Латын қарпі – қажеттілік

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында ағымдағы жылдың аяғына дейін қазақ әліпбиінің латынша жобасын әзірлеуді ұсынды. Осы орайда, 2018 жылдан бастап жаңа әліпбиді үйрететін мамандарды және орта мектептерге арналған оқулықтарды дайындауға кірісіп, алдағы екі жылда ұйымдастыру және әдістемелік жұмыстар жүргізілуі қажет.

Латын әліпбиінің Парламентте талқыланған нұсқасы елдің көңілінен шықпай, қоғам арасында түрлі пікірталас туындағаны белгілі. Тыңдалымда қазақ тілінде 25 әріп және 8 диграф қолданылатыны айтылды. Халықтың пікірі бойынша диграфтарды пайдалану біраз қиындықтар туғызады. Бұл ретте, Мемлекет басшысы қоғамда латын әліпбиі жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізу керектігін тапсырған болатын. Осы мәселеге қатысты жұмыстар түрлі форматта республикамыздың барлық аймақтарында жүргізіліп жатыр. Аталған мәселе қоғамда қызу талқылануда. Соның нәтижесінде үстіміздегі қазан айының тоғызы күні Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа «Мемлекеттік тілдің бірыңғай стандарттары әліпбиінің» жаңа нұсқасы таныстырылды. Жобаны әзірлеу кезінде қоғамдық пікір негізге алынып, диграфтардың орнына қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне тән дыбыстарды дәйекші белгілер арқылы таңбалау жүйесі енгізілетіндігі айтылды.
Елбасы осы жұмысқа атсалысқан халыққа, бірлестіктер мен комиссия мүшелеріне алғыс айта отырып, ел арасында түсіндіру-насихаттау жұмыстарын одан әрі жалғастыруға тапсырма берді. Жаңа жобаны түсіндіру жұмыстары Егіндікөл ауданында да басталып кетті. Ауыл халқы, еңбек ұжымдары, қоғам белсенділері, мұғалімдер, жастар арасында насихат шаралары, талқылаулар жүріп жатыр. 32 таңбадан тұратын ұлттық әліпбиіміздің жасалғандығы, қазақтың төл дыбыстарының таңбалануы көңілге қонымды, қолданыста да жеңіл екендігі айтылды.
Сөз соңында айтарым, жаңа рухани жетістікке жету үшін латын әліпбиінің жаңа жобасын қолданысқа енгізгеніміз дұрыс. Өйткені, ол – заман талабы, қажеттілік.

Алтыншаш АРЫНҒАЛИҚЫЗЫ,
Егіндікөл аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар