Бұлыңғыр өмір елесі-ай…

Күн бүгін ашық болғанымен оның бойын таңертеңнен ашу кернеп тұр. Далаға шығып, басқалар сияқты өздігінен қыдырып, достарымен жүздескісі, жұмыс істегісі келеді. Бірақ, үйден асып, өз бетімен ешқайда шыға алар емес. «Менің маңдайыма жазылғаны осы ма?» деген ауыр ой жанын ауыртады.

Бала кезінен алғыр да қабілетті Саматтың екі аяғы жансызданып, бүгінде арбаға таңылып отыр. Жас кезінен он екі мүшесі сау ол 7-8 сыныптарда бір аяғын баса алмастай халге душар болды. Сонда мүгедек болып қаламын деп әсте ойламаған еді.
Сол жылы қыс та қатты болды. Күннің қақаған сары аязын елемей, жұқа киіммен далада ойнай беретін. Содан болар, омыртқасына суық тиіпті.
Жаздыгүні Саматтың денсаулығы әбден сыр беріп, жүруден қалды. Сонда ғана есін жиған ата-ана, әйтеуір, туған-туысқандарынан көмек сұрап, Алматы, Омбы қалаларына ота жасауға апарды. Оның үстіне дәрігерлер омыртқасынан анализ алып жатқан кезде бір нерв жүйесін зақымдап алған көрінеді. Осыдан кейін сол жақ қолы да сезінуден қала бастады. Сөйтіп, он бірінші сыныпты бірде үйде, бірде ауруханада дегендей, әзер тәмамдап шықты. Әйтеуір, мұғалімдердің түсіністікпен қарай білгендеріне рахмет. 
– Осындай түріммен ешкімді де көргім келмейді. Дос-жарандарымнан ұяламын. Жолдастарымның көбі қазір жұмысбасты. Отбасын құрған, маған келе беруге де қолдары тимейді. Сыныптастарыммен үнемі хабарласып тұрамын. Астана мен Көкшетаудағы кей достарым елге соққанда амандығымды біліп-кетіп жүреді. Тіпті, Астанадағы бір жолдасым мені үш айдай қасына алып, көзі қарақты емшілерге апарып, көрсетпекші де болды, – дейді Самат.
Содан бастап ол емшілердің алдын босатпады. Олар емделсең жүріп кетесің деп сендірумен болды. Жыл сайын жоспарлы түрде облыстық аурухананың неврология бөлімшесінде ем қабылдады. 
– Самат мектепте оқып жүргенде домбырамен күй шертіп, ән айтатын. Мектеп бітіретін жылы туған күндерімізді тойлайтынбыз. Сонда ол келмей қалса, көңіл-күйіміз түсіп қалатын. Ол тартатын гитараны да күні бұрын алдыртып қоятынбыз. Қазір ол қолына музыкалық аспап түгілі, қасықты да әрең ұстайды, – дейді сыныптасы Айнұр. Алғашқы ұстаздарының бірі, мұғалімі Күлпаш апай да оның өнерге деген қызығушылығын байқап, ән айтуға баулыған көрінеді.
Осы күні ара-тұра сырадан ұрттап қоюды шығарды. Темекіге де әуес. «Денсаулығың болса, мынау, неге өйтесің?» деп ренжитін бауыры Жадыраға: «жүйкем жұқарып бара жатыр» деген сылтау айтуды шығарды. Өзіне күтім жасайтын, киім-кешегін жуып, тамағын  әзірлейтін бір адам керек. Алайда, ата-анасы жұмыста, бауырлары да өз жолдарын таңдаған. Моральдық тұрғыда көмек жасайтын виртуальды әлемдегі қыз-жігіттер ғана болып тұр. Күні кеше КТК телеарнасының «Наша правда» бағдарламасында әлеуметтік желі арқылы танысып, үйленген екі кембағал жанды көріп, «менің де үйленуіме болады екен» деп әжептәуір көңілі көтеріліп қалды. Интернет арқылы танысқан достарының ішінде Қырғызстан, Ресей мемлекеттерінің қыз-жігіттері бар. Жақында Омбы қаласында тұратын Аружан атты бір жарымжан қыз: «Самат, сен жақсы, сымбатты жігіт екенсің. Бірақ, Алла берген тағдырдан ешқайда асып кете алмаймыз. Бізді өзге адамдар тәубесіне келсін деп сынақ үшін жаратқан ғой. Менің де сен сияқты дәрігерлердің қателігінен жағдайым ауырлай түсті. Еш мұңайма, Алла тағалам өзі бір күні бір жақсылығын берер», – деп хат жазыпты. Кеудесіне сенім ұялататын осындай жылы сөз қазір оған ауадай қажет-ақ.
Әрбір ана құрсағынан шыққан сәбиінің дені сау болуын қалайды емес пе. Сол үшін ыстыққа да, суыққа да шыдауға бар. Керегін де тауып береді. Саматтың анасы да бүгінде бір мекеменің еденін жуып, тапқан-таянғанын ұлының дәрі-дәрмегіне жұмсап отыр.  
–Балапанымның осылайша арбаға таңылып отырғанына мен де кінәлі шығармын. Кезінде дұрыс қарамадым ба. Сол үшін кешірім сұраймын. Алла тағаладан осы күндеріміз бұлыңғыр елестей артта қалсыншы деп тілеудей тілеп келемін, – дейді анасы да көз жасын сүртіп. Соңғы кезде ол кісінің сөйленіп жылайтынын Самат та жиі ести бастапты. Көз жасын көрсетіп, онсыз да көңілі қаяу балаңыздың жанын мұқалтпаңыз дер едік біз Сара апайға. Амал қанша, тағдырдың жазғаны осы шығар.

Көкшетау қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар