Шағын мектеп – мұқтажды мектеп

Адам бойындағы ұлттық мінез-құлық қасиеттері мен туған халқымыздың рухани болмысын қалыптастырудың негізін қалап, шәкірттерге ана тілінде білім беріп келе жатқан шағын ауылдарымыздағы  шағын жинақты мектептерге қазіргі нарық жағдайында мемлекет тарапынан қамқорлық жасау ауадай қажет болып тұр.

Еліміздегі нарықтық-экономикалық қатынастарға, ауылдық жерлердегі ірілендірілген совхоздар мен колхоздардың орнына шағын шаруашылықтар құрылуына және ауылдарда жұмыс болмағандықтан, тұрғындарының қалаға қарай қоныс аударуына байланысты тек шағын жинақты бастауыш мектептер саны ғана емес, сондай-ақ, негізгі және орта мектептер саны да кеми түседі. 
 «Шағын жинақты мектеп» ұғымы Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңымен (1-бап, 2-тармақ) анықталған. Жалпы, шағын жинақты мектеп дегеніміз – көбіне сыныбы аралас оқушылар саны аз жалпы білім беретін ұйым. Оның ерекшелігі – бір сынып бөлмесінде, бір мұғалімнің басшылығымен екі немесе бірнеше сыныптардың бірігіп оқуы дер едік.
Жалпы білім беретін ауыл мектептерінің қала мектептерімен салыстырғанда жағдайы төмен. Сондықтан, шағын жинақты мектеп мәселесін мемлекеттік деңгейде қарастырып, шешкен дұрыс.
Соңғы жылдары қаржы тапшылығының желеуімен ауылдық жерлерде кәсіптік бағдар беру жұмысы жүргізілмей келеді. Мұғалімдер даярлайтын жоғары және орта арнаулы оқу орындарының ауыл мектептерімен байланысы үзілген. Білім алушыларды машықтандырудан өткізуге қала мектептері таңдалып алынады. Шағын жинақты ауыл мектептерінің ерекшеліктерін ескере отырып, білікті мамандар даярлау, олардың біліктілігін жетілдіру мен қайта даярлау, ауыл мектептерінің мұғалімдеріне әдістемелік көмек көрсетуге байланысты мәселелерді шешу уақыт талабы болып отыр.
Қазақстан Республикасының білім саласында барлық деңгейде сапалы білім алуға кең қолжетімділікті қамтамасыз ететін ұлттық модельді дамыту үшін  қолайлы жағдайлар жасалуда. Дей тұрғанмен,  шағын жинақты мектептер мәселесін шешу мемлекеттік деңгейде қолға алынғаны дұрыс болар еді. Бүгінгі күні шағын жинақты мектептерге байланысты қордаланған мәселелер баршылық. 
Қазақстанда шағын жинақталған мектептердің ғылыми негізделген және бекітілген балама модельдерінің болмауына байланысты материалдық-техникалық жабдықтауда аймақтың бөлетін қаражатына байланысты қаржыландыру жүйесі, педагогикалық үдерісті ұйымдастыруда әртүрлі тәсілдер қолдану жүзеге асырылуда. Жекелеген мектептердің мол тәжірибесі мен табысты нәтижелерінің болуына қарамастан, түлектердің мектептен кейінгі жағдайын талдап, шағын жинақты мектеп оқушыларының жалпы білім деңгейінің көрсеткішін анықтау жұмысы жүргізілмейді десе де болады.
Қазақстандағы шағын жинақты мектептерді дамытудың негізгі проблемалары ретінде келесі мәселелерді бөліп көрсетуге болады. Оқу-тәрбие үдерісін ұйымдастырудағы оқушылар саны аз сыныптарда оқытудың дәстүрлі әдістемелерін қолдану үнемі мүмкін бола бермейді. Ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану мүмкіндігі жоқ, білім алушылар санының аздығына байланысты сапалы бейінді оқытуды ұйымдастыру да ойдағыдай емес.  Шағын жинақты мектептерде олардың қызметін реттейтін нормативтік-құқықтық база жетілдірілмеген, осыған арналған үлгілік оқу жоспары мен бағдарламалары да қарастырылмаған. Мұғалім үшін білімді дамытудың перспективаларын есепке алатын қазіргі заманғы педагогикалық және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар негізінде шағын жинақты мектеп жағдайында оқыту үдерісін ұйымдастырудың құралдары мен әдістемелік ұсыныстары жоқ, әдіснамалық, мазмұндық, әдістемелік, технологиялық компоненттер нашар әзірленеді. Ал, материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз етілуіне тоқталсақ, олардың көбі ыңғайластырылған ғимараттарға ғана орналастырылған.
Осы орайда, облыс бойынша таза мемлекеттік тілде кәсіби мамандар даярлайтын жалғыз оқу орны – Жанайдар Мусин атындағы Көкшетау педагогикалық колледжі шағын жинақты мектептер мәселесін назардан тыс қалдырған емес. 2000-2002 жылдар аралығында колледжде осы мәселені зерттеу және мұғалімдерге әдістемелік көмек көрсету мақсатында ғылыми-зерттеу тобы құрылып, Зеренді ауданындағы Мәди Хасенов атындағы Қошқарбай және Кеңөткел негізгі  шағын жинақты мектептерінің базасында жұмыстар жүргізді. Біздің оқытушылар аталған мектептердің материалдық-техникалық базасымен, нормативтік құжаттарымен, мектептің жылдық жоспарларымен және мұғалімдердің күнтізбелік-тақырыптық жос-парларымен танысып, мектеп мұғалімдерінің сабақтарына қатысты, әдістемелік көмектер көрсетілді. Шағын жинақты мектептердің мұғалімдері үшін облыстық деңгейде семинарлар ұйымдастырылды. Семинарға Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің оқытушысы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Қ.Қожабаев, Алматы қаласындағы Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университетінің доценті, педагогика ғылымдарының кандидаты, бастауыш сыныптарға арналған математика оқулығы авторларының бірі Б.Қосанов  арнайы шақырылып, баяндамалар жасады, семинарға қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.
Колледж оқытушылары тарапынан үлгі сабақтар өткізеді. Бұл жұмыстардан басқа, колледж оқытушылары шағын жинақты мектеп мұғалімдеріне арнап шағын әдістемелік құралдар дайындады. Колледж оқушылары жыл сайын ауыл мектептерінде оқу-тәрбие үдерісін ұйымдастыру мәселелеріне байланысты зерттеу жұмыстарын жүргізіп, курстық, дипломдық жобалар жазып, қорғауда. Ғылыми жоба тақырыптары шағын жинақты мектептердің өзекті деген мәселелері бойынша таңдалады. Мысалы, 2008 жылы «Шағын жинақты мектептерде оқытудың психологиялық-педагогикалық ерекшеліктері», 2009 жылы «Шағын жинақты мектептердің математика сабақтарында оқушылардың өзіндік жұмыстарын ұйымдастыру жолдары», ал, 2012 жылы «Шағын жинақты мектеп оқушыларының танымдық белсенділіктерін арттыру жолдары», 2014 жылы «Шағын жинақты мектептерде оқыту технологияларын қолданудың педагогикалық негіздері» тақырыбында дипломдық жұмыстар қорғалды.
Шағын жинақты мектептердегі түйіні шешілмеген мәселелерінің біріне кадр мәселесін жатқызар едік. Бұл жөнінде колледждің басшылығы көрегендік танытып, «Бастауыш мектеп» бөлімшесінің студенттеріне «Шағын жинақты мектеп мұғалімі» деген қосымша мамандық беру жұмысын ертеден бері қолға алған болатын. Бүгінгі күні колледждің оқу жоспары бойынша «Бастауыш мектеп» бөлімшесінің 3 және 4 курс оқушыларына «Шағын жинақты мектептерде оқу-тәрбие үдерісін ұйымдастыру» деп аталатын арнайы пән оқытылады. Білім алушылар бағдарлама бойынша осындай мектептердің ерекшеліктерімен, ондағы оқу-тәрбие үдерісін ұйымдастыру жолдарымен, сабақ кестесін құру технологияларымен, сабақ және күнтізбелік жоспарды жазу үлгілерімен танысады. Сол мектептерде сабақты ұйымдастыру ерекшеліктерін тәжірибе жүзінде байқап көреді. Мұндай білім шағын жинақты мектептер үшін мамандар даярлаудың бір жолы болып есептеледі. Бұдан қалды, колледж оқушыларының біраз бөлігінің диплом алдындағы практикаларын шағын мектептердің базасында өткізуі де жолға қойылған. Бұл болашақ мамандардың даярлықтарын шыңдап, кейін шағын жинақты мектептерде ойдағыдай жұмыс істеулеріне игі ықпалын тигізеді деп ойлаймыз. Осы орайда, Қошқарбай ауылының шағын жинақты мектебінде эксперименттік тәжірибеге қатысқан колледж түлегі Гүлдәурен Өмірбек сонда жұмысқа орналасты. Сол сияқты, тағы бір түлегіміз Ыбырай Балтаев осы шағын жинақты мектепте шәкірт тәрбиелеп жүрген жайы бар. 
Шағын жинақты мектептердегі қордаланған мәселелерді шешу жолында колледж ұжымы алдағы уақытта да өздерінің тәжірибелері мен білімдерін жұмсай біледі деген сенімдеміз.

Өмірбек ТӨЛЕГЕНОВ,
Ж.Мусин атындағы Көкшетау педагогикалық колледжінің оқытушысы, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі, Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар