Боз даланың бозторғайы

Әдебиет сүйетін, өлең оқитын қауым Нұрмияш Көбеновтың есімін ұмытпаса керек. Заманында бір қолымен ақық дән аялап, бір қолымен жыр жазған Нұрмияш өзінің нұрлы, шуақты өлеңдерімен оқырманның көңілін баурағандығы анық.

Тіршілігінің көбін дала төсінде өткізген агроном ақын «менің жыр жазатын кабинетім кең даланың төсі» деп айтатын. Бурабай баурайының тамылжыған табиғаты, үзіліп түскен моншақтай әсем көгілдір көлдері, орман-тоғайы төл перзентін ақын етпей қоя ма. Өлеңдеріне мөлдірлік, сыршылдық тән еді. Сырлы әуеннің астарында асқақ азаматтық әуен, кісілік қасиет қоса өріліп жататын. Алғашқы шумағымен-ақ алабұртқан көңілді сиқырлы әлемнің тереңіне сүңгітіп, баурап ала жөнелетін.
Шығармашылығы жайында пікір айтпай тұрып алдымен өскен ортасы, замандастары жайында бір ауыз сөз сабақтайықшы. Бал күлкілі балалық шағы сұрапыл соғыс жылдарымен тұспа-тұс келіпті. Нұрмияш ақын өзінің қатарлас достары Еркін, Бектас, Серікбай, Сәби, Сағындық, Серіктермен бірге ат шалғымен шөп шауып, өгіз жетелеп, жер жыртып, ауыр еңбектің ащы дәмін қабырғасы қатып, бұғанасы бекімей жатып татқан болатын. Ертерек еңбекке араласқан сол бір толқын адал еңбекпен шыңдалып, жауынсыз жазда нәрді тереңнен саумалаған көк өскіндей көркейіп ер жеткен. Кейін арада әлденеше жылдар өткен соң көкірегінде жатталып қалған сол бір көріксіз көріністер жыр болып өрілген. Заманның сол бір кейпін таңбалаған өлеңге құлақ түрелік:
Ойын-күлкі көрмедік,
Сіңір-төзім өлмедік.
Жалындады жастығым,
Жауында да сөнбедік.
Өмір шындығы осы. Соғыс өрті өршіп тұрған уақытта алыстағы ауыл тұрғындарын, оның ішінде көкөрім балаларды да зілбатпан ауыртпалық басқандығы, аямағандығы рас. Ойын-күлкі көрмесе де, сіңір-төзімнің үзілмеуі әуелі қайраттан, содан соң көкжиектен үлбіреген бір үміт оты қылаң беріп, жандарын жалдап, қайраттанып, ұясынан ұшып, көз ұшынан шалынатын көгілжім бұлттармен астасқан ақ армандарын қуалап, ер жеткендері анық. Жастық жалыны мұншама қуатты болар ма. Тіршілікті бар ауыртпалығы, азабы мен тозағы сұп-суық жауын болып жауса да, сөндіре алмаған. Сол бір шақтың көріністері көп-көрім сурет болып жыр тіліне көшіпті.
Сол диірменнің дырылымен,
Жылынатын үйіміз.
Соғыс кезі бір үзім нан,
Сәтті күні сыйымыз.
Осы бір ауыз шумақтың астарындағы мазмұнға тіршіліктің бар тынысы сыйып тұр емес пе. Осы күні молшылықтың әсерінен кей адам обал, сауапты, кепиетті ұмытты. Әрине, ондай күндерді жаратқан ие басқа бермей-ақ қойсын. Бірақ, бір үзім нанның өзі сәтті күні ғана ауызға тиетін сый болғандығын ойлағанда қиыншылықпен күн кешкен сол кезеңнің куәгерлеріне ет жүрегің елжіреп, жаның ашиды. Әттең-ай дейсің. Бүгінгі жас толқын осындай өлеңдерді оқыса, түсінсе ғой. Нан қадірін білер еді. Дән өсірген диқан еңбегінің қадірін түйсінер еді.
Осындай ауыр еңбектің дәмін татып, қиналып жүргенде әлдебір ұйқастарды құрап, тақпақтап сөйлеуші еді дейтін замандасы Еркін ағай. Туған ауылындағы мектепте жетінші сыныпты бітіріп, Бурабай ауыл шаруашылығы техникумына оқуға түсіп, оны ойдағыдай тәмамдаған Нұрмияш Көбенов өзіне бала жасынан етене таныс еңбекке білек сыбана араласты. Ісіне тиянақты, білімді агроном бірден көзге түсіп, ел алғысына ие болды. Таусылып бітпейтін науқандық жұмыстардан кейін түн жарымын еңсеріп, көз майын тауысып жазған өлеңдері аудандық, облыстық газеттерге жиі шығып тұратын. Жас ақынның бойындағы тамаша қабілетті таныған газет басшылары қолқалап, қызметке шақырғанда өзі сүйген даласын, дала төсіндегі ақар-шақар ауылын қимай қалып қойған. Өйткені, ол даланың жырын жырлайтын бозторғайы еді. Ақын қайнаған еңбекті, жал-жал болып толқыған егінді, қыз бұрымындай өріліп түскен атжалды жырлады. Көзін ашқаннан қара жұмыспен шыңдалғандықтан жеңіл тұрмысты қажет еткен жоқ. Оны өзінің өлеңінде де айтады.
Ізде мені,
Табасың сен іздесең.
Егінжайдың арасынан күзде сен.
Ізде мені тасығанда алтын дән,
Қою түнде қырмандағы
 жарқылдан.
Әуелі сурет. Қайнаған еңбектің, жайнаған даланың әдемі кейпі. Сол даланың төсінде теңіздің толқынындай буырқанып, бұрқанып жатқан дән иісі мұрын жаратын, елітетін, еліктіретін егінжай. Ақынды іздесең, сонда бар. Одан таба алмасаң, тас қараңғы түнде тау-тау болып үйілген астықтың жанындағы қайнаған қызу еңбектің қақ ортасынан табатындығың анық. Содан соң барып өлеңдегі сыр шым-шымдап бойыңа тарайды. Өзіңді де сол бір береке біткен, байлық дарыған қасиетті далада жүргендей сезінесің. Көз алдыңа өзің көрген, куә болған, бәлкім бейнетіне араласқан ауылдағы берекелі сәттер елестейді. Бүйрегіңнің бір бұрышында бұғып жатқан сағыныштың шуағы маздап, өне бойыңа тарағанда, көкірегіңді жеп-жеңіл мұң жайлайтын тәрізді. Ол мұң – тәтті мұң. Әдемі сәтті, әсерлі сәтті, қырман басындағы қызықты сағыну шығар-ау.
Үрпек тауының бауырындағы Қызылағаш ауылында туып-өскен, бойындағы бар қуатын, табиғи талантын ақық дән аялауға, жарқылдатып жыр жазуға арнаған Нұрмияш Көбеновтың есімі аудан орталығы Щучинск қаласының бір көшесіне берілсе екен деп қолқалайды ауылдастары. Бүгінгі таңда мектеп бағдарламасына Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысымен өлкетану пәні енгізіліп жатыр. Өлкенің өшпес өзегі – боз даланың бозторғайы Нұрмияш Көбеновтей тума таланттар емес пе?!.

Белгібай ХАСЕНОВ,
Еркін ЛЕКЕРОВ,
Дәулет ШАЛАБАЕВ,
Таскен ШАЙҚАЛИЕВ,
Шәрия ҚҰСАЙЫНОВА,
Гүлзада КӨБЕНОВА,
Күләш ОРАЗИНА,
Нұрлан БЕКЕНОВ,
 және тағы басқалары.

Бурабай ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар