Ғаламтор «торында» тұрмыз

Демалысымда сөренің ішін ақтарып отырып, осыдан он бес жыл бұрын Оралдағы апамнан келген хатты тауып алдым. Сиясы өшіп, әрең оқылса да, әлгі ескі қағаз көзіме оттай басылды. 

Қалаға көшіп келген жылдары ол кісімен хал-жағдайымызды сұрасып, жиі хат алмасып тұратынбыз. Сол хатты ұстап отырып, кеудемді еріксіз өткен күндерге деген сағыныш биледі.
Сол сәттен бері адамдардың бір-бірімен қарым-қатынасы жайлы терең ойға шоматын болдым. Өздеріңіз зер салып қараңыздаршы, қазір бәрі басқаша. Ғаламтор, техника заманы дамыған сайын адамдардың қарым-қатынасы да ғаламтордың айналасында ғана шектеліп қалғандай. Бұрынғыдай бір-бірінің үйіне демалыс сайын қонаққа бару, таныс түгілі, туғаныңның үйіне қыдырып барып бір шай ішіп кету деген секілді дүниелер артта қалғалы қашан.  Бәрі ғаламтор желілері арқылы араласып-құраласқанды жөн санайды.
Қазіргі таңда сол әлеуметтік желілердің ішінде кеңінен танымалы «Instagram» желісі екені рас. Адамдар күн сайын емес, тіпті минут сайын жатқан-тұрғандарын суретке түсіріп, өз парақшаларына жариялап жатады. Өзіміз де көптен көрмеген ағайын, дос-жаранның жағдайын сол жерден білетін болдық. Туған-туыстың бәрімен дерлік күнде араласып тұру мүмкін болмағандықтан, кейде осы әлеуметтік  желілердің бары дұрыс та шығар деп ойлайсың. Алайда, неге екенін білмеймін, осы  ғаламтор желілерінде құрылған қарым-қатынаста шынайылық жоқ секілді. Бірі жұртқа қалай тұрып жатқанын көрсетіп мақтану үшін зәулім үйінің, қымбат көлігінің жанында суретке түссе, енді біреулері парақшаларын тойда, шетелде болған кездерінде түскен фотолармен толтырады. Олардың арасында әурет жерлерін көрсетіп суретке түсуге арланбайтын замандастарымыз аз емес.  
Неше жерден заманауи болуға ұмтылып жатсақ та,  осының бәрі бұрынғы кездерімізге жетпейтін секілді. Бәріміз ғаламтор атты өрмекшінің торында тұрғандаймыз. Қайсысы жеңіл, қайсысы ыңғайлы соған қарай ілесе береміз. Тіпті, туыспен араласудың да оңай жолын тауып алдық. Хал-жағдайын сұрау үшін қазір үйіне барудың қажеті жоқ. Адамдардың еті соған әбден үйреніп алған, үйге ешкім келмесе екен деп тұрады.  Жақынымызды үйіне барып емес, жаңағыдай «Instagram» парақшасынан, «WhatsApp»-тан іздейтін болдық.
Иә, болып жатқан жәйттарға заманды кінәлап, қит етсе заман өзгерді дейміз. Шындығында, осының бәрін жасап отырған мына өзіміз. Дәл қазір мен пош-
тамен алыстағы туыстың сағынышын арқалап келген хаттың иісін сағынып отырмын. Сол бір кездер жаныма жақын. Сізге ше, құрметті оқырман?

Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар