Тіл басқармасының мұнысы несі?!.

Ұлтқа жаны ашитын ана тіліндегі басылым болғандықтан, «Арқа ажары» мүмкіндігінше тіл мәселесін де назардан тыс қалдырмауға тырысады. Көзге бадырайып көрініп тұрған соң, көшедегі қате жазуларды да жылы жауып қоя алмаймыз.

Мүмкін, тиісті орындар байқамай жатқан шығар, біз айтайық, олар түзесін дейміз. Бірақ, олай болмай жатады. Мәселен,  облыс орталығының дәл орта тұсында, «Диас» тігін фабрикасына қарама-қарсы «ұ» әрпі түсіп қалған «Жас жұбайлар салоны» деген жазу міне, бір жылдан асты, әлі күнге сол «Жас  ж байлар» қалпында тұр.
Осындайды жазсақ, облыстық тілдерді дамыту басқармасында көңілдеріне ауыр алатын сияқты. Бұрын олай емес еді. Басқарма ұйымдастырған соңғы шығармашылық байқауда тілшілеріміздің жылда алып жүретін жүлделі орыннан да сырт қалуын содан ба деп ойладық. Оның үстіне мекеме басшысы Арман Бердалин бауырымыз баспасөзге жазылу мәселесімен барған тілшімізден «Біз «Арқа ажарына» жазылмаймыз» деп сәлем айтып жіберіпті. Бұл не қылған тоң-терісі екенін түсінсек бұйырмасын. Олай орынсыз өкпе артудың орнына, көз алдымыздағы қателерді түзесек…  
Қазақ мұндайда әліптің артын бақпаушы ма еді. Біз де солай істеп, жуырда анық-қанығын  білсек, басқарма шынында да «Арқа ажарынан» биыл ат-тонын ала қашыпты. Газетімізге басқа бір басқарма жазылмай жатса бір сәрі. Онда үндемей-ақ қояр едік. Ал, енді облыста тіл саясатын жүргізіп отырған мекеменің сол өңірдің  ана тіліндегі облыстық газетін көзге ілмеуін  кім естіген?!.
Бұл басқарма анығында, өзінің жұмысы бойынша жалғыз біздің газетке ғана емес, республикалық «Ана тілі», «Егемен Қазақстан»,  «Қазақ әдебиеті» сияқты ұлтымыздың басты басылымдарына да елдің алды болып жазылуы,  тіпті, солардың таралуына жанашырлық танытып,  бір жағынан шығысуы тиіс.  Біз сондай өрелілікті күткен мекеме болса, биыл 2015 жылға атымен бірде-бір газетке жазылмаған. Сонда ана тіліміздегі мерзімдік басылымдарды алмайтын, баспасөз бетінде тіл туралы не жазылып, не айтылып жатқанынан бейхабар тіл басқармасы өз жұмысын  қалай жүргізеді деген сауал туындамай ма?!. 
Қалай дегенде де, тіл саясатында әжептәуір салмағы бар мекеменің  жылда алып келген төл басылымдарымыздан биыл бойын мұншама аулақ салуына таң-тамаша қалмасқа лаж жоқ. Бұл жоғарыда айтқанымыздай, басқарманың аты мен затына да мүлдем қабыспайтын кереғар жағдай екені белгілі. Олай болса, республикалық Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті, облыстық құзырлы орындар  бар, бұл ағаттықты осылай қалдырмай, басқарманы газет атаулымен ат құйрығын бұлай шорт кесіспеуге  міндеттей түсер  деген ойдамыз.

Р.S. Осы құлаққағысымызды  басқарма мүмкін, баспасөзге ақпан айынан бастап жазылар деп газетте жариялауға асықпап едік. Бірақ, олай болмай шықты…

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар