Үкімет назарындағы курортты аймақ

ойдағыдай дамытылса құба-құп

Облыс әкімі Сергей Кулагиннің қатысып, сөз сөйлеуімен Бурабай ауданының әкімі Төлеген Ташмағамбетовтың аудан тұрғындарымен есеп беру кездесуінде  өткен жылы атқарылған істер мен алда тұрған міндеттер қаралды.

Аудан әкімі алдымен өз баяндамасында ауыл шаруашылығы саласын дамыту барысына тоқталды. Өткен жылы 112,7  мың гектар егіс алқабынан 156,6 мың тонна астық жиналып, бұл көрсеткіш осының алдындағы жылмен салыстырғанда бір жарым есеге арта түскен. Көкөніс өндіру көрсеткіші де жақсара түсті. Атап айтсақ,  52,4 мың тонна картоп пен 6,7 мың тонна көкөніс жиналды.
Өңірде мал шаруашылығы да даму үстінде. Ағымдағы жылы ірі қара мал басы 110,2 пайызға көбейіп, өндірілген өнім  көлемі арта түсті. Әсіресе, курортты аймақты  өз өнімімен қамтамасыз ету біршама шешімін тапқан.  Ал, өнеркәсіп саласы бойынша 17 миллиард 182,3 миллион теңгенің өнімі өндірілді. Бұл машина жасау және басқа да өндіріс орындарының жұмысы арқылы мүмкін болды.
Аудан әкімі кездесуде өңірдің экономикалық әлеуетін іске асыра отырып, кәсіпорындарға өндірісті кеңейту үшін жағдай жасалатынын  да сөз етті. Қазіргі экономикалық даму үдерісінде әр кәсіпорынның бәсекеге қабілетті болуының маңызы зор. Өткен кезеңде бір  инновациялық жоба жүзеге асырылса, алдағы уақытта осындай жеті жобаны жүзеге асыру үшін құжаттар әзірленуде.
 Елбасының «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол»  Жолдауының маңызды тұстары да әңгіме өзегіне айналды. Әсіресе, шағын және орта бизнесті  мемлекеттік тұрғыдан қолдауға ерекше көңіл бөлінетіндігі  атап өтілді. Қазір Бурабай ауданында 7414 шағын бизнес нысандары тіркелген. 2013 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш анағұрлым төмен екенін де байқаймыз. Мысалы, ауданның салық басқармасы  жүргізген тексеріс барысында 800-ден астам кәсіпкерлік субъекті-лерінің  жұмысы тоқтап тұрғаны анықталды.
Мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруда да оң көрсеткіштер бар. Атап айтсақ, «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында 716,9 миллион теңге қаржы бөлініп, бес жоба іске қосылған. 
Атқарушы органдар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы жұмысты күнделікті бақылауға алып отыр. Осы ретте, жылда  түйткілді мәселелердің бірі – жылу маусымына дайындық барысы десек, оған биыл ойдағыдай көңіл бөлінді. Дегенмен, кейбір әлеуметтік нысандарға жаңа жылу қазандықтарын орнату қажеттілігі де туындап отырғанын айтқан жөн. Сондай-ақ, ауыз су да күрмеулі мәселенің бірі. Ауданда тұрғындардың 94 пайызы ауыз сумен толық қамтамасыз етілген. Бірақ, кейбір елді мекендерде су құбырларының тозығы жеткендіктен, жағдай басқаша. Алдағы уақытта  су жүйесін  қызмет көрсететін бір ұйымға беру туралы мәселе қаралып жатыр.
 Денсаулық сақтау саласын дамытудың «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы демографиялық көрсеткіштердің өскенін айғақтайды. Өңірде ана өліміне жол берілмеген, бала өлімі де бес пайызға азайыпты. Мұнда қордаланып тұрған мәселенің бірі – білікті дәрігерлердің жетіспеуі. Өткен жылы салаға кадрларды тарту мақсатында бір дәрігерге Щучинск қаласынан пәтер берілсе, ауылға барған алты маманға әлеуметтік көмек көрсетілген екен. Алайда, бұл мәселе түбегейлі шешілер емес.
Әлеуметтік салада атқарылған істермен қатар, аудан орталығында бір ғана қазақ мектебінің бары, жаңа емхананың қажеттілігі сөз болды. Баяндамадан кейін тұрғындар аудан әкіміне өздерін толғандырған сауалдарын қойып, сын-ескертпелер, өтініш-тілектер мен ұсыныстар бақылауға алынатын болды.

Бурабай ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар