Кіші Түкті желегі деп жүреді

Орманды алқаптар ұлан-байтақ қазақ жерінің шамалы бөлігін ғана алып жатқаны белгілі. Осындай жасыл желектің дені біздің өңірге бұйырғаны көңілге қуаныш ұялатады.

Егер ақын-жазушы, жерлесіміз Қорғанбек Аманжоловтың өлеңіне сүйенетін болсақ, ауданда «Зеренді қарағайларына» тіршілік нәрін беріп жүрген азаматтар жетерлік. Солардың бірі – Кіші Түкті орман шаруашылығы директорының орынбасары Қадыр Шаймерденов. Ол осы салада 1991 жылдан бері еңбек етіп, әртүрлі баспалдақтардан өтті. Мол тәжірибе жинақтап, бүгінгі таңда өзі де  жас орманшыларды тәрбиелеп жүр. Тіпті, орман алқаптарында әр ағаштың қай жылы отырғызылғанын да жақсы біледі.
Табиғатты жанындай сүйетін Қадыр мектеп қабырғасында жүргеннен-ақ орманшы болуды армандады. Тіпті, өскенде өзінің кір жуып, кіндік кескен туған ауылы Игіліктің маңайын орманға орағысы да келді. Бұл оның бала арманы еді. Ал, арман қашанда алға жетелейтіні белгілі.  
20 мың гектарға жуық жасыл алқабы бар орман шаруашылығы «Ключевой», «Подгородный» деген  шаруашылықтардан тұрады. Бұйырса, жуырда бұл жерлер тарихи атауымен аталатын болады. Шаруашылықта 50-ден астам адам еңбек етуде. Олар жаз айларында ағаш көшеттерін отырғызып, оларды күтіп, баптау ісімен айналысады. Науқандық жұмыстарда Дороговка селосынан қосымша жұмыс күші тартылады. Шаруашылық өсіретін көшеттер жыл сайын «Астана–Бурабай» автобанының бойына отырғызылуда.
– Сондай-ақ, біздің шаруашылықтың қарамағында «Орман аймағы»  жекеменшік кәсіпорыны жұмыс істейді. Онда орман-тоғайға санитарлық тазарту  жұмыстары жүргізіліп, тақтай тілетін цехта ағаш тілінеді. Қосымша табыс көздерінен қажетті техникалар сатып алып, материалдық-техникалық базамызды да нығайтудамыз.  Жасыратыны жоқ, орманшылардың еңбекақысы көңіл көншітпейді. Ал, атқаратын жұмыстары бастан асады, – дейді өзінің бір сөзінде Қадыр Шәймерденов.
 Шаруашылық меңгерушісі Бауыржан Наурызов, Александр Ворвуль, Сәбит Жаманов, Қанат Шұғайыпов сияқты қарапайым орманшылардың  қырағылықтарының арқасында мұнда өрт шығу, заңсыз ағаш кесу оқиғалары сирек. Бұрын осы шаруашылықта істеген еңбек ардагерлеріне де қал-қадірінше қол ұшын беру естен шыққан емес. Осы істердің басы-қасында елгезек көңілмен Қадыр Төлеуұлы да жүреді. Себебі, ол орманшы болған әкесінің жолын қуған абзал азамат.

Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар