«Жерді иесіз еткенге сұрау бар»

Ақмола облыстық жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының басшысы
Талғат Мұхамеджанов:

– Жер – біздің ата-бабамыздан келе жатқан бас-ты байлығымыз. Тіршілігіміз бен тұрмысымыз, тоқтығымыз бен келешегіміз осы жермен байланысты. Сондықтан, көптігіне, кеңдігіне қарамастан, қолда бар жеріміз дұрыс қорғалып, пайдаланылуы керек. Сіздердің басқармаларыңыз осы мақсатта құрылғанын аты да айғақтап тұр. Олай болса, өзіңізбен бүгінгі әңгімемізді оқырмандарымызға әуелі осы мекеме туралы қысқаша, нақты түсінік беріп алудан бастасақ қалай болар еді?

– Бұл өте дұрыс. Өйткені, қазір жасыратыны жоқ, бір саланың өзінде бір терінің пұшпағын илеп, қатар жұмыс істеп жатқан бірнеше құрылымды көресіз. Мәселен, Ақмола облысында бір жер мәселесінде жер қатынастары басқармасы мен жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылайтын біздің басқарма бар. Жұмыстары жер мәселесіне қатысты болғанымен, бұл мекемелердің атқаратын міндеттері әртүрлі. Бірақ, екеуінің де біздің басты байлығымыз – жеріміздің мүддесін қорғайтыны, оның дұрыс сақталып, пайдаланылуына бас-көз болып отырғаны айтпасақ та түсінікті.
Енді нақты біздің басқармаға келсек, 2015 жылы жер мәселесіне қатысты құзыреттердің басым денін жергілікті жерлерге беру туралы Елбасының Жарлығы шықты.
Осыған байланысты бұрынғы аумақтық жер инспекциясының негізінде Ақмола облысының жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы құрылды. Ол инспекция расында, бұған дейін Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер комитетіне қарайтын. Былайша айтқанда, облысқа бағынышты емес еді. Әр ауданда бір-бір өкілі болатын, солардың күш-жігерімен жер заңдылығын бұзу мәселелерін тексеріп, тосқауыл қойып отыратын. Облыстық жаңа басқарманың құрылуымен жер инспекциясының бұрынғы 27 адамнан тұратын штаты 17 адамға дейін қысқартылды. Басқарманың құзыреттерін белгілей келгенде, ауыл шаруашылығы және жеке тұрғын үй құрылысы мақсатындағы жер телімдерін бөлу заңдылығын қадағалау қазіргі Жер ресурстарын басқару комитетінің құзырында қалды.
Ал, бізге Әкімшіліктік құқық бұзушылықтар туралы Қазақстан Рес-публикасы Кодексінің 136-140 баптарында атап көрсетілгендей, жерге мемлекеттік меншік құқығын бұзу, жерді бүлдіру, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді ұтымсыз пайдалану немесе пайдаланбау, жер учаскелері меншік иелерінің және жерді пайдаланушылардың өз жер учаскелерін пайдалану жөніндегі міндеттерін орындамаулары, уақытша иеленіп отырған жерді одан әрі өз мақсатына сай пайдаланбай, жарамсыз күйге келтіру сияқты заң бұзушылықтармен күрес құқы берілді. Заңда ресми түрде қасаңдау жазылғанымен бұл жұмыстың аясы кең. Мәселен, «жерді бүлдіру» түсінігінің өзі сеніп тапсырылған жерге дұрыс қарамау, яғни, оны дұрыс күтімге алмай, тоздыру, арамшөбін қаптатып, балл бонитетінің төмендеуіне әкеліп соқтыру ұғымын білдіреді. Сондай-ақ, өз бетімен белгілі бір жер телімін басып алып, онда өздігінен құрылыс салу, сөйтіп, жерге заңсыз иелік ету көріністеріне де заң аясында біздің басқарма тосқауыл қоюы керек. Яғни, бір сөзбен айтқанда, өз құзыретіміздің аясында ел игілігі саналатын жеріміздің берекеті кетпеуі жолында жұмыла жұмыс істеудеміз. Жер мәселесінде бір қарағанда жеңіл-желпі болып көрінетін, ал, тереңнен бойлай келгенде заң ауқымынан
тіпті де шығуға болмайтын жайлар жиі кездеседі.
Мәселен, даладағы арнаулы белгілерді, яғни, көпшілігіміз елей бермейтін биіктігі шамалы, қысқа ғана бағандарды алып қарайықшы. Олар белгілі бір жер бедеріне қойылған шектеулер. Кейде егістік алқаптары мен шабындықтардың, карьерлердің арасында тұрады. Бұл – жермен жұмыс істейтін заңды және жеке тұлғалар осы баған қойылған шекарадан арғы тұсты өз жеке мақсаттарына пайдаланбаулары керек деген сөз. Онда жер туралы заңдылықты бұзған болып шығады. Олай бола қалған жағдайда, осыны да қалт жібермей, тиісінше шара қолдану міндетіміз. Міне, осындай-осындай ерекшеліктері бар жұмысымызда әңгіме жер туралы болып отырған соң жауапкершілік салмағының да осал еместігі түсінікті болса керек.

– Өзіңіз білесіз, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 35-қадамында ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану мақсатымен оларды нарықтық айналымға енгізу, Жер Кодексіне және басқа да заң актілеріне өзгерістер енгізу қажет деп жазылған. Тұтастай еліміз бойынша алға қойылған осы міндет сіздердің де құзыреттеріңіз тұрғысынан біздің облысымызда қалай іске асырылуда?

– Былтырғы жерге қатысты белгілі жайлар мен осы Ұлт жоспарына орай, Жер Кодексіне енгізілген өзгертулер мен толықтырулардың негізінде енді заңды және жеке тұлғаларға жалға берілген ауыл шаруашылығы жері бес жыл ішінде өзінің бастапқы мақсаты бойынша екі жыл бойы қатарынан пайдаланылмаса, онда ол үшінші жылы бақылау есебінде тексеріс жүргізгеннен кейін сот шешімі арқылы мемлекетке қайтарылып алынады. Біз үшін бұл арада бес жыл тым ұзақ, әрі тиімсіз. Сондықтан, жергілікті жерлер тарапынан Қазақстан Республикасы Жер ресурстары комитетіне бұл мерзімді қысқарту жөнінде ұсыныс енгізілді. Ол ұсыныс қаралып, мәселе оң шешімін табады деп отырмыз. Неге десеңіз, бес жыл ішінде осы жағдаймен айналысуға қаншама басы артық уақыт кетеді. Оның үстіне бір жыл егін себіліп, келесі жылы себілмесе, ол жерді қайтарып алуға тағы құқымыз жоқ. Осының бәрі ұзын-сонарға салып, жерді ала-құла, тиімсіз пайдаланушыларға белгілі бір шара қолдануды ұзаққа создыра береді.
Алайда, бұл қазір осы бағытта жұмыс жүргізілмей жатыр деген сөз емес. Бүгінгі таңда облыс бойынша 100 мың гектар жер қазіргі иелерінен осылай мәжбүрлеп қайтарып алудың аз-ақ алдында тұр. Мұның өзі бір ғана 2015 жылы жүргізілген тексерістердің нәтижесінде анықталған жерлер. Оларды расында бұдан әрі ешбір пайдаланусыз, құлазытып, бос жатқызуға болмайды. Сонымен бірге, 2016-2017 жылдары атқарылған жұмыстардың есесінен келесі және одан арғы жылы тағы да 212 мың гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер мемлекет есебіне қайтарылатын түрі бар. Өйткені, олар да иелері іске жаратамыз деп бір кезде алуын алғанымен, кәдеге асыра алмай немесе асыруға шамалары келмей, тоздыру үстіндегі егіс алқаптары. Біреулер мұны игереміз деп керек етіп отырса, біреулер жай ғана санатта ұстауда. Егер біз сот шешімімен қайтарып алсақ, әрі қарай конкурс, аукцион арқылы жермен жұмыс істеуге ынтасы мен жағдайы бар басқаларына ұзақ мерзімді жалға беріліп, ауыл шаруашылығы айналымына қосылатын болады. «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 35-қадамында атап көрсетілгеніндей, жерді тиімді пайдалану мақсатымен нарықтық айналымға енгізу дегеніміздің өзі осы.
Жалпы, осы Ұлт жоспарының жерге қатысты сіз айтқан қадамдары бір-бірімен тығыз байланысып жатыр. Мәселен, 36-қадамда жер телімдерін мақсатты пайдалану түрін өзгертуге рұқсат алу рәсімдерін жеңілдету, ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалануға мониторинг жүргізу және барлық пайдаланылмай жатқан жерді жекешелендіру үшін мемлекеттік қорға беру туралы айтылады. Бізде осы жерді мониторингілеп, түгендеу мәселелері атқарушы органдардың құзыретінде. Біздің басқарма бұл орайда, өз бетімен тексерістер жүргізе алмайтынын да айтпай болмайды. Былтыр Ақмола облысы әкімінің шешімімен пайдаланылмай отырған ауыл шаруашылығы жерлерін анықтау үшін аудандарда арнайы жұмыс топтары құрылған болатын. Осы жұмыс топтары жергілікті жерлерде біраз олқылықтардың бетін ашып, соның негізінде бізге жолданған өтініштерге сәйкес қысқа мерзімде жоспардан тыс 340 тексеріс жүргізуімізге тура келді. Осы арада әйтеуір, тексеріс туралы сөз қозғағаннан кейін басқарманың жоғарыда айтқандай, өз бетімен тексеріс жүргізуге құқы шектеулі екенін де оқырмандарымыздың біле түскені жөн сияқты. Өйткені, кейде бізге жер мәселесіне байланысты ана шаруа, мына шаруамен келетін адамдардың мұның бәрінен хабары бола бермейді. Сондықтан, Жер Кодексі талаптарының сақталмауы туралы қолымызға арыз-шағым түскенде, жерге өз бетімен иелік ету, жерді бүлдіру сияқты өрескел заң бұзушылықтар орын алған жағдайда оның ақ-қарасына жетуді көздейтін жұмысымыз тек қана заң аясында іске асады. Яғни, бірде-бір тексеріс прокуратура органдарында тіркеліп, заңдылығы қатаң қадағаланып, арнайы рұқсат берілмейінше өтпейді. Тіркелген соң да тексеріс болатыны жайлы жер иелерін жазбаша түрде ескертіп, тек содан кейін ғана жұмысты бастау мүмкіндігіне ие боламыз.
Биылғы жыл басынан бері 299 мың гектар жер осындай тексерістермен қамтылып, жер заңнамасының 244 рет бұзылғаны анықталды. Бұл жерлердің 297 мың гектары ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер болса, қалған 2 мың гектары жеке тұрғын үй құрылысы, басқа да құрылыстар, бір сөзбен айтқанда, коммерциялық нысандарға бөлінген жерлер. Осының бәріне Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы Қазақстан Республикасы Кодексінің тиісті баптары қолданыла отырып, барлығы 17 миллион 600 мың теңге ақшалай айып салынды. Ақмола облысы еліміздің жер көлемі жағынан ең бір ірі, шұрайлы аймақтарының бірі. Аудандар саны бойынша да алдыңғы қатардамыз. Сондықтан, қай өңірлерде жер заңдылығы жиі бұзылады деген сауалдың да туындауы әбден мүмкін. Осы орайда, Атбасар ауданы алдымен ауызға алынбай қоймайды.
Мұнда аудандық прокуратурадан түскен ұйғарым хаттың негізінде біздің басқарма жерді пайдаланудың тиімділігін арттыру мақсатында 134 ауыл шаруашылығы субъектісіне тексеріс жүргізді. 50 мың гектар жерді қамтыған осы 27 тексерістің барысында 14 субъектіге өздерінің иелігіндегі ауыл шаруашылығы жерлерін пайдаланбай, қараусыз қалдырғандары үшін 657 мың теңге мөлшерінде ақшалай айып салынды. Бұған қоса, біздің тарапымыздан пайдаланылмай жатқан 624 мың гектар жер бойынша мемлекеттік кірістер департаментіне салықты 10 есе көбейту жөнінде тиісті материалдар жолданды.
Сондай-ақ, тексерістер жүргізу барысында 15 ауыл шаруашылығы нысанының өз жұмыстарын тоқтатқаны, ал, 13 меншік иесінің жер телімдерін бастапқы мақсаты бойынша дұрыс пайдаланып келе жатқаны белгілі болды. Ал, 31 субъект біздің алдағы уақытта тексеріс жүргізетініміз туралы хабарламамызды алғаннан кейін 14,5 мың гектар алқапта бұған дейін орын алған олқылықтарды түзеген. Яғни, олар бұрын егіншілік саласымен ғана айналысқандықтан, жайылымдықтар бос жатса, енді мал шаруашылығымен шұғылдануға мал сатып ала бастаған. Тағы 7 субъект жергілікті атқарушы органдар мен ауыл шаруашылығы құрылымдары жер заңдылығы нормаларын сақтау қажеттігі туралы түсінік жұмыстарын жүргізу барысында өз жер телімдерін иеленуден ерікті түрде бас тартты. Сөйтіп, осының арқасында 1462 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылып, аукцион арқылы ауыл шаруашылығы айналымына енгізілетін болды. Бұл жоғарыда айтқан бір ғана Атбасар ауданында болған жағдай. Облысымыздың басқа өңірлерінде де жер мәселесінде осы тектес кемшіліктер баршылық. Олармен де осындай жұмыстар жүргізіліп жатыр және ол жұмыс әрі қарай да жалғастырыла бермекші.

– Жаңа бір сөзіңізде салықты 10 есе көбейту туралы айтып қалдыңыз. Оқырмандарымызға осының да мәнісін түсіндіре кеткеніңіз дұрыс болар еді. Сонымен бірге, жер заңдылығын бұзған субъектілерге бүгінгі таңда қандай мөлшерде айыппұл салынуда? Манадан бері айыппұл туралы айтылып жатқан соң, осы жағын да біле отырсақ.

–Облысымыздағы ірі фирмалар мен шаруа қожалықтарына, қайсысына болсын, белгілі бір көлемде жер берілгенде, ол бірыңғай егін себетін алқаптардан ғана тұрмайды. Сонымен қатар, арасында жайылымдық, шабындық жерлер де болады. Жерді бастапқы мақсатында пайдалану шарты бойынша иелері өздері алған бұл жерлерде егіншілікпен бірге, мал шаруашылығын да дамытулары қажет. Біздегі әдетке айналып кеткен бір жағдай, көптеген шаруашылықтар тек жұмыстың жеңіл жағын ғана ойлап, егін егеді де, мал ұстаумен, оны өсіріп көбейтумен шұғылданбайды. Сөйтіп, мал болмағаннан кейін олардың мұнысы маусымдық жұмыс қана болып шығады. Яғни, ондай жерлерге инвес-тиция тартылмайды, халық жұмыспен жыл он екі ай бойы толық қамтамасыз етілмейді. Сондықтан, осыны ескере келе, біздің басқарма жайылымдық жерлердің де қалай пайдаланылатынын назарда ұстап, тексерістер өткізіп тұрады. Міне, жоғарыда Атбасар ауданын мысал етіп айтқанымыздай, қолдарына алдын ала осындай хабарламалар тигенде, жерді алып қоя ма деп қобалжыған шаруашылық басшылары мен шаруа қожалықтары амалсыз мал шаруашылығына да көңіл бөле бастайды. Мұндай жағдайлар бізде бірнеше рет байқалғанын, сөйтіп, осы тексерістердің арқасында жайылымдық жерлер де тиімдірек пайдаланыла бастағанын айта кетсек артықтығы жоқ. Ал, енді тікелей сіздің сауалыңызға келсек, өзіңіз білесіз, шағын және орта бизнесті тексерістермен жөн-жосықсыз мазалай бермеу жөнінде Елбасының арнайы тапсырмасы бар. Осыған байланысты қалай болғанда да жердің дұрыс пайдаланылуына қатысты бұл мәселенің маңыздылығы ескеріле отырып, аудан басшыларының және прокуратура органдарының қатысуымен жергілікті жерлерде түсінік жұмыстары күшейтіліп отыр. Осы орайда, жергілікті әкімшілік пен мемлекеттік кірістер департаменті және біздің басқарма арасында бірлескен меморандум қабылданды. Оның мәнісі мынада. Тексеріс барысында жердің дұрыс пайдаланылмауы орын ала қалған жағдайда, әуелі Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасы Кодексінің тиісті бабы бойынша осыған жол берген жер иелеріне ақшалай айып салынады. Одан соң қашан кемшіліктер жөнге келтірілгенше, төленетін салық мөлшері 10 есеге дейін көбейтіледі. Белгіленген осы үш ай мерзімде жер иелері олқылықты түзетуі немесе қолдарынан іс келіп отырған басқа ірі шаруа қожалықтарымен бірігуі, әйтпесе, өздері кәдеге жарата алмай, қараусыз қалдырған жерден бас тартулары керек. Бұл қолданылып жатқан шара бүгінге дейін өзінің жақсы нәтижесін беріп келеді. Айталық, жермен дұрыс жұмыс істей алмаған заңды және жеке тұлғаларға базалық салық мөлшерін осылай 10 есе көтерудің арқасында бюджетке жыл басынан бері 112 миллион 900 мың теңге қаржы түсті. Мұның ауыл шаруашылығы жерлерін бұған дейін орын алып келген бей-берекет қырсыздықтан қорғаудағы тағы бір тиімді тұсы, Атбасар, Зеренді, Еңбекшілдер аудандарынан 10 субъект өздері игере алмай, тоздырған 16 мың гектар жерден өз еріктерімен бас тартып, ол жерді қайта мемлекет иелігіне өткізді.
Сұхбатымыздың басында айтқанымыздай, Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы Қазақстан Рес-публикасы Кодексінде жерге қатысты 7 бірдей бап, бұл баптардың өзіне тән бірнеше тармақтары бар. Оның әрбіреуінде жердің өз мақсатында дұрыс пайдаланылмауы, яғни, оны тоздыру, бүлдіру әрекеттерінің сипаты мен ауырлығына қарай жеке тұлғаларға, коммерциялық емес ұйымдарға, шағын және орта бизнес өкілдеріне салынатын салықтың нақты мөлшерлері көрсетілген. Олардың ең азы 20 айлық есептік көрсеткіштен басталып, ірі ауыл шаруашылығы субъектілеріне 700 айлық есептік көрсеткішке дейін барады. Міне, әртүрлі мөлшердегі осы ақшалай айыптың бәрін біз жермен дұрыс жұмыс істемейтін жеке және заңды тұлғаларға кеңінен қолданып келеміз. Әрине, кінәлілерге жалғыз салық салумен іс бітпейді. Бұл арада, тіпті, ірі жер иеленушілер біз айтып отырған бұл салық мөлшерлерін шыбын шаққан құрлы көрмеулері де мүмкін. Дегенмен, қолда бар барлық тетіктерді іске қоса отырып, жерді, соның ішінде ауыл шаруашылығы жерлерін тиімсіз пайдаланушылармен күресті ешбір тоқтатпауымыз керек. Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар тарапынан әсіресе, соңғы уақытта белсене қолға алынған осы жұмыстардың азды-көпті нәтижесі қазірдің өзінде білінбей қоймауда.

– Сөзіңіз аузыңызда, олай болса, біздің Ақмола облысында да жалпы алғанда осы бағытта бүгінге дейін ауыз толтырып айтар қандай ілгерілеушіліктер барын бір қорытындылап, саралап алсақ.

–Біздің облыстың жер аумағы барлығы 14,6 миллион гектарды құрайды. Соның ішінде ауыл шаруашылығы жерлері 10 миллион 782 мың гектарға немесе бүкіл жер аумағының 74 пайызына тең. Мұның 5,7 миллион гектары егістік, 4,5 миллион гектары жайылымдық жер. Ауыл шаруашылығы жерлерін тиімділікпен, үнемді пайдалану мақсатында 2012-2014 жылдары осы бағыттағы жерлердің бәріне инвентаризациялау, яғни, түгендеу жұмыстары жүргізілді.
Оның қорытындысы бо-йынша ауыл шаруашылығы мақсатындағы 1 миллион 110,3 мың гектар жердің ешбір пайдаланылмай, құр босқа жатқандығы анықталды. Бұл – ешкімнің 613 мың гектар егістік алқаппен және 490,2 мың гектар жайылымдық жермен ісі болмаған деген сөз. Осыны әрі қарай тағы да тарқата түссек, 2012 жылы – 530,9 мың гектар, 2013 жылы – 406,2 мың гектар, 2014 жылы – 173,2 мың гектар жер игерілмей бос қалып отырған. Ол рас та. Облыс бойынша арамшөп басып, құлазып жатқан талай жерлерді көзіміз көрді. Әлі де көріп қаламыз. Кезінде оларды әркім, соның ішінде ірі шаруашылықтар да алуын алғанымен, әртүрлі себептерге байланысты игермей, осылай керексіз қалдыра берген. Бұл алқаптар біріншіден, жер қадіріне жете бермейтінімізді көрсетеді. Екіншіден, осы жеріміздің көптігінен бе екен, жауапкершілігіміздің де діттегендей еместігі тағы бар.
Дегенмен, бертін қолданылған нақты шаралардың арқасында 264,7 мың гектар жер мемлекет иелігіне қайтарылды. Оған қоса, 653,5 мың гектар алқап егіс айналымына қайта енгізіліп, пайдаланылмай, бос жатқан жерлердің көлемі айтарлықтай қысқартыла түсті. Өздеріңіз білесіздер, кешегі кеңес заманында мұндай бірде-бір гектар бос жерді көрмейтінбіз. Кейін жерге жүргізілген реформалар барысында өкінішке орай, осындай олқылықтар пайда болды. Қазір мұның өзі егіншілік саласына, соның ішінде пайдаланылатын егістік алқаптардың көлеміне айтарлықтай нұсқан келтіріп отыр. Биыл облыста 4,3 миллион гектар алқапқа дәнді дақылдар орналастырылып, 5 миллион тоннадан астам астық жиналды. Ал, егер кей жерлер бос жатпай, барлық алқаптар іске жаратылған болса, облыс бойынша егін себілген егістіктің көлемі де, соған орай, өндірілетін өнім де жоғарыдағыдан әлдеқайда артық болар еді. Енді осы қайтарылып алынып жатқан жерлердің дұрыс иесін тауып, нақты қайтарым бергені керек. Бұл арада жұмыс, жер пайлары дегендей, ауылдардың да есесі кетіп қалмағаны жөн.
Сөзіміздің басында басқарма құрылыс нысандарына бөлінген жер телімдерінің де өз мақсатына сай пайдаланылуына бас-көз болып келеді деген едік. Соңғы екі жыл аралығында осы бағытта жүргізілген тексерістер бұл орайда да 546 гектар жердің дұрыс игерілмей отырғанын айғақтап берді. Сөйтіп, анықталған бұл кемшіліктер бойынша да кінәлілерге 327 ұйғарым шығарылып, 16,9 миллион теңге көлемінде жер салығы салынды. Жалпы, алдағы уақытта іс мұнымен бітпей, 2015-2016 жылдары берілген осындай ұйғарымдар бойынша орын алған олқылықтар әрі қарай жалғаса берсе, көлемі 131 гектарға тең 51 жер телімі де келесі, арғы жылдарда мемлекетке қайтарылып алынуы мүмкін. Бүгінгі таңда жалпы аумағы 5,9 гектар 8 жер телімі қайтарылса, тағы 9,3 гектар жерге қатысты бірнеше әкімшілік іс сотта қаралуда. Бұл да болса, тұрғын үй, тағы басқа құрылыстар салуға жер телімдері барларды осы жер заңдылығының сақталуына неғұрлым жауапкершілікпен қарауға міндеттейтіні анық.

– Біздің өзіңізбен осы сұхбатымыздың барысында манадан бері жауабын білсек деп отырған тағы бір өте күрделі сауалымыз бар. Ол – өткен жылдар бедерінде ауыл шаруашылығы жерлерінсіз, сонымен бірге, пайсыз қалған талай ауылдар мен ондағы қаншама тұрғындардың өздерін тақырға отырғызып кеткен тұрлаусыз фирмаларға жем болған мұң-зарлары.

– Сөзіңіздің төркінін бірден түсініп отырмын. Бұл арада әңгіме пай иелерінің келісімінсіз олардың жерлерін сырттай екінші деңгейдегі банктерге кепілдікке қойып жіберу туралы болып отыр ғой. Иә, бұл бүгінгі таңда жер мәселесіндегі ең өткір проблемалардың бірі, тіпті, бірегейі десе де болады. Былтырғы Жер Кодексіне байланысты ел көлемінде өткен үлкен жиындарда да пайшылар тарапынан бұл мәселе көп көтерілді. Сондықтан, Үкімет пен Парламент те, жергілікті атқарушы органдар да бұл жағын жақсы біледі.
Мәселен, талай жерді шулатқан «Богви» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Еңбекшілдер ауданы бойынша халықтың 106 мың 880,5 гектар жерін тұрғындардың өз ықтиярынсыз сырттай банкке кепілдікке қойып, соның есесінен несие алған. Осы жағдай «Богви Агро» фирмасымен Зеренді ауданында да қайталанып, 6851 гектар жер көкпарға түсіп кете барған. Қазір бұл жерлер де ептеп мемлекет меншігіне қайтарылып жатыр. Дегенмен, осының салдарынан біраз егістік алқаптарының тағдыры әлі күнге шешілмей, иесіз, құр жатқанын мойындау керек. Оларды талан-таражға салған фирма болса, соттың шешімімен банкрот болып танылған. Тұтастай осы ауылдар мен тұрғындарға келсек, пайларынан айырылған халықтың да, күтімсіз жердің де жағдайы көңіл көншітпейді.
Солай бола тұра, қазір жоғарыда айтқанымыздай, бұл мәселеде де сең қозғалған. Сондықтан, ол көп созылмай, түпкілікті шешіледі деген үміттеміз. Ал, енді Зеренді ауданындағы «Нұр Астана» сияқты фирмалармен тоқсаныншы жылдардың орта тұсында орын алған осындай жағдайларға да өз тарапымыздан ара түскенімізбен, сот бізді сол кездегі жәбірленуші жақтың мүддесін қорғай алатын аумақтық жер инспекциясының заңды мұрагері ретінде танымады. Дегенмен, осының өзінде басқарма басқа да мүдделі орындармен бірлесіп, жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылауды өз құзыреті шеңберінде тынбай жүзеге асыруда. Жылдық бюджетіміз көп емес, 48 миллион теңге. Ал, өткен тоғыз айда өзімізге жүктелген міндет үдесінен шыға отырып, мемлекетке түсірген кірісіміз бұдан екі-үш есе артық. Яғни, әу баста осындай басқармаларды құрғандағы мақсат қазір өзін-өзі ақтап отыр деп сеніммен айтуымызға болады. Бірақ, бұл арада осы елдің патриоты болғаннан кейін біз үшін салынған сол айыппұлдардан да, бүгінгі жер иелерінің өздері алған осы жер телімдерін дұрыс игеріп, мемлекетке де, өздеріне де белгілі бір қайтарыммен жұмыс істегендері қымбат. Бұл үшін ең алдымен бәріміз жер киесі, жер қадірі деген ұғымды естен шығармауымыз керек. Сонда ғана жер мәселесінде біз күткендегідей, белгілі бір тәртіп орнайтыны анық. Ал, әзірше сол жерді иесіз еткендерге сұрау жоқ емес, бар. Мұның өзі бүгінгі таңда бүкіл қоғамымызды толғандырған ең бір жанды, нәзік мәселе екенін ескерсек, бұл сұрау, бұл талап алдағы уақытта да күш ала түспесе, босаңсымауы тиіс. Біз де сайып келгенде, осыны қалаймыз.
– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбатты жүргізген Қайырбай ТӨРЕҒОЖА.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар