Өзі де, шәкірттері де білімді Ақмарал

Қоғамда бала тәрбиесі мен білім беруге айтарлықтай үлес қосып келе жатқан Ақмарал Молхы Еркіншілік мектебінде ұстаздық етіп, жас ұрпаққа есеп-қисапты үйретуде. Оның негізгі ұстанымы – сабақта есеп шығарудан жаңылсаң да, өмірдегі есеп-қисаптан сүрінбеу. 

Ол Монғолияның Баян-Өлгий аймағында туған. Тарихтың қиын кезеңдерінде ата-бабасы көшіп кеткен. Ел тәуелсіздігіне қол жетіп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жер шарына тарыдай шашырап кеткен қандастарымызды атамекендеріне шақырғанда қуана оралған отбасылардың бірі еді. Бала кезінде Баян-Өлгийдегі қазақ орта мектебін бітірді.
Ата-анасы Бақыт Жеңісхан пен Гүлзада Рақым өмірін әскери қызметпен байланыстырған адамдар. Ақмарал Бақытқызының ізінен ерген іні-сіңлісі әке жолын жалғапты. 2000 жылы Еркіншілік ауылына көшіп келеді. Жастайынан ілім-білімге ден қойған дарынды да зерек Ақмарал Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің физика-математика факультетіне оқуға түсіп, «Қолданбалы математика және информатика» мамандығын үздік меңгеріп шығады.
Жас маман алғашқы еңбек жолын Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде оқытушылық қызметтен бастады. Екі жылдың ішінде педагогикалық кәсіпке, пән оқыту әдістемесіне төселіп, көпті көрген тәлімгер оқытушылардың әдістемелік жұмыстарына қанықты.
Дегенмен, ауылға бүйрегі бұрып, білім-білігін, пән оқыту әдістемесін ауылдың баласына арнауды көздеген мұғалима 2007 жылы Еркіншілік мектебіне жұмысқа орналасты. Бүгінде 5-ші сыныпқа математика, 7-ші сынып оқушыларына алгебра мен геометрия  пәндерін оқытады. Өз пәніне орта буыннан негіз қалағанды, жоғары топта еңбегінің нәтижесін көруді мақсат ететін маман өз шәкірттерінің білім деңгейіне, жалпылама пайыздық көрсеткішіне, қол жеткізген нәтижесіне ден қояды. Математиканы төменгі сыныптардан бастап Ақмарал Молхыдан оқып, білім алған  жоғары сынып оқушылары Риза Исатаева «Алтын белгі» иегері атанса, Сағыныш Салқынбаева «Үздік аттестатқа» қол жеткізді.
Көкшетауда ұйымдастырылған «Үздік педагог-2017» облыстық байқауында бірінші санатты ауыл мұғалімінің мәртебесі тағы бір саты жоғарылады. Бақ сынаған 18 әріптесімен үш кезеңдік сыннан сүрінбей өтті. Ағарту саласында қол жеткізген игі жетістігі, сабақ жоспары, тәжірибе бөлісу кезеңі өзге өңір мұғалімдерінің көңілінен шығып, төрешілер тарапынан оң бағасын алды.
Сындарлы оқыту тиімділігін пайдалана отырып, математика сабағында оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттыру  тақырыбына ден қойған Ақмаралдың келешегі жарқын, алар асуы әлі алда деген ой түйдік.
Ауылдасымыз мектепте тәуелсіз ел іргесін бекітетін ұрпақ тәрбиелейтін ұстаз болса, өз отбасында үш перзент аялаған, жарқын болашағынан үкілі үміт күткен мейірімді ана. Игі қадамын, барлық ісін қолдап-демеп жүретін отағасы, жиһазшы-шебер Келденбай Нұртуғанның да өзіндік еңбегі баршылық.

Нұрлыбек МҰРАТБЕКҰЛЫ.
Ерейментау ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар