Көрерменмен жаңаша қауышады

Жақында облыстық «Қазақстан-Көкшетау» телеарнасын талғамы жоғары көрермен қауым мазмұны жаңартылған жаңа телевизиялық форматта тамашалайтын болады. Бұл туралы телеарнаның тың жобалары таныстырылған баспасөз мәслихатында мәлім болды.

Шараға «Қазақстан» РТРК» акционерлік қоғамы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ләззат Жүнісова мен облыстық «Қазақстан-Көкшетау» телеарнасының директоры Әлібек Татанов, сондай-ақ, облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының міндетін атқарушы Архат Айбабин қатысты. Үстіміздегі қараша айының отызынан бастап «Қазақстан-Көкшетау» телеарнасын көрермендері жаңа форматта тамашалайтыны баспасөз мәслихатында кеңінен сөз етілді. Айта кетейік, өткен айда «QAZAQSTAN» телекорпорациясына қарасты 14 аймақтық телеарналардың атаулары өзгерген болатын. Бұдан былай барлық арналардың логотиптеріне өзгеріс енгізіліп, әр өңірдің өзіне ғана тән табиғи-географиялық атаулары қолданылады. Жаңа форматтағы жергілікті телеарна қарашаның соңында көрерменіне «Ko`ks`e» атауымен жол тартып, жаңа 36 бағдарлама ұсынылмақшы.
Осы орайда, жергілікті телеарнаның жаңа телевизиялық форматының тұсаукесеріне қатысқан астаналық мейман, «Қазақстан» РТРК» акционерлік қоғамы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ләззат Жүнісова жасалып жатқан бастамалардың барлығы аймақтардағы телеарналарға жаңа леп, жаңа серпіліс қана беріп қоймай, қазақ телевизиясының заманауи үрдістерге бейімделіп, әрі қарай дамуына жол ашатынына сенім білдірді.
Бүгінде облыстық «Қазақстан-Көкшетау» телеарнасында 90-ға жуық адам еңбек етуде. Баспасөз мәслихатында сөз алған телеарна директоры Әлібек Татанов латын әліпбиінің енгізілуіне байланысты 2017 жыл қазақ телевизиясы үшін тарихи жылға айналып отырғанын айта келе, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында телеарна жаңа жобаларды қолға алғанын мәлімдеді.
–Біздің талғампаз көрермен жаңартылған арнамыздың эфирінен күн сайын таңертең «Көкше нұры» бағдарламасын көре алса, облыстың тыныс-тіршілігі жайлы маңызды мәліметтерді «Көкше ақпарат» жаңалықтар жаршысынан біле алады. «Әлеумет» бағдарламасында лауазымды тұлғалармен сұхбат жүргізіліп, «Тіршілікте» шалғай ауылдардың тынысы көрініс табады. Ал, түрлі салаларда жетістікке жеткен нәзік жандылармен сұхбат жүргізілетін «Дамафон» бағдарламасы, «Бойтұмар», «Асар» телемарафондары да патша көңілді көрерменге ұнайды деген сенімдеміз, – деді облыстық телеарна директоры.
Облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының міндетін атқарушы Архат Айбабин, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұл құттықтау сөз сөйлеп, телеарна жұмысына сәттілік тіледі. Бірер апталардан соң телеарна тынысы толығымен жаңа форматқа көшіріліп, ал, желтоқсан айының бірінде, яғни, Тұңғыш Президент
күні мерекесіне орай, телеарна ғимаратында облыс журналистеріне арналған мұражай ашылатын болады.

Венера Ысқақова.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар