Менің – парасат мектебім

Жалынды жылдар уысындағы уақыттың өзіне ғана тән көз ілеспес шапшаңдығы болса, сол уақыттың белгілі бір бедеріндегі 2011 жылдың 19 тамызында Ақмола облысынан Қазақстан Респуб-ликасы Парламенті Сенатының депутаты болып сайланғаным да күні кешегідей еді. Жылдар озды, күндер өтті. «Көзді ашып жұмғанша» дейтіндей уақыттан шапшаң, уақыттан жүйрік ешнәрсе жоқ екендігін тағы бір ұғындырып, міне, Сенат депутаттығымның өкілетті мерзімі де аяқталды.
Әлқисса, ең әуелі, Қазақстан Республикасының заң шығару қызметін жүзеге асыратын ең жоғары өкілді органы қос палаталы Парламентке, соның ішінде жоғарғы палата Сенатқа депутат болуыма қолдау көрсетіп, зор сенім артқан Қазақстан Республикасының Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа шынайы ризашылығымды білдіремін.
Шүкір, тәубе деймін! Бұл жылдар мен үшін қанаттанып, не бір жақсы-жайсаңдармен араласып, жаңа бір тың ойлармен, жаңа шығармашылық шабытпен жұмыс істеген ең бір есте қаларлық кезеңім болды. Сенат депутаты болған жылдарымда ел мен Елбасының саясатын қолдауға, Сенаттың абыройлы істерін кеңінен насихаттауға, Тәуелсіздігімізді баянды етуге, ұлтымыздың рухани жаңғыруына, Қазақстанды мекендеп отырған барлық ұлттар мен ұлыстардың достығы мен ынтымағын нығайтуға, ел бірлігін сақтауға, Көкшетау мен Ақмола өңірінің әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешуге өзімнің хал-қадірімше сенаторлық мандатыммен де, жазушылық қаламыммен де атсалыстым деп айта аламын. 2016 жылдың 2-ші шілдесі күні орайы келген бір сәтте Елбасының «Сен Көкшетауда жүргенде де жақсы жұмыс істедің, батыр бабаларымыз Қарасай мен Ағынтайды көтердің. Қазір де жақсы жүріп жатырсың, жазғандарыңды оқып тұрамын», – деген бір ауыз сөзі мен үшін ең асыл баға болып мәңгі жадымда қала берері де анық.
Тәуелсіз еліміздің қос палаталы Парламенті Қазақстанның егемендігін қалыптастырып қана қоймай, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ішкі және сыртқы саясатын қолдай отырып, соларды жүзеге асырушы беделді мемлекеттік құрылымға айналғалы қашан!
Тәуелсіздік жылдары Елбасы Парламентті жетілдірумен болды. Әлі де сол үрдіс жалғасып келеді. Бұған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2017 жылдың 10 наурызындағы «Қазақстан Республикасының Конс-титуциясына толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы» Заңы айқын айғақ бола алады. Елбасының өз ұсынысымен жасалған Конституцияға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды ең әуелі Парламенттің қос Палатасы қызу талқылап барып және Конституциялық Кеңестің мақұлдауымен қабылданған болатын. Осы орайда, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өз еркімен өзіне жүктелген 37 өкілеттігін Үкімет пен Парламентке беруі арқылы Парламенттің рөлі күшейтіліп, Үкіметтің дербестігі мен жауапкершілігі арттырылды. Қазақстандық қоғамды одан әрі демократияландыру бағытында тағы да бір нық қадам жасалды. Мұны әлемнің аузы дуалы саясатшылары да мойындап, жоғары бағаларын берді.
Осы орайда, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіз Қазақстан Парламентінің қалыптасуы, оның рөлі мен беделінің нығаюы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімімен тікелей байланысты. Қазақстанның қос палаталы Парламенті еліміздің жоғары заң шығарушы органы ретінде тәуелсіздік жылдарында қажетті заңнамалық базаны қалыптастырып, Қазақстанның экономикалық дамуы мен саяси тұрақтылығының берік құқықтық негізін қалады», – деп пайымды пікір түюі әбден орынды деп санаймыз.
Әңгіме барысында қалың жұртшылықтың назарына Қазақстан Республикасы Парламенті жайында қысқаша айта кетейін. Парламент тұрақты негізде жұмыс істейтін екі Палатадан: 47-і депутаты бар Сенаттан және 107-і депутаты бар Мәжілістен тұрады. Парламенттің ұйымдастырылуы мен қызметі, депутаттардың құқықтары Республика Конституциясымен, «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңмен және басқа да заңнамалық актілерімен айқындалған.
Ал енді, Қазақстан Республикасы Парламентінің құрылымы, соның ішінде өзім алты жыл бойы депутаты болған Сенат жайында айтар болсам, Сенат депутаттары Қазақстанның 14 облыстарының және республикалық маңызы бар Астана мен Алматы қалаларының барлық өкілді органдары депутаттарының бірлескен отырысында сайланады. Сенат әр өңірден екі адамнан сайланатын депутаттардан құралады және де депутаттардың жартысы әрбір үш жыл сайын қайта сайланып тұрады. Сонымен бірге, Сенат арқылы қоғамның әр қилы мүдделерін жүзеге асыруды қамтамасыз ету үшін, Сенаттың он бес депутатын Республика Президенті өзі тағайындайды. Сенаторлардың өкілеттік мерзімі – 6 жыл.
Кей-кейде осы Парламент не істеп отыр деп айтылып қалар пікірге орай, жұртшылық білсін деген оймен мына жайларды да айтқанды орынды санап отырмын. Мәселен, Парламент өзінің қос Палатасының бірлескен отырысында Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынысы бойынша Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізеді және де республикалық бюджеттің атқарылуы туралы Үкімет пен Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің есептерін бекітіп отырады. Республика Президентіне оның бастамасы бойынша әр Палата депутаттары жалпы санының үштен екісінің дауысымен бір жылдан аспайтын мерзімге заң шығару өкілеттігін беруге де хақылы екендігін айтқан ләзім. Сондай-ақ, Республика Президентінің ұсынысы бойынша бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау жөніндегі халықаралық міндеттемелерді орындау мақсатында Қазақстанның Қарулы Күштерін пайдалану туралы шешім қабылдайды, соғыс және бітім мәселелерін шешеді. Конституциялық Кеңестің Республикадағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы жыл сайынғы Жолдауын тыңдайды. Палаталардың бірлескен комиссияларын құрады, олардың төрағаларын сайлайды және қызметтен босатады, комиссиялардың қызметі туралы есептерін тыңдайды. Конституция бойынша Парламент өзіне жүктелген басқа да өкілеттіктерді жүзеге асырады. Парламенттің әр Палатасы өздерінің дербес әрі бөлек отырыстарында қажетті мәселелерді, заң жобаларын ең әуелі – Мәжілісте, ал, содан кейін Сенатта өз кезегімен қарастырып, конституциялық заңдар мен заңдар қабылдайды. Кез келген заң жобасы Сенаттың пленарлық мәжілісінде талқыланып, Сенат депутаттарының басым бөлігінің қолдауынан кейін ғана барып, Президентке қол қоюға жіберіледі. Әрине, тізбелеп айтар болсақ, Парламенттің қос Палатасы–Мәжілістің де, Сенаттың да қазақстандық қоғамды одан әрі демократияландырылуын тереңдету мен орнықтырудағы, ел бірлігін сақтаудағы және Қазақстанның әлемдік аренадағы абыройы мен беделінің арта түсуіне, алыс-жақын шет елдермен парламентаралық байланыстар мен қарым-қатынастарды дамытып, нығайтудағы орны айрықша екендігіне ешкімнің де таласа алмасы тарихи ақиқат.
Сенаттың ерекше өкілеттігіне жататын міндеттер де бар. Мысалы, Сенат Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынуымен Жоғарғы Сот төрағасын, Жоғарғы Сот судьяларын сайлайды, оларды қызметтерінен босатады, анттарын қабылдайды. Сондай-ақ, Елбасының өз Жарлығымен Республика Ұлттық Банкінің Төрағасын, Бас прокурорын және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасын, Ішкі істер министрін тағайындауына келісім беру сияқты міндеті тағы да бар. Ал, енді төменгі Палата – Мәжілістің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған кезеңде Республика Парламентінің конституциялық заңдар мен заңдар қабылдау жөніндегі функцияларын Сенат атқарады. Мұндай жағдай үш мәрте кездесті. Бірінші рет – 2007 жылғы 21 маусым мен 11 шілде, екінші рет – 2011 жылғы 16 қараша мен 2012 жылғы 19 қаңтар, үшінші рет – 2016 жылғы 21 қаңтар мен 20 наурыз аралықтарында болды. Маған соңғы екі толқында қызмет жасау бұйырды.
Кей-кейде Парламент депутаттарының аттарына да сын айтылып қалып жатады. Сол сындардың орындысы да, орынсызы да бар деп санаймын. Менің түсінігімде Парламент және оның депутаттары ең әуелі мемлекеттік мүддені, Тәуелсіздік мүддесін бәрінен де жоғары қоя біледі. Елдің бірлігі мен тыныштығын сақтау сияқты Елбасының «бар тілегін де, зар тілегін де» естен бір елі шығармайтын Қазақстан Парламенті парасат мектебі болып қалыптасқандығын ерекше атап көрсеткім келеді.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тірнектеп жинап келе жатқан қазақ елінің әлемдік аренадағы абыройы мен алдағы белесі мен асуын, беделінің өсуі мен тасуын, елдікті, бірлікті, келешекті, мәңгілікті, ел мен жердің тұтастығын, көп тіл мен көп діндердің жарастығын ойлайтын Абай хакім айтқанындай, «ақырын жүріп, анық басар» Парламент бар елімізде!
Тағы да кей-кейде ойлайсың, осы депутат дегеніңіз Украинаның «Радасындағыдай» мінберге таласып, жаға жыртысып жатса, болмаса Ресейдің «Думасындағыдай» оқта-текте болып тұратындай бет тырнасып, құр айқайға басып тұрса көпшілікке сонда жағып, сонда барып «жақсы депутат» болатын сыңайлысың. Әлмисақтан бері сөз қадірін білген, айтқан сөзге тоқтап, «арлы сөзге арсыз ғана жауап берер» дейтін халқымыздың парасат-пайымы бойға біткен қасиетіміз емес пе еді?! Ал енді, Парламенттері сабырсыз, құр даурықпашыл, арандатушылықтары басым жатар сол және өзге де елдердің қазіргі жағдайы бізге әрдайым сабақ болуы керек. Кешегі бауырлас және «бірлігі мызғымас» кеңестік он бес республиканың бірі Украинаның тұтастығы мен бірлігі кетті, қарулы қақтығыстар мен текетірестер тоқтар емес, жан сауғалап босқандар мен жазықсыз жандардың қаны төгілді, жаны қиылды. Бүгінгі күні әр нені айтып, алаулатып-жалаулатып, өңеш жыртылғанша айғайға басып от салу, арандату, болмаса айдап салу оңай, бұған ақыл мен парасаттың керегі жоқ. Біз осыны ойладық және соны ойлауға да тиістіміз.
Қазір Қазақстан әлемдегі тыныштық пен берекенің, ынтымақ пен бірліктің бір кішкене ғана аралы болып қалып отыр. Сол тыныштық аралына от қойып, ойран салғысы келетіндер жоқ емес, бар. Әуелден атам қазақ «жау жоқ деме, жар астында, бөрі жоқ деме, бөрік астында» дегенді білмей, аңдамай айтпаған да болар. Осы орайда, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты терең мәнді еңбегінде «Біздің кешегі тарихымыз бұлтартпас бір ақиқатқа – эволюциялық даму ғана ұлттың өркендеуіне мүмкіндік беретініне көзімізді жеткізді. Бұдан сабақ ала білмесек, тағы да тарихтың темір қақпанына түсеміз», – деп айтылған ұлағатты қағиданы алға тарта отырып, Парламенттің де әрдайым осы бір ұстанымды, қандай мәселені болмасын мәдениетті түрде пікір таластыра отырып, ақыл-парасатпен мемлекеттік тұрғыдан шешудің тамаша үлгісін көрсетіп келеді.
Күні кеше, яғни, 4 қыркүйек күні Елбасы Қазақстан Республикасы Парламентінің үшінші сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінде еліміздегі саяси реформалардың нәтижелеріне назар аударып, бүкіл мемлекеттік аппарат алдына қойылған міндеттерді іске асыруда Парламент пен Үкіметтің жауапкершілігі жоғары екенін атап көрсетті. Және де Қазақстан Президенті қоғамды дамытудың жекелеген бағыттарына тоқталып, рухани жаңғыру және экономикалық өсімді қамтамасыз ету жөніндегі міндеттердің орындалуына назар аударса, бұл келіп тұтас қазақстандық қоғамның бірлесе отырып, ынтымақтаса жұмыс істеуге шақырды.
– Парламенттің және бүкіл еліміздің алдында көп әрі жауапкершілігі зор жұмыс бар. Ауқымды міндеттер мен шешімдер – біздің 2017 жылғы жаһандық сын-қатерлерге жауабымыз. Жаңғыру барлық күшімізді жұмылдыруды қажет етеді. Жаңа жағдайда биліктің заң шығару және атқарушы тармақтары сындарлы түрде ынтымақтасуға тиіс, – деген Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың осы айтқаны барлық қазақстандықтардың алдына тартқан міндеті деп санаймын.
Өз басым Сенатта Қазақстанның көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлерімен бірлесе қызмет жасағанымда солардың кез-келгенінің бойындағы асыл қасиеттерін танып, үлгі тұттым. Сол абзалдардың ұлағаттарынан өмірлік ғибрат алдым деп айта алар едім. Мысалы, ел мен елдіктің мұратына қашан да адал, Елбасының сенімді серігі, сырбаз Нұртай аға Әбіқаев, сабырынан бір танбас, ішкі мәдениеті мен ұстамдылығынан ұлағат алар Икрам аға Адырбеков, ерліктің биік аспанындай сезілер, ер тұлғалы Қазақстанның Халық Қаһарманы Мұхтар аға Алтынбаев, қашан болсын кез келген мәселенің мәнісін біліп, түбін ойлап, тереңінен тарта сөйлер ойлы да парасатты Дариға Назарбаева сынды қайраткерлер мемлекетіміздің абыройы мен мақтанышы болып табылады. Ал енді, күлімсіреген кейпімен кей-кейде төтесінен қиып айтар Ләззат Қиынов, әкеден өсиет, анадан аманат алып өскен Серік Жақсыбеков, ақтығынан да, сақтығынан да ғибрат алар Ақан Бижанов, шешендігі мен білгірлігі шендескен қаз дауысты Қуаныш аға Айтаханов, жайсаң мінезімен әрдайым жарқылдап жүрер Бірғаным Әйтімова, тектілігі мен жан тазалығы әр сөзі мен әр ісінен аңдалып тұрар Аңсар Мұсаханов, «өзімде болмаса да, өзге де болса екен» деп жүрер тілеуқор көңілді Ерболат Мұқаев, ешкімді де жатырқап, сыртқа теппес дархан мінезді Ертарғын Астаев, қыз мінезді, инабатты да ибалы Асхат Күзеков, не нәрсенің болсын жолын да, жөнін де біліп тұрар Мұрат Бақтиярұлы, батырдың батылдығы мен бидің тапқырлығы дарыған Рашит Әкімов, кісілігі мен кішілігі, әдеп-иманы бір бойына жараса қалған Әли Бектаев, сыршыл да суреткерлік жанымен аңқылдап туған Төлеубек Мұқашев, түгелге бітер бақты да ақты Бақтыбай Шелпеков, жаяулыны жолда қалдырмас Мұратбай Жолдасбаев, сыйластық пен серіктікке таптырмас азамат Серік Біләлов, көңілімен мыңды айдаған көпшіл Манап Көбенов және де бірінің жасы үлкен, бірінің жасы кіші болса да жолдары үлкен өзге де ел абзалдарымен Сенат қабырғасында сыйласа да, сырласа да жүріп, бірге қызмет жасаған кезеңдердің барлығы да енді өткен күндер өткелінің арғы бетінде қалып барады. Өкініші жоқ әрине! Жалғасар ғұмыр бер, Тәңірім баршамызға!
Тіршілік болса, алдағы уақытта да өз өмірімнің парасат мектебі болған Парламент қабырғасында жүріп алған тәлімім мен тәжірбиемді ел мен Елбасының саясатын насихаттауға, халқымыздың рухани жаңғыруына және де Мәңгілік ел болу жолындағы асқаралы мұраттарды жүзеге асыруға атсалыса беруді өзімнің азаматтық парызым деп білемін.
Мен енді жанымды жалынды сағынышқа малып, әрдайым тілектес те, ниеттес көңіліммен Көкшенің биігінен қол бұлғармын. Алайда, мен өздеріңізбен қоштаспаймын!..

Жабал Ерғалиев,
жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Парламент Сенатының V-ші және VI-шы шақырылым депутаты.

Көкшетау.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар