Берері мол бағдарлама

Мемлекет басшысының тапсырмасымен өңірімізде жыл басынан бері жүзеге асырылып келе жатқан «2017-2021 жылдарға арналған өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы өз нәтижесін бере бастады.

Облыстық жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Дина Ахметжанованың айтуынша, аталмыш бағдарламаның бірінші бағыты аясында алты мыңнан астам адамды оқумен қамту, оның ішінде 1221 адамды техникалық және кәсіптік оқыту жоспарланған. Осыған сәйкес биылғы жылдың 1 қыркүйегінен бастап 1190 адам колледждерде білім алуда. Отыз шақты адам өткен жылдардағы оқуын жалғастырып отыр. Сондай-ақ, бес мыңнан астам адамды қысқа мерзімде оқыту жоспарланған. Қазір олардың 55,3 пайызы оқумен қамтылды. Бағдарламаның екінші бағытында жаппай кәсіпкерлікті дамыту қарастырылған. Осы орайда, қатысушылар «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерліктің негізін оқиды. Сондай-ақ, мемлекет тарапынан қала мен ауылдардағы кәсіпкерлердің бастамасы қолдау табады. Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Досхан Әміренов өз сөзінде «Бастау Бизнес» жобасы бойынша алты жүзден астам адам оқытылғанын, 380 қатысушы шағын несие алғанын атап өтті. Мәселен, Бұланды ауданының орталығында тұратын 3 топтағы мүгедек Айтұрсын Ахметова аталмыш бағдарламаға қатысу үшін аудандық жұмыспен қамту орталығына жолығып, кеңес алды. Кейін қажетті құжаттар пакетін жинап, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерліктің негізін оқыды. Сертификат алғаннан соң өз ісін ұлғайту үшін шағын несие алуға өтінім берді. Оның бизнесін ұлғайту жөніндегі жобасын «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы мақұлдап, екі миллион теңге шағын несие берді. Қажетті дайындық жұмысынан кейін Айтұрсын Ахметова шағын фото салоны мен шағын баспахана үшін қондырғылар сатып алды. Бір жұмыс орнын ашты.
– Жалпы кәсіпкерлікті дамытуға республикалық бюджет есебінен және жалпы трансферттер шеңберінде биылғы жылы Ақмола облысына 2,9 миллиард теңге бөлінді. Оның 2,1 миллиард теңгесі ауылдарда, 590,8 миллион теңгесі қала мен шағын қалаларда шағын несие беруге бағытталды. Қаржы «Даму» қорына аударылды. Аталмыш қор қаржыны екінші деңгейлі алты банкке беру үшін келісім-шартқа отырды. Қазір бұл қаржы игерілуде. «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқытуға 18,1 миллион теңге бөлініп, бұл қаржы «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы аясында берілген несиелерді субсидиялауға жұмсалды. Ауылдағы шағын несиелерді кепілдендіруге 210,9 миллион теңге, бұл мақсатқа қалаға 70,9 миллион теңге бағытталды. Селолардағы шағын қаржы ұйымдарының операциялық шығынын субсидиялауға 31 миллион теңге бөлінді,– дейді Досхан Әміренов.
Бағдарламаның үшінші бағытында тұрғындарды жұмыспен қамтуға және еңбек ресурстарының жеделдігіне ықпал ету арқылы еңбек нарығын дамыту қарастырылған. Осы орайда, жастар тәжірибесіне 409 адамды жіберу жоспарланған. Бұл көрсеткіш артығымен орындалыпты. Көкшетау қаласы бойынша қалалық бюджет есебінен жастар тәжірибесіне 112 адам жіберілген. Жұмысқа орналасу кезінде жастар көбіне тәжірибенің жоқтығы тәрізді проблемамен кездеседі. Ал, бірнеше айдағы жұмыстың өзі адамға бастапқы тәжірибе жинақтауға көмектеседі. Бұл жағдайда жастар тәжірибесі жоғары оқу орны, колледж, кәсіптік лицей түлектерін қолдаудың қосымша шарасы болып табылады. Мысалы, Марина Богачева «Есеп пен аудит» мамандығы бойынша диплом алғаннан кейін Шортанды аудандық тұрғындарды жұмыспен қамту орталығына хабарласқан. Орталық мамандары оны Дамса селосындағы арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына өз мамандығы бойынша жастар тәжірибесінен өтуге жібереді. Жарты жылдың ішінде ол өзін жақсы қырынан көрсетіп, осы мекемеде тұрақты жұмыс істейтін болды. Марина Богачева өз сөзінде жас мамандар үшін жастар тәжірибесі бірінші кезекте біліктілік пен бастапқы жұмыс тәжірибесін алу мүмкіндігін тудыратынын, онсыз жұмыс орнына үміткер өзге мамандармен бәсекеге түсе алмайтынын айтты. Жұмыс беруші өз кезегінде ешқандай шығынсыз-ақ болашақ еңбеккердің іскерлік сапасын тексеріп, ең лайықты маманды таңдай алды. Сондай-ақ, биылғы жылы әлеуметтік жұмыс орындарымен 495 адамды қамту жоспарланса, алты жүзден астам адам жіберілген. Инфрақұрылымдарды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту есебінен жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету аясында 169 адам, оның 90-ы жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмысқа орналастырылды. Мәселен, жұмыссыз жүрген Изобильный селосының тұрғыны Сәуле Сүлейменова Степногорск қалалық тұрғындарды жұмыспен қамту орталығының мамандарына жолығып, бағдарламаның екінші бағытына қатысуға ниет білдірді. Маманның кеңесінен кейін шағын несие алуға өтінім берді. Құжаттар пакетін толық жинап, жобасын қорғаған үміткер Көкшетау қаласындағы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамының филиалына жіберілді. Мұнда ол банктен 6 миллион теңге несие алып, 21 бас ірі қара сатып алды.
«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы Ақмола филиалы директорының орынбасары Абзал Кенжеахметовтың айтуынша, облыста қордың қатысуымен 38 кооператив құрылып, бір мыңнан астам шағын шаруашылықтар біріктірілген. Оның 25-і сүт, 13-і ет бағытында жұмыс істейді. Өңірде кооперативтерді және олардың қатысушыларын қаржыландыруға 700 миллион теңге қарастырылған. Жалпы, облыс бойынша барлық несие бағдарламалары арқылы 2 миллиард теңгеге жуық қаржы ауыл жобаларына бағытталды. Бұл жұмыс «2017-2021 жылдарға арналған агроөнеркәсіптік кешенді дамыту», сондай-ақ, «Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламалары аясында жүзеге асырылуда. Кооператив мүшелерінің кепілдігі бойынша сүт және ет бағытына несие беріледі.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Мұрат Балпан өз сөзінде бұл бағдарламаны жүзеге асыруға ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту көп септігін тигізетінін атап көрсетті. Осы орайда, облыс бойынша 91 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылған. Оның 47-сі ет, өзгесі сүт бағытында. Ең көп кооператив құрған Ерейментау, Зеренді, Жақсы аудандарын атап өткен жөн. 1054 қатысушыны қамтитын ет бағытындағы кооперативтердегі ірі қараның саны 2915 басты құрайды. Сондай-ақ, несиелік қаржы есебінен 1212 бас ірі қара сатып алынды. Бүгінгі таңда бұл кооперативтер 320 тонна ет өткізді.
Сүт бағытындағы кооперативтер мыңнан астам қатысушыны біріктіреді. Оның ішінде 117 қатысушы несие алып, 1198 бас сиыр сатып алды. Жалпы бұл кооперативтерде төрт мыңға жуық ірі қара бағылады. Сүт өңдейтін кәсіпорындарға 8 мың тонна сүт тапсырылды. Келесі бағыт 3040 бас ірі қара сатып алып, отбасылық мал бордақылау алаңдарын ашу болып табылады. Бүгінгі таңда бұл жоспар 96,5 пайызға орындалды. Жоспарды Степногорск қаласы мен Шортанды, Бурабай, Атбасар, Еңбекшілдер, Сандықтау, Жақсы, Целиноград, Ақкөл аудандары асыра орындағанын атап өткен жөн. Ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту аясында 3303 сиыр сатып алынды. Бұл бағытта Зеренді, Атбасар, Еңбекшілдер аудандарының көрсеткіші жоғары. Биылғы жылы облыс бойынша 8 сүт таситын автокөлік, бір мал азығы цехы, 1 рефрижератор сатып алынды. Бурабай ауданының Кенесары ауылында тұратын жеке кәсіпкер аудандық тұрғындарды жұмыспен қамту орталығына келіп, бағдарламаның екінші бағытына қатысуға тілек білдірді. Мамандардың кеңесінен кейін «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамынан мал шаруашылығын дамыту бойынша жұмыс істеп тұрған бизнесін ұлғайту үшін 18 миллион теңге несие алды. Бұл қаржыға сүт салқындатқышы бар сиыр сауу залын, шөп артатын трактор, 5 бас қашар сатып алды. Оның үстіне екі жұмыс орнын ашты.«Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы 2021 жылға дейін жалғасып, өңір тұрғындарының жағдайын жақсартуға өз септігін тигізетініне сенім мол.

Рамазан Тілеуов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар