Қоғамдық өмірде белсенді, жеке кәсібінде жігерлі

Шағын және орта бизнестің кез-келген ел экономикасының күретамыры, халықты жұмыспен қамтудың басты тетігі екендігі белгілі. Мемлекетімізде осы бизнесті өркендетуге жасалып отырған жағдайдың  өңірдегі кәсіпкерліктің қанат жаюына да ықпал етіп отырған жайы бар. Оны біз бизнеске келген жастар санының да күн санап артуынан көре аламыз. Солардың бірі – жеке кәсіпкер,   «Нұр Отан» партиясы Ақмола облыстық филиалы Саяси кеңесінің мүшесі, Еңбекшілдер аудандық мәслихатының депутаты Абылай Бабақов. Бірнеше жыл қатарынан аймақтық деңгейде «Жылдың үздік кәсіпкері» атанған ол біздің басылымға берген сұхбатында қоғамдық қызметі, партия алдындағы жауапкершілік пен замандастарын толғандырған негізгі мәселелер жайлы ой қозғайды.

−Абылай Бақытбекұлы, бүгінгі таңда қандай жобаларды іске асырып жатырсыздар? Әңгіменің әлқиссасын осыдан бастасақ?
−Біздің «AbDi Print» жеке кәсіпкерлік нысаны аудан орталығындағы «Қазақстан» сауда үйінде компьютерлік, тұрмыстық, цифрлы және оргтехника сатумен, қарапайым тұрғындар мен бюджеттік ұйымдарға техникалық қызмет көрсетумен,  ғаламтор арқылы көтерме-бөлшек сауда бағасымен шығыс материалдар, компьютерлердің жұмысына қажетті құралдарды жеткізумен, сонымен қатар, Көкшетау қаласы мен Еңбекшілдер, Бұланды аудандарында осы бағытта қызмет көрсететін арнайы терминалдарды орнатумен айналысады. Штатта үш қызметкер бар. Енді көрші аудандарда да кәсібіміздің аясын кеңейтуді көздеп отырмыз.
−Өзіңіз бизнес пен қоғамдық өмірді қатар алып жүрген адамның бірісіз. Жалпы, ауданда жас кадр-лар жеткілікті ме, оларды баспанамен қамтамасыз ету  мәселесі қалай шешілген?
−Ауданның 3120 тұрғыны жас азаматтар санатында. Оның ішінде жұмысшы жастар  1471-ді құрайды. Былтыр өңірдегі «Дипломмен – ауылға!» жобасына қатысушы 17 жас маманға 2 миллион теңге көлеміндегі көтерме ақыны алды, баспана сатып алу үшін бюджеттік алты несие бөлінді. Облыс әкімінің атаулы шәкіртақысына ие болған аудан жастары бүгінде  Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде тегін білім алып жатыр. Аймақта «Жас-тар іс-тәжірибесі» бағдарламасы бойынша да бірқатар жас  жұмысқа орналастырылды. Аудан орталығында шеттен келген жас отбасылар – мұғалімдер, дәрігерлер үшін 32 пәтерлік коммуналдық үй бар. Тағы 21 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр.  Бұдан басқа, кезекте тұрғандарға баспананы бөлерде де жас мамандарға біраз пәтер тиеді деп ойлаймын. Өйткені, аудан басшылығының жастарға деген көзқарасы оң, сондықтан да, әрдайым олардың бастамаларын қолдауға мүдделі. Жастар саясатының дамуына жергілікті бюджеттен бөлінетін қаражаттың былтыр төрт  есеге артуы осының бірден-бір дәлелі болса керек.
−Жастардың бизнеске келуі қоғамдағы бірқатар мәселелердің түйінін шешуге септігін тигізері анық. Мәселе тек оларды өз ісін ашуға қалай тартамыз дегенде болса керек?
−Бүгінгі таңда мемлекет бизнеске, әсіресе шағын кәсіпкерлікті дамытуға айрықша көңіл бөліп отыр. Бізде «Бизнестің жол картасы-2020» атты өте мықты бағдарлама бар. Сол арқылы  әрбір адамды кәсіпкерлікке үйретуге болады. Ол адам жалқау болмаса, әрине. Мен мұны жастарға таптырмас мүмкіндік деп ойлаймын.
«Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» деп аталған жаңа Жолдауында  да Елбасы шағын және орта бизнес дамуының ендігі бағдарын айқындап, кәсіпкерлікті қаржылай қолдау бойынша нақты шараларды анықтады. Елімізде бизнесті  он жылға дейінгі мерзімге бар-жоғы алты пайызбен қаржыландыру тетігі жасалған.  Егеменді ел тарихында мұндай жеңілдіктің болмағанын да осы тұста атап өткен абзал. Президент  2050 жылға дейін жалпы ішкі өнім көлемін 50 пайызға дейін өсіруді алдымызға міндет етіп қойып отыр. Меніңше, жұмыла кіріссек, бұл мақсатқа да қол жеткізіп, осы бір түбегейлі өзгерістердің елдегі шағын және орта бизнестің
дамуына тың серпін береріне  сенімдімін.
−Қарапайым жас азамат ретінде ауданның бүгінгі дамуына қандай баға берер едіңіз?
−Депутат болғандықтан ғана емес, жалпы азамат ретінде де өзім елде болып жатқан  өзгерістерден шет қалмауға, мүмкіндігінше хабардар болуға тырысамын.  Менің Степняк қаласында тұрып жатқаныма да біраз жылдың жүзі болып қалыпты.  Осы өлкеде орын алып жатқан жағдайлардың барлығы да көз алдымда өтіп жатыр. Соңғы жылдары аудан орталығының бұрынғыдан әрлене, көркейе түскендігі бірден байқалады. Мәселен, былтыр Абылай хан ықшам ауданында және Чапаев көшесі бойында барлық санитарлық ережелерге сай арнайы қоршаумен жабдықталған қоқыс контейнерлері орнатылып, сол маңдағы су және жылу құбырлары  қалпына келтірілді. Мұнда жаңадан екі ойын алаңы да орнатылған. Дегенмен, бұған тоқмейілсуге әсте болмас. Өңірді дамыту жолында әлі атқарылар қыруар істің бары анық. 
−Кәсіпкерлігіңізден бөлек, сіз  депутатсыз. Бүгінде халық қалаулысы ретінде қандай мәселелерді көтеріп жүрсіз?
−Мен әр айдың бірінші жұмасында «Нұр Отан» партиясы аудандық  филиалының ғимаратында азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдаймын. Бірақ, бұл қатып қалған ереже емес. Өз өтініші мен базынасын арқалап маған өтініш айта келген тұрғындарды да тыңдап, оларға шамам келгенше көмектесуге тырысамын. Жалпы, менің № 12 сайлау округімде 1067 сайлаушы тіркелген. Депутат ретіндегі  қызметімнің ең басты нәтижесі де сол сайлаушыларымның сенім үдесінен шыға алуыммен өлшенеді. Осы орайда, жерлестерімнің өмір сүру деңгейін жақсартуға бағытталған жолдарды жөндеу, көшелерді жарықтандыру, баспана құрылысы, жаңа жұмыс орындарын ашу, бизнес, медициналық  және білім беру қызметтерін жетілдіру мәселелерін әр деңгейде көтеріп жүрмін. Сонымен қатар, колледж түлектерін жұмысқа орналастыру, жастарды кәсіпкерлікке тарту, халықтың бұқаралық спортпен шұғылдануға жағдай туғызу сияқты  өңір тұрғындарын толғандырған мәселелердің шешілуіне атсалысу да депутаттық қызметімнің негізгі жүгі болып қала бермек.  Ал, Ұлы Отан соғысы мен еңбек ардагерлеріне, әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасыларға, мүгедектер мен зейнеткерлерге ерекше қамқорлық таныту болса, менің азаматтық борышымның бірі деп білемін. Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында партия филиалы төрағасының бірінші орынбасарымен бірге біз батырларымыздың көңілін сұрап шықтық, оларға шамамыз келгенше материалдық көмек көрсетудеміз. Мен мұны майдангерлерге деген біздің бар алғысымыздың кішкене бір бөлшегі, оларға көрсетілер құрметтің басы  ғана деп білемін.  
− «Нұр Отан» партиясының белсенді мүшесі екендігіңізді айтып отырсыз. Жалпы, осы сенім сізге қандай жауапкершілік жүктейді?
−Мен 2008 жылдан бері билік партиясына мүшемін.  Партиялық болудың, оның үстіне,  Көшбасшының партиясында болудың жүгінің жеңіл емес екендігі белгілі. Сенің әрбір іс-әрекетің сол саяси құрылым мен қоғам тарапынан сараланып отырады. Әрбір игі ісің сол партияға абырой әперсе, сәл шалыс басқан қадамың бүкіл құрылымды қаралауға алып келуі мүмкін. Партия жеке саған бірдеңе беруге міндетті емес. Сені қоршаған адамдардың өмір сүру сапасын жоғарылатып, туған  өлкеңді гүлдендіру үшін өзің мүдделестеріңмен бірігіп, нақты істер атқаруға тиіссің. Менің облыстық филиалдағы Саяси Кеңес мүшесі болып сайлануым да үлкен жауапкершілік артады. Жалпы, қоғамдық қызмет түрлі мамандықтар мен көзқарастары бар әр буын өкілдерімен араласып, сол саланы тереңірек тани түсуге мүмкіндік береді. Күнделікті өмірің түрленіп, сан-салалы бола түседі. Ендігі айтпағым – сол қоғам, көпшілік болып, бәріміз Президентіміз бастамашы болған «Қазақстан 2050» Стратегиясын, «Нұрлы жол» Жолдауын орындауға атсалысайық демекпін.  Осы тұста, әсіресе, жастарды, өз тұстастарымды белсенді болуға шақырамын. Өзімізге сенген халықтың үмітін ақтай білейік.
−Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Перизат БӨЛЕКОВА.

Суретте: жас кәсіпкер Абылай Бабақов (сол жақтан бірінші), «Нұр Отан» партиясы Еңбекшілдер аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Өміртай Жомартов «Ардагерлерді ардақтайық!» партиялық жобасы аясында Ұлы Отан соғысының ардагері Михаил Калантарьямен бірге.

Еңбекшілдер ауданы.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *