Мемлекеттік қызмет міндеті зор

Кеше Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Ұлттық бюро төрағасының орынбасары Алик Шпекбаевтың және облыс әкімі Мәлік Мырзалиннің қатысуымен облыстық әкімдіктің кеңейтілген отырысы өткізіліп, өңірімізде 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияның жүзеге асырылуы жан-жақты талқыланды.

Сондай-ақ, мемлекеттік қызмет көрсету сапасы, тұрғындар арасында жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру мәселелері талқыланды.
Қала және аудан әкімдері, облыстық басқарма, ведомство басшылары, үкіметтік емес ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысқан облыстық әкімдіктің кеңейтілген отырысында күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша облыс әкімінің орынбасары Олжас Бектенов баяндама жасап, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жөнінде өкілетті органдармен бірлесе қолға алынып жатқан шараларға тоқталып өтті.
Жыл басынан бері тұрғындар арасында жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында 900-ден, ғаламторда 350-ден астам материал жарияланды. Бүгінде мемлекеттік мекемелер 189 мемлекеттік қызмет түрлерін көрсетеді. Жыл басынан бері жергілікті атқарушы органдар 3 миллионнан астам мемлекеттік қызмет түрлерін көрсеткен екен.
Жиында келтірілген мәліметтерге сүйенсек, жыл басынан бері облыс аумағында 143 сыбайлас жемқорлық фактісі орын алып, оның жартысы сотқа жіберілген. 49 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Өткен жылы мемлекеттік қызмет көрсету мерзіміне қатысты сегіз заң бұзушылық тіркелсе, үстіміздегі жылы бір заң бұзушылық анықталған. 10 мемлекеттік қызметші тәртіптік жауапкершілікке шақырылып,
5 адам қызметінен босатылды.
Жиында сөз алған Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы Берген Беспалинов департамент бас-тамасымен қоғамдық рейд пен аудит комиссиясы құрылып, аталған комиссия қызметін асыра пайдалану, қызметтік көлікті мақсатсыз қолдану секілді заң бұзушылықтардың жолын кесумен айналысып жатқанын атап өтті. Сондай-ақ, жемқорлық қаупі зор мекемелердің мониторингі жасалып отырады. Бұл жолы облыстық көліктік бақылау инспекциясында бірнеше сыбайлас жемқорлық қаупі анықталғаны, мемлекеттік қызметшілердің алмасу көрсеткіші жоғары болып отырғаны айтылды. Бұл проблема әсіресе Аршалы, Еңбекшілдер, Шортанды аудандарында көбірек тіркеліп отыр.
Мәселеге қаныққан Ұлттық бюро төрағасының орынбасары кадр мәселесінің дұрыс жолға қойылуы мемлекеттік қызметтің беделіне тікелей әсер ететінін тілге тиек етіп, департамент басшысы Берген Беспалиновке аталған мәселелерді жіті назарда ұстауды тапсырды.
Мемлекеттік қызмет көрсету сапасын жақсарту мәселесі де күн тәртібінде жан-жақты сөз болды. Қарапайым халық мемлекеттік қызметтерді электронды үкімет порталы арқылы алуға толығымен көшу үшін елді мекендер ғаламтор желісімен жүз пайыз қамтамасыз етілуі тиіс. Қазіргі таңда 600-ден астам мемлекеттік қызмет түрлері халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы көрсетіледі.
Жиынды Ұлттық бюро төрағасының орынбасары Алик Шпекбаев қорытындылады.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар