«Арқа ажарының» қос ардақтысы

Жүз жылдық тарихы бар «Арқа ажары» газетімен өмірімді байланыстырғаныма да 19 жылдың жүзі болыпты. Осы уақыттың ішінде ғасыр жасаған байырғы басылымда еңбек еткен есімі ел-жұртқа танылған, өз жұмысын жақсы білетін, кәсіби біліктілігі жоғары маман аға-апаларды көріп, солардан көп нәрсені үйренгенімді айтсам, артық болмас. Олардың бәрі де өз ісін жетік білетін майталман мамандар, жұмысты жанын салып аянбай істейтін айтулы азаматтар болатын. Мен тек екі адамға, үлкен де, кіші де «Нақаң» атап кеткен жауапты хатшының орынбасары Нағима Тасқызы мен қырық жылдан астам корректор болып еңбек еткен Бағдат Рысмұхамедоваға тоқталғым келеді.

Бағдат тәте!

Мен 1999 жылдың жазында «Арқа ажарына» келгенде Бағдат тәте (жұрт ол кісіні солай атайтын) зейнеткерлікке шыққанына қарамастан, корректор болып істеп жүрді. Өз жұмысының хас шебері болғандықтан ба, зейнет демалысына кеткен соң оны бас редактор қайта жұмысқа шақыртыпты.
Астанадағы қосында шығармашылық қызметкерлер саусақпен санарлықтай аз болды, содан ба күн аралатып кезекшілік атқарамыз. Кезекші редактордың міндеті – газетте қате, оның ішінде әріп қатесінің кетпеуін қадағалау. Шынын айтқанда, Бағдат тәте оқыған бетті қайта оқудың қажеті де бола қоймайтын. Ол кісі екінші корректормен әрбір материалды алдын ала оқып, тазартып алады. Содан кейін бетке салғанда тазарып барған материалдан бірлі-жарым әріп қатесі болмаса, онша қате табылмайды. Содан болар, Бағдат тәтеге сеніп алған кезекші редакторлар әкелген бетті бір рет сыдыртып көз жүгірте саламыз. Кейде беттен бір де қате таппай, сол аппақ күйінде апарып береміз. Қызығы сол, Бағдат тәте сондай тап-таза беттен де біз таппаған қателерді тауып, түзеп жатады.
Корректордың міндеті әріп қатесі мен кейде техникалық ақаулықтан орын алып жататын жолдардың ауысып кетпеуін қарау десе де, Бағдат тәте дұрыс құрылмай тұрған сөйлемдерді, кейде күмән туғызатын кісі аттары мен сандардың астын сызып, мынаны анықтау қажет деп назарымызды аударып жатады. Ол мәселені анықтау барысында, шынында да, қателік орын алғанын біліп, талай рет сондай қатерден аман қалғаным есімде. Өкінішке орай, Бағдат тәте бүгінде арамызда жоқ. «Арқа ажарына» қыз болып келіп, кемпір болып кетіп барамын» деп өзі айтқанындай, бар саналы өмірін жүз жылдық тарихы бар осы басылымға арнаған тәтеміз биыл көктемде бақиға аттанып кете барды.

 

Нағима апай – «Нақаң!»

Мен 2000 жылдың желтоқсанынан бастап, 2005 жылдың мамырына дейін «Арқа ажарының» Астанадағы тілшілер қосынында еңбек еттім. Тілшілер қосыны дегенмен, газет басшылығы да, редакцияның негізгі күші де Астанада болатын және газет сонда басылып шығатын. Сондықтан, газеттің шығу процесіне түгел қатысуға тура келді. Жазатын негізгі шығармашылық топ Көкшетауда болғанымен, Астанадағы қызметкерлер де қарап қалмай, іссапарларға шығып, газеттің бітпейтін жыртық-тесігіне қажет материалдар тауып беріп отыратын. Бас редактор, орынбасары мен жауапты хатшы Астанада болғанымен, редакцияның қатардағы қызметкерлері үшін ең үлкен бастық – Нақаң еді. Енді осының себебіне толығырақ тоқтала кетейін.
Жауапты хатшының орынбасары қызметін атқаратын Нақаң газет шығатын күні таңертең макетті дайындап, материалдарымен апарып бас редакторға көрсетіп бекітіп алады. Содан кейін бетті компьютер цехында дизайнерлермен отырып өзі жасайды. Газетті бекіту үшін жақсы толымды материалдар, жергілікті жерлерден ұтымды хабарлар болуы қажет. Ал, шығармашылық қызметкерлер екі жақта отырғандықтан болар, бізде ондай материалдар қоры деген мүлдем болмайтын. Сондықтан, Нақаң жоқ материалдарды бар деп, тіпті тақырыбын, авторына дейін қойып, оқуда немесе теруде жатыр деп, макетке енгізіп редакторға бекіттіріп алады. Содан кейін Астанадағы, Көкшетаудағы жігіттердің екі аяғын бір етікке тығып, әлгі макетте белгіленген жоқ материалдарды жазғызады. Бір емес, он рет телефон шалып, жағадан алатындықтан, одан мезі болған жұрт айтқан мақаласын жазып беріп құтылады. Содан болар, біз үшін ең үлкен бастық – Нақаң болатын.
Газеттің шығу процесінде түрлі күтпеген жайлар орын алып жатады. Көбіне кешігіп, тіпті түн ортасына дейін отыратын кездер де болады. Жұмысқа ерте келіп, жұрттың ең соңынан кететін, газеттің шығу процесінің басынан аяғына дейін қатысатын және газет макетін, дизайнермен отырып бетті жасайтын адам да Нақаң еді. Ол өз жұмысын барынша беріле істейтін және макетті де керемет сызып, бетті де тамаша жасайтын. Оның осындай жоғары кәсіби біліктілігін білетін басшылар ол жасаған макетке де, бетке де бір ауыз сын-ескертпе айтпайтын. Иә, Нақаң шын мәнінде басынан аяғына дейін «газетчик» деуге лайықты кәсіби білікті маман болды. Бүгінде кейде секретариаттың жұмысынан кетіп жататын олқылықтарды көргенде «шіркін, Нақаңды бір жеті әкеліп істетсе, бәрін де ретке келтіріп берер еді-ау» деп армандайтыным бар.

Мен әңгіме арқауы еткен «Арқа ажарының» бұрынғы екі қызметкері де өз жұмыстарына, міндеттеріне барынша адалдығымен ерекшеленетін, өздеріне жүктелген істі қалтқысыз орындау үшін уақытын да, күш-жігері мен қабілет-қарымын да аямай жұмсайтын жоғары деңгейдегі нағыз КӘСІБИ МАМАНДАР еді. Олардың ісі бүгінгі жастарға үлгі-өнеге боларлық, есімдерін құрметпен атауға лайық жандар. Иә, жаңаны көнертіп, жасты қартайтатын, тоқтауды білмейтін өмір-өзенмен ағатын адам атты екі аяқты пенделердің тірлігінің өлшемі жұрт есінде қалатын жақсы ісімен, адал еңбегімен, қоғамға, ел игілігіне қосқан үлесімен белгіленетіні рас. Бір ғасырлық тарихы бар «Арқа ажарында» Нақаң – Нағима Тасқызының, Бағдат тәте – Бағдат Рысмұхамедованың қосқан елеулі үлесі, өздерінің ойып алған лайықты орындары бар. Ендеше, ол кісілердің есімдері де «Арқа ажарымен» бірге ғасырларға жалғасып, жасай беретіні анық.

Қалкөз Жүсіп.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар