Сол баяғы заң бұзушылық…

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары, Тәртіптік кеңес төрағасы Қуаныш Жапақовтың төрағалығымен Тәртіптік кеңестің кезекті отырысы болып өтті.

Онда алдымен, Сандықтау аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Гүлнәр Қабденова мен осы ауданның жер қатынастары бөлімінің басшысы Сергек Жаңабаевқа қатысты тәртіптік істер қаралды. Олардың «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңның  12-бабы 1-тармағының 10-тармақшасын бұзып, жемқорлыққа жағдай туғызғаны белгілі болды. Мәселенің түп-төркініне тереңірек үңілер болсақ, алдыңғы бөлімге күзгі орақ науқанында жанар-жағар майға бөлінетін субсидияны алуға  176 өтінім келіп түскен. Әйткенмен, оның 101-інің құжаттары түгел болмай шығыпты. Бұл атаулы көмекті алудағы шарттардың өзгеруінен болса керек.
Бірақ, бөлім басшысы бұл жаңа ережелер туралы сол өтінім берушілерге хабарлап, құжаттарын толықтыруды тапсырмаған. Басшының өзі аудандық газетке хабарландыру бергенін айтып ақталып отыр. Ал, тексеріс нәтижесінде сол субсидияны алған 70 қожалықтың 23-інің құжаттары түгел болмай шыққан. Кеңес мүшелері мұнда жеке мүдделерімен қандай да бір тұлғаларға ықпалдастық жасау әрекетінің болу ықтималдығын алға тартты. Ресми түрде құжатты толықтыру жөнінде хабарланбағандықтан, шаруашылықтар көмектен заңсыз қағылғанын айтып, сотқа шағымдану құқығынан да айырылып отыр.
Бұған дейін тәртіптік жауапкершілікке тартылған Сергек Жаңабаев  азаматтардың өтініштерін қарауда салғырттыққа жол берген. Оларға белгіленген мерзімде жауап бермеген. Оның өзі мұны бөлімде екі ғана адамның жұмыс істейтіндігімен байланыс-тырып отыр. Әр өтінішті жан-жақты зерделеуге ұзақ уақыт кететіндіктен, ол уақытында үлгере алмай жатырмыз деп те ақталмақ болды. Бірақ, тәртіптік кеңес мүшелері аталған лауазымды тұлғалардың атқарып отырған қызметіне толық сәйкес еместігін негізге алып,  олардың қызметін төмендету туралы аудан әкіміне ұсыныс жолдады.
Облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің бөлім басшысы Александр Ким Көкшетау қаласының перинатальдық орталығының қызметкерлеріне дөрекілік көрсетіп, қызметтік әдеп нормаларын бұзғаны үшін жауап беруіне тура келді. Әйелі босанарда қасында болғысы келген азаматтың 12 сағаттық толғақтан әбден жүйкесі жұқарса керек, орталық қызметкерлерін балағаттай бастапты. Жарына кесер тілігін жасатқысы келмеген ол дәрігерлермен сөзге келіп қалған. Сол сөзінде тұрған азаматтың жұбайы ақырында өзі босанып, сап-сау қыз баланы өмірге әкеледі.  Бұдан кейін ол кешірім сұрап барған. Тәртіптік кеңес мүшелері аталған әрекет ол департаментке жұмысқа орналасардан бұрын орын алғандықтан, істі қарауды тоқтатты. Дегенмен, кеңес мүшелері алдағы уақытта осындай жағдайлардың алдын алу мақсатында мұндай орталықтарда осындай жандарға психологиялық көмек көрсетудің жолға қойылуын қалап отыр.
Есіл ауданы әкімінің орынбасары Ахмет Құлмұхамбетов, аудандық аумақтық инспекцияның басшысы Қасым Оразалин, аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Марат Рахымбеков, аудандық жер қатынастары бөлімі басшысының міндетін атқарушы  Асылхан Жүнісов, Красивый селолық округінің әкімі Ержан Тынымбаев, аудандық әділет басқармасының басшысы Қымбат Әбдуахитова сияқты бірқатар лауазымды тұлғаларға қатысты да істер қаралды. Олар заңды тұлғаларға заңсыз артықшылық көрсеткен. Сөйтіп, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңның  12-бабы 1-тармағының 4-тармақшасын бұзған. Бұлардың кейбірі жер телімдерін бөлу бойынша комиссияға мүшелік етіпті. Осылайша әрқайсысы өз құзыреттерін пайдаланып, аудан әкімінің жақын туысы басшылық жасайтын «Шаңырақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне  жер телімін алып беруге ықпалдасқан болуы мүмкін.
Дегенмен, аудан әкімінің орынбасары бастаған топ өз кінәлерін мойындаған жоқ.  Олар аталған комиссия отырысы әділ өтті, заңсыздықтарға оның мүшелерінің еш қатысы жоқ деген пікірде. Әңгіменің бәрі сол бір жер телімін оның заңды иесінің барын ескермей, конкурсқа қоюдан басталып отыр. Газетте ресми хабарландыру жарияланып, конкурс өткізіледі. Комиссия мүшелерінің бәрі, тіпті, отырысқа қатыспағандары да әлгі «Шаңырақтың» пайдасына өз дауыстарын беріпті.  Тек бір адам ғана дауыс беруден бас тартқан екен. Жердің тіркелген кадастрлық нөмірі де көп талас туғызды. Осы бір шикілігі көп, шиеленіске толы мәселені жан-жақты зерттеген аса маңызды істер бойынша офицер Борис Федотычев одан 12 негізгі заң бұзушылықты анықтап, әрбірін негізді дәлелдермен нақтылап берді. Істі мұқият тыңдаған кеңес мүшелері аудан әкіміне бастапқы аталған үш лауазымды тұлғаны қызметтен босатуды ұсынды.  Тәртіптік кеңесте қаралған барлық мәселелер бойынша тиісті шешімдер шығарылды.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *