Емдеу нәтижесі жақсы

2011-2020 жылдарға арналған білім беруді дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламаның негізгі мақсаттарының бірі – мүмкіндігі шектеулі мүгедек балалардың басқалармен тең дәрежеде білім алуына жағдай жасау.

Тәжірибе жүзінде мұның қалай іске асып жатқандығын біз медициналық-әлеуметтік мекемедегі жұмыстарды мысалға алып түсіндіріп бермекшіміз. Облысымызда мүмкіндігі шектеулі мүгедек балаларды әлеуметтік оңалту бағытында біршама жұмыстар жүргізіліп келеді. Сондай жұмыстар Көкшетау қаласындағы медициналық-әлеуметтік мекемесінде жүзеге асырылады. Онда 16 жасқа дейінгі психологиялық және физикалық дамуында ақаулары бар балаларға мамандар көмек көрсетеді. Медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімдерінің мамандары мұндай балаларға арналған арнайы жекелей оңалту бағдарламаларын мемлекеттік қызмет көрсетудің стандарттарына сай әзірлейді. Дегенмен мекеме қызметінен ата-аналардың біразы бас тартып, балаларының денсаулығымен өздері айналысқанды жөн санауда. Олар көбінесе медициналық-әлеуметтік мекеме деген атауды мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған интернатпен шатастырып, қашқақтайды.
Медициналық-әлеуметтік мекемеде логопед, педиатр, психолог, жүзу жөніндегі нұсқаушы, терапевт, физиотерапевт, педагог, невролог секілді мамандар жұмыс істейді. Олардың әрқайсысы балалармен жеке-жеке, қажет болған жағдайда топпен жұмыс жүргізеді.
Кабинеттердің барлығы қазіргі заманғы стандарттарға сай құрал-жабдықтармен жабдықталған. Оларға қажетті құралдарды алуға қоғамдық ұйымдар, шағын және орта бизнес өкілдері көмек беруде. 2015 жылдың желтоқсан айында «Алтынтау-Көкшетау», «Жарайсың» серіктестіктерімен үш жақты келісім-шарт жасалып, сал ауруымен ауыратын балаларға 10 тірек аппаратын сатып алған едік. Ол потологиялық және сал ауруының түрлі деңгейіне ұшыраған кембағал балалардың отыруларына көмектеседі. Осы құрал-жабдықтарды біздің медициналық-әлеуметтік мекемеге демеушілер жеткізіп берді. Сонымен бірге, жеке қайырымдылық қорының өкілі Б.Өтемұратов мекемеге «Фаэтон» костюмін сыйға тартты. Дәрігерлеріміз А.Дәлел мен Б.Құсайынованың көмегімен осы костюмнің тұсаукесерін өткізіп, оны ең бірінші болып Темірлан Ахметовке кигізіп көрсеттік.
Кинезотерапия тәсілі балалардың сөйлеуіндегі ақаулықтарды, бұлшық еттерінің тартылуын, артикуляциялық аппаратты, бетін, кеуде жасушаларын оңалтуға қолданылады. Осының нәтижесінде балалардың психологиялық және физикалық жағдайы жақсара түседі. Нақты мысал келтіретін болсақ, 1999 жылы дүниеге келген А.Қайыржанованың денсаулығы осы тәсілдің арқасында біршама жақсарды. Ол 2014 жылдан бері біздің мекемеде емделіп келеді. Бала бізге келіп түскенде сал ауруына ұшырап, қуық-бүйрек рефлексі қатты бұзылған болатын.
Соның салдарынан бала жүре де, тіпті, тұра да алмайтын. Мекеменің мамандары тексеріп, генетиктің ақыл-кеңесін алды. Тиісті анализдер алынып, жеке диета белгіленді, Алматы қаласындағы диетология және генетология орталығына арнайы тамақтану үшін есепке қойылды, емдік дене тәрбиесі ұсынылып, медикаментозды ем қабылдау басталды. Нәтижесінде, науқас баланың денсаулығы жақсара бастады, өздігімен отыратын болды. Бұлшық еттерінің тартылуы азайды, басын тік ұстап, өздігінен жүретін, кісінің көмегімен сатыдан түсіп, көтерілетін дәрежеге жетті. Сол секілді А.Ерданов деген баланың да ем қабылдағаннан кейін денсаулығы оңалып кетті.
Облыста арнайы әлеуметтік қызмет стационарлық және жартылай стационарлық жағдайда көрсетіледі. Мекемеде халыққа әлеуметтік көмектің әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік-еңбектік, әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-экономикалық, әлеуметтік-құқықтық тәрізді сегіз түрі іске асырылуда. Мекемеде сонымен бірге, ақыл-есі кем балаларды бейімдеуге де жағдай жасалады. Оларға да мұғалімдер, дефектологтар, физиотерапевт, емдік дене тәрбиесі және жүзу жөніндегі нұсқаушылар көмек көрсетеді.
«Сақтағанов» жеке кәсіпкерлігі мен «Реалгаз» серіктестігінің демеушілігімен психологтың кабинеті М.Монтессори әдістемесі бойынша жабдықталды. Психолог маман балалармен жекелей және топтық емдеу шараларын өткізіп тұрады. Ол су және құм терапиясын, арттерапия, ойын терапиясын, түрлі құрылғылардың көмегімен сенсорлы бөлмеде релаксациялар, топтық тренингтер ұйымдастырады.
Сонымен бірге, Көкшетау медициналық-әлеуметтік мекемесінің қызметкерлері сал ауруына ұшыраған балалардың үйлеріне барып та, әлеуметтік стационарлық және жартылай стационарлық көмек көрсетеді. Бұл жұмыста да оң нәтижелер байқалуда. Осылардың бәрінен мүгедек балалардың қоғамға сіңісіп кетуі үшін жасалып жатқан оңалту шараларының қаншалықты маңызды екендігіне көз жеткізуге болады.
Сөз соңында, мүгедек және мүмкіндігі шектеулі балалардың мәселелері қоғамда әлі де өзінің өзектілігін жоймағанын, сондықтан, осы бағыттағы жұмыстар одан әрі жетілдіре түсуді қажет ететінін айта кеткіміз келеді. Көптеген жылдар бойы осыған қатысты заң да жұмыс істемеді. Сондықтан, қазір бұл біздің елімізде өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Бұл мәселеге жете көңіл бөлу адамдардың санасына оң өзгеріс әкеліп, мүгедек
балаларға деген көзқарасты жақсартады деген сенімдеміз.

Гүлбану МЕЙРАМОВА,
Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон
комитеті Ақмола облысы бойынша
департаментінің №3 медициналық-әлеуметтік
сараптама бөлімінің басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар