Финдердің әлеуметтік қорабы

жаңа туған сәбилерге көп көмек

Кез келген мемлекетте ана мен балаға, демографиялық өсу мәселелеріне ерекше көңіл бөледі. Қазақта «әр елдің салты басқа, иті қара қасқа» деген аталы сөзі бар емес пе? Сол секілді дүниежүзінде қаншама ел болса, солардың әрқайсысы ана мен балаға тиісті көмегін береді. Жақында Финляндияның болашақ аналарға беретін әлеуметтік қорабы жайлы мақаланы оқып, қызықтым. Осындай бір реттік әлеуметтік қорапты біздің елде де қолға алса, болашақ аналарға қаншама көмек болар еді…

Бұл не қылған әлеуметтік қорап дейсіздер ғой. Фин елінде дүниеге жаңа келген балаға мемлекет арнайы әлеуметтік қорап сыйлайды екен. Бізде бала дүниеге келгенде төленетін бір реттік жөргекпұл жәрдемақысы бірінші, екінші, үшінші балаға дейін 67 мың теңге шамасында. Оның өзін перзентханадан шыққаннан кейін, бірнеше күн өткен соң ресми өтініш беріп, шамамен бір ай өткен соң аламыз. Ал, жоғарыда аталған әлеуметтік қорапты бала дүниеге келген соң перзентханаға әкеп берулеріне баланың анасы немесе әкесі тапсырыс бере алады екен. Қандай жақсы дәстүр. Әсіресе, жас отбасылар үшін бұл үлкен көмек.
Осы әлеуметтік қорапқа салынатын бала мен анаға қажетті заттардың, киім-кешектің құны бір реттік берілетін жәрдемақыдан шамамен 1,5 есе көп екен. Тіпті, кейбір отбасылар осындай балаға қажетті алғашқы заттар мен бұйымдарды, киім-кешектерді өздері алуға қалталары көтере алмай жатады. Себебі, қазіргі таңда үлкендердің киім-кешегіне қарағанда, кішкентай балалардың заттары қымбаттырақ. Мәселен, базарға барып кішкентай сәбидің бір шұлығының бағасын сұрасаңыз – 500 теңге. Бұл жазда киетін жұқа шұлықтың бағасы. Ал, егер қыс мезгіліне қажетті жылы киімдерінің құнын сұрасаңыз, бағасы үлкендердің киімімен бірдей. Қымбат деп қанша ашуланасыз да, сәбиіңізге қажет болғандықтан бағасына да қарамайсыз, аласыз.
Енді, қораптың ішіндегі заттарға тоқталсақ. Оның түбінде қорапқа шақтап жасалған кішірек матрасы болады. Бұл кездейсоқтық емес. Өйткені, қораптың өзі осы әлеуметтік сыйлықтың, яғни, көмектің негізгі құралы екен. Себебі, кішкентай нәрестелер ең алғашқы айларын осы қораптың ішінде өткізеді. Тәжірибеге сай, осындай қорапқа жатқан балалардың ұйқысы жақсы болып, Финляндияда бала өлімінің көрсеткіші айтарлықтай төмендепті. Содан бері олар бұл қорапты нәресте туғанда ең қажетті көмек деп есептейді. Бұл ерекше дәстүрді финдіктер сонау 1930 жылдардың басында-ақ қолға алыпты. Алғашқыда бұл қорап кедей, тұрмысы нашар отбасылардың балаларына беріліпті. Бірақ, уақыт өте келе жағдайы мен тұрмысы жақсы отбасылар да бұл қораптың берілуіне өз өтініштерін білдіре бастаған. Осылайша финдіктер оны барлық жаңа туған балаларға олардың отбасылық әлеуметтік деңгейіне қарамастан түгел бере бастаған.
Әлеуметтік қораптарды алғаннан кейін жоғарыда атап өткеніміздей, Финляндияда бала өлімі төмендеген. Мәселен, ол кезде фин елінде 1000 баланың 65-і туғаннан кейін шетінеген болса, бұл көрсеткіш Еуропа бойынша ең көп бала өлімі бар мемлекет деп көрсетіліпті. Осы қораптың арқасында финдіктерде бала өлімі азайып, мұны жақсы дәстүр ретінде сақтап қалыпты.
Бұл күнде финдік аналарға екі түрлі қорап ұсынылады екен. Алғашқысы балаға қажетті барлық бұйымдары салынған қорап болса, екіншісі қызғылт әлеуметтік жәрдемақы деп аталатын белгілі бір мөлшердегі ақшалай көмек екен. Осының алғашқысын финдіктердің 95 пайызы қолдайтыны күнделікті тәжірибеден-ақ дәлелденген. Біріншіден, бұл қораптың ішіндегі заттар балаларға берілетін жәрдемақыдан қомақтырақ болса, екіншіден, бұл аналардың базарда, сауда орындарында жүріп қажеттісін сатып алуларына уақыт үнемдеуге мүмкіндік береді. Жыл сайын бұл қораптың түсі мен ішіндегі киім-кешектердің, заттардың түр-түсі ауысып, заттар уақыт талабына сай өзгеріп отырады.
Бұрындары қораптың ішіне маталар салынып, кейін аналары өздері сәбиіне қажетті киімін тігіп алатын болса, қазір дайын иткөйлектерден бастап, алғашқы айларда кигізетін киім-кешегі болады. Сонымен бірге, қораптың ішінде міндетті түрде бірнеше мәрте қолдануға болатын жөргектер салынады екен. Бір айта кетерлігі, мұнда баланы тамақтандыруға арналған бөтелке салынбайды екен. Себебі, Финляндияда мемлекет тарапынан баланы ана сүтімен қоректендіру мәселесі алдыңғы орынға қойылып, зор мән беріледі. Осындай әлеуметтік қорап біздің елде де қолға алынса, не болмаса балаға қажетті барлық заттарды алуға болатындай бір реттік жәрдемақыны көбейтсе, жас отбасылардан бастап, қазақтың санын көбейтемін деген аналарға үлкен көмек болары сөзсіз деп ойлаймын.

Ырысалды ШАМШИЕВА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар