру, аурудың алдын алу және сақтандыру мақсатында егу шаралары жүргізілетінін айтты. Сонымен қатар, шаруашылықта мал төлінің саны артып, оларға арналған азықтың құнары жақсы екенін баян етті.
Одан соң Шуйск селосының дәрігерлік амбулаториясына барып, оның материалдық-техникалық базасымен таныстық. Амбулатория өткен жылдың қаңтар айында  қолданысқа берілген екен. Мұнда дәріханалық дүңгіршек те жұмыс істейді. Осының есебінен тұрғындарға аудан орталығына барып, дәрі-дәрмек алудың әуре-сарсаңы жойылды. Емделуші Любовь Круглова мекеменің іші жылы әрі таза екенін айтып, ағынан жарылды.
Ал, ауылдағы Шуйск орта мектебінде оқушылар гуманитарлық бағытта оқытылады. Олар ыстық тамақпен толыққанды қамтамасыз етілген. Өткен жылы аудандық бюджет есебінен қаржы бөлініп, асханаға жаңа жиһаз қойылған көрінеді. Ал, оқушылар өз кезегінде асхананың ішін көркемдеп, қабырғаларына өздері салған суреттерді іліп қойыпты. Мектеп директоры Наталья Волхова оқу ордасының жаңа түрленген  оқу кабинеттерін көрсетіп, оқушыларға білім алу үшін барлық жағдай жасалғанын әңгіме арқауына айналдырды.
 Мұнан кейін мәдениет үйінде Макеевка селолық округінің әкімі Нина Евдокимова  жылдық қорытынды  бойынша есеп беру кездесуін өткізді. Әкім өз сөзінде   аталған селолық округке үш елді мекен қарайтынын және тұрғындардың жалпы саны 881 адам екенін айтып өтті.  Оның ішінде белсенді халық саны 547 адам, тұрақты жұмыстары бар 371 адам. Ал, Шуйск ауылында 731 адам тұрады екен.  Барлық адамдарды жұмыспен қамтамасыз ету мүмкіндігі болмағандықтан, әр отбасы өздерінің жеке кәсіптерін нығайту үстінде. Селолық округ аумағында бес кәсіпкер өз істерімен айналысады. Округ әкімі ауыл тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту мақсатында бірқатар игі істердің атқарылғанын айтты. Мәселен, тұрғындармен кездесулер, олардың арасында неше түрлі спорт жарыстары өткізіліп, мәдениет саласының қызметкерлері көптеген мерекелік шаралар ұйымдастырып отырады.
«Шуйское ХХІ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі еңбек өнімділігін арттыру мақсатында  машина-трактор паркін жаңа техникамен қамтамасыз етіп отыр. Соның арқасында егістікке дер кезінде тұқым себілді. Піскен егінді жинауға 16 комбайн қарастырылыпты. Мұнда серіктестік, аудан әкімшілігі, округ әкімі арасында 23 миллион теңге сомасындағы меморандумға қол қойылған. Ауылдық округ бойынша мектеп, шағын орталықтар жұмыс істеп, тұрғындарға қолжетімді және сапалы медициналық қызмет көрсетіледі. Мұнда наубайхана, монша, аудан орталығына қатынайтын автобус, «Мегалайн» интернет жүйесі қосылған және сымсыз байланыс орнатылыпты. Сондай-ақ, 36 абонент ұлттық «Otau TV» спутник жүйесін пайдаланады.
«Аймақтарды дамыту» бағдарламасы бойынша жолдар жөнделіп, көше бойына шам орнатылған.Тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету үшін 2014 жылы су қорын анықтау мақсатында зерттеу жұмыстары жүргізіліпті. Ағымдағы жылы бұл жұмысты жалғастырып, су құбырларын орнату мақсатында жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде.
Ауыл тұрғындары жағдайымыз жақсы,  бәлендей өкпе-назымыз жоқ деп отыр. Мұны ауылдың ішіндегі тазалық та, шаруашылықтағы қызу жұмыс та айғақтайды. Шуйскіліктер алда тұрған келелі міндеттерді абыроймен атқарады деген сенімдеміз.

Атбасар ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар